Безеуге қарсы жапсырмалар жайлы естідіңіз бе?

Безеуге қарсы жапсырмалар — терідегі жағымсыз қабынуды емдеудің бір әдісі. Оны дұрыс таңдасаңыз және қолдансаңыз, ол жақсы нәтиже береді. Оның теріде білінбейтін түрлері бар. Ал ерекше пішіндегі түрін макияжға толықтырма ретінде пайдалануға болады. Мұндай жапсырмаларды бұрын естімеген болсаңыз немесе қолданып көрмесеңіз, оны қай кезде және қалай қолдану керегін айтамыз.

Безеуге қарсы жапсырма дегеніміз не?

Безеуге қарсы жапсырмалардың құрамында безеудің жылдам жазылуына және оның өлшемінің кішіреюіне ықпал ететін заттар бар. Безеудің не үшін шығатынын мына материалдан оқи аласыз. Жапсырма безеуді шұқуға немесе сығуға кедергі келтіреді. Егер безеуді сығып тастасаңыз, қабыну ұлғайып, оның жазылу уақыты созыла береді. Сондай-ақ мұндай жағымсыз әдет бактериялардың таралу және безеу орнының қалып қою қаупін арттырады.

Безеуге қарсы жапсырмалардың құрамында не бар?

Безеуге қарсы жапсырмалардың құрамынан қабынумен күресуге бағытталған әртүрлі ингредиенттерді кездестіруіңіз мүмкін. Солардың бірі — гидроколлоид: ол теріні ылғалдандыруға және безеудің жылдам жазылуына арналған ортаны түзуге бағытталған. Гидроколлоидты жапсырмада томпайып тұрған безеудің ішіндегі ылғалды шығаруға көмектесетін сіңіргіш ингредиенттер бар.

Безеуге қарсы жапсырмалардың құрамынан кездестіруіңіз мүмкін тағы бір компонент — шай ағашының майы. Ол терідегі ұсақ тесіктерге терең кіріп, артық майды кетіреді. Осылайша, безеудің жазылуына ықпал етеді.

Әдетте, безеуге қарсы көптеген құралдар теріні тітіркендіріп, құрғатып жібереді. Бірақ олардың құрамындағы гиалурон қышқылы оны болдырмайды. Сондықтан егер теріңіз құрғақ әрі сезімтал болса, құрамында гиалурон қышқылы бар жапсырмаларға мән беріңіз.

Сондай-ақ безеуге қарсы жапсырмалардың құрамында тотарол болуы мүмкін. Ол — бактериялардың дамуы мен көбеюінің алдын алатын өсімдік негізіндегі консервант.

Жапсырмалар қандай безеулерге тиімді?

Олар тек нүктелік емдеуге арналған және ұсақ тесіктердің бітелуінен пайда болған ақ безеулерді емдеуге жақсы келеді. Бірақ кей түрлерін қызыл және ауыратын безеулерге де қолдануға келеді. Жапсырмалар қара нүктелерден арылуға көмектеспейді.

Егер бөртпе көптеген кішкентай қызыл төмпешіктерге ұқсас болса, дерматологқа қаралған жөн. Өкінішке орай, олармен безеуге қарсы жапсырмалар күресе алмайды.

Безеуге қарсы жапсырмаларды қалай қолдану керек?

Жапсырмалардың көпшілігін олар әсер ету үшін бірнеше сағат бойы жабыстырып жүру керек. Сондықтан оларды ұйықтар алдында жабыстырып алған дұрыс. Егер ол білінбейтін материалдан жасалған болса немесе сәндік пішінге ие болса, оны күндіз де жабыстырып алуға болады.

Жапсырманы тек тазартылған құрғақ теріге жабыстыру керек. Әйтпесе, ол ұзақ тұрмайды. Жапсырма безеуді тұтастай жауып тұратындай үлкен болуы керек. Міндетті түрде нұсқамасымен танысыңыз: әртүрлі өндірушілерде жапсырманы теріде қалдыру керек уақыты түрліше мүмкін.

Безеуге қарсы жапсырмаларды қолданудағы жиі кездесетін қателік — оны ерте алып тастау. Бұл олардың әсерін әлсіретеді. Жапсырманы ол толықтай ақ болғанда немесе жабысқақтығын жоғалтқан кезде алуға болады. Жапсырманың үстіне тональді крем немесе консилер жақпаңыз.

Жапсырманы қандай кезде қолдануға болмайды?

Теріңіз аллергияға бейім болса, абай болыңыз. Жапсырманы алдымен қолдың бүгілетін жеріне жабыстырып, содан соң аллергиялық реакцияға тексеріңіз.

Жасырманы спортпен айналысарда немесе терлететін басқа да физикалық жүктемелер кезінде қолданбаңыз: ол өзінің жабысқақ қасиетін жоғалтады.