Диетолог-дәрігер Майкл Мосли "5:2 жылдам диетасы" кітабында арықтауға көмектесетін тамақтану жүйесі жайлы жазады. Бұл кітап бірден бестселлерге айналды. Себебі кітапта қатты шектеусіз артық салмақтан арылудың жолы жазылған.
"5:2 диетасы" дегеніміз не?
Майкл Мосли әдістемесі бойынша қандай да бір қатаң ережелер мен тыйымдар жоқ. Аптасына бес күн әдеттегідей тамақтанасыз, ал қалған екі күн рациондағы құнарлықты 500 калорияға дейін азайту керек. Тамақтанудағы мұндай арасында ғана болатын шектеу ағзаға минималды күйзеліс түсіреді, сондықтан да жылдам болмағанмен, тұрақты арықтауға ықпал етеді. Әдіс авторының айтуынша, орташа есеппен аптасына 0,5-1 кг тастауға болады. Сондай-ақ аптасына 2-3 рет физикалық жүктемеге уақыт бөлсеңіз, 2,5 аптада 1 кг майдан арылуға болады.
Қарапайым күндері қалай тамақтану керек?
Қарапайым бес күнде шектеу болған күннің орнын толтыруға немесе тойып тамақ жеуге болмайды. Бұл күндері әдеттегідей, одан аз да, көп те емес тамақтану керек. Әрине, егер рационға көбірек көкөністер мен ақуыз қоссаңыз, ол арықтау процесіне тек пайдасын ғана тигізеді. Бұл бес күнде сіз диета ұстамайсыз, яғни, не жегіңіз келсе, соны жей бере аласыз. Бұл арқылы психологиялық тұрғыда тамақтану жүйесін ұстану оңайға түседі. Себебі ешқадай тыйым жоқ екенін білесіз. Бұл диетаны бұзып жіберуді және одан кейін өзіңізді кінәлі сезінуді болдырмауға көмектеседі.
Қалған екі күн қалай тамақтану керек?
Дәрігер Майкл Мосли қалған екі күнде тамақ құнарлылығын 500 калориядан асырмау керегін айтады. Мысалы, таңғы ас 200 калория, ал түскі ас пен кешкі ас 150 калориядан болуы керек. Бұл күндері, мысалы, екі жұмыртқа мен көкөністерден тұратын омлет, салат пен сүзбе жей аласыз. Аш жүрудің қажеті жоқ. Сондай-ақ екі күн қатарынан диета ұстамаған жөн. Арасына күн салып, бастысы, аптасына екі күн 500 калориядан аспайтын тамақ жесеңіз болғаны.
"5:2 диетаның" пайдасы
Өзіңізге жеңіл тамақ жейтін күндер ұйымдастырып тұру ағзаға жағымды әсер етеді. Арықтауды мақсат етпесеңіз де, аптасына 1 немесе 2 рет жеңіл тамақтану ми жұмысын жақсартады, жүрек-қан тамырлар ауруларының алдын алады, холестерин мөлшерін азайтады және қандағы қант деңгейін реттейді. Мұндай күндері тек алма немесе қияр жеп, айран ішіп өткізуге де болады.