Жапондардың жастық құпиясы неде?

Жапондар да тамақ жегенді жақсы көреді, дегенмен олардың арасынан семіздікпен ауратын адамды кездестіру қиын. Арық болу, ағзаның төзімділігі «қанмен келеді» деген пікір бар. Бұл – қате. Себебі күн шығыс елінің тұрғындары да кез келген адам сияқты артық салмақты тез жинайды. Демек құпия басқа нәрседе.

Жапонияда күріш, балық, соя, теңіз өнімдері мен көкөністер өте көп желінеді. Бір қарағанда олар жейтін тағам түрлерінің саны шектеулі көрінуі мүмкін. Алайда жапондардың мәзірі еуропалықтарға қарағанда әлдеқайда бай.

Әлемдегі ең қарт кісілердің бірі саналатын Дзироэмон Кимураның айтуынша, ұзақ өмір сүрудің құпиясы - тамақтануда. Ол өмір бойы тағамды аз-аздан жеп, сәл аштау күйінде дастарқаннан тұрып кетеді. 10-20 минуттан кейін тойғанын сезеді.

Жапондар күрішті қайнатып не буға пісіреді. Қайнаған күріш дәмін де, құрамындағы пайдалы заттарды да сақтап қалады. Сондай-ақ олар кетчуп, майонезді өте сирек қолданады. Оның орнына соя секілді табиғи тұздықтарды алуды жөн көреді.

Жапондардың арық болуының басты себебі – нан жемеуінде. Таңғы асқа құймақ, уыздық жемейді. Оның орнына күріш, сорпа, балық дайындайды. Сусын ретінде көк шай ішкенді ұнатады.

Десертке келетін болсақ, жапондар олардан бас тартпайды. Керісінше, өте жақсы көреді екен. Бірақ басқа елдегідей күн ара емес, өте сирек және аз-аздан жейді.

Сонымен қатар олар бір орында отырмай, көп жүру керек деп түсінеді. Көліктің орнына велосипед айдап, лифттің орнына баспалдақты пайдаланып, денсаулығын мықты қалпында ұстауға тырысады.

Ал сіз мұндай салтпен өмір сүре аласыз ба?