2019 жылдың үздік диеталары

2019 жылдың үздік диеталары
Фото: zzpned.nl

Тамақтану саласындағы халықаралық сарапшылар ең үздік диеталар рейтингін жасап, оны U.S. News журналына жариялады. Диетологтар, дәрігерлер және ғалымдар 41 тамақтану жүйесін бағалап, олардың арасынан ең үздіктерін таңдаған. Үздіктер қатарына кірген 5 диетаны ұсынамыз.

1. Жерорта теңіздік диета

Рационның негізіне көкөністер, жемістер, бұршақтар, жаңғақтар, зәйтүн майы, тұтас дәнді өнімдер және балық енеді. Құс, жұмыртқа, ірімшік және йогурт орташа мөлшерде, ал тәттілер мен қызыл ет өте сирек қолданылады.

Артықшылығы: Жалпы денсаулыққа пайдасы: 4,9 балл (5 балдық жүйе). Ол диабет және жүрек-қан тамырлар ауруларына пайдалы үздік диеталар қатарына кіреді.
Кемшілігі: Диета кезінде жеуге ұсынылатын өнімдердің бағасы қарапайым адам үшін қымбаттау, бірақ сарапшылар "орташа" деп есептейді.

2. DASH

Бұл диета АҚШ-та танымал. DASH сөзі – Dietary аpproaches to stop hypertension деген ұғымның қысқартылған нұсқасы. Ол "жоғары қан қысымын емдеудің диетологиялық әдісі" деп аударылады. Мұндай тамақтану жүйесіне көкөністер, жемістер, майсыз сүтті өнімдер, майсыз ет, теңіз балығы, жаңғақтар, бұршақтар және өсімдік майлары кіреді. Ал тұз, кілегей майы және майлы етті өте аз қолдану керек.

Артықшылығы: Жалпы денсаулыққа пайдасы: 4,8 балл. Ол жүрек-қан тамырлар ауруларын алдын алуға арналған ең жақсы диета деп саналады.
Кемшілігі: Арықтауға аса тиімді емес және салыстырмалы түрде өнімдері қымбатырақ, бірақ жерорта теңіздік диетаға қарағанда арзандау болып келеді.

3. Флекситариандық диета

Бұл диетаға сай, көбінесе өсімдіктен жасалған тамақ жеу керек. Бірақ еттен толықтай бас тартпайсыз. Рационда көбірек ақуыз (жұмыртқа мен бұршақтар), жемістер мен көкөністер, тұтас дәнді және сүтті өнімдер болуы керек.

Артықшылығы: Жалпы денсаулыққа пайдасы: 4,7 балл. Ол диабеттің алдын алуға арналған ең жақсы диета. Алдыңғы екі диетаға қарағанда артық салмақтан арылуға көмектеседі.
Кемшілігі: Көбіне үйден тамақ дайындауға тура келеді. Көкөністер мен жемістерді аса жақсы көрмейтін адамдарға оны ұстану қиынырақ болады.

4. Ақыл-ойға арналған MIND диетасы

Мұндай диета адамдарда жасы ұлғайған кезде болатын когнитивтік бұзылулардың алдын алуға көмектеседі. Оны ойлап табушылар майсыз құс еті, буға піскен балық, жаңғақтар, жидектер, өсімдік майларын, көбірек көкөністер мен жемістер жеуді ұсынады. Арасында бір бокал қызыл шарап ішуге де болады. Майлы ет, майлы сүтті өнімдер, тәттілер және фастфудқа шектеу қойылады.

Артықшылығы: Жалпы денсаулыққа пайдасы: 4,6 балл. Ми жұмысын жақсартады.
Кемшілігі: Жылдам салмақ тастауға есептелмеген.

5. Волюметриялық диета (немесе WW)

Оны салмақ бақылаушы (Weight Watchers) диета деп те атайды. Калория тығыздығына байланысты азық-түліктер 4 категорияға бөлінеді:

- Өте төмен (крахмалды емес көкөністер мен жемістер, мысалы, қияр, қырыққабат, алма, майсыз сүт, сұйық сорпалар);
- Төмен (крахмалды көкөністер мен жемістер, мысалы, банан, картоп, дәнді дақылдар, майсыз ет, бұршақтар);
- Орташа (майлы ет, ірімшік, нан);
- Жоғары (тәттілер, жаңғақтар, майлар, қуырылған және майлы тамақ).

1-ші және 2-ші категориядағы азық-түліктерді көбірек таңдап, 3-ші категориядан кей-кейде ғана жеп, 4-ші категориядағы өнімдерді мүлдем аз қолдану ұсынылады.

Артықшылығы: Жалпы денсаулыққа пайдасы: 4,5 балл. Бұл аса қиналмай-ақ салмақ тастауға тиімді диета.
Кемшілігі: Мұндай тамақтану бағдарламасын толықтай ұстану үшін арнайы ақылы онлайн курсқа жазылу керек. Сол кезде қолданушыға ресми кестелерді жіберіледі, есептер жүргізуге көмектеседі және т.б.

Бұл диеталар қалай таңдалған?

Сарапшылар әр диетаның қалай жұмыс істейтінін зерттеп, оларды мына параметрлер бойынша бағалаған: қауіпсіздік, толыққандылық, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді уақыт аралығындағы салмақ тастау жылдамдығы, қиындық деңгейі және диетаны жүрек-қан тамырлар аурулары мен диабетті емдеуге және алдын алуға қолдану мүмкіндігі. Диета әр параметр бойынша 1-ден 5-ке дейінгі шкала бойынша бағаланады. Содан соң бағаларды қосып, алынған сандарға қарап, рейтинг жасалды.

Ең үздік диета қандай?

Сарапшылар барлық адамға бірдей келетін мінсіз диета жоқ деп санайды. Сондықтан ең үздік бір ғана диета таңдамай, үздіктер рейтингін ұсынды. Диета таңдау денсаулық жағдайына тікелей байланысты: олардың арасында артериялық қысымы жоғары, диабеті бар немесе арықтағысы келетіндерге арналған диета түрлері бар.

Ең нашар диета қандай?

Бұл рейтинг бойынша тізім соңында Дюкан диетасы бар. Сарапшылар ол денсаулыққа қауіпті деп шешкен: ақуыздың көп болуы бас ауруына, бүйрек мәселесіне және іш қатуға әкелуі мүмкін. Оған қоса, бұл диета аяқталған бойда оған дейін тастаған салмағыңыз қайтадан оралады.

Сондай-ақ сарапшылар кетодиетаға сақтықпен қарауды ұсынды: майлы тамақтың көп болуы және көмірсудың жетіспеуі бұлшықет массасының жоғалуына әкеледі. Ал ол жүрек, бауыр және бүйрек аурулары бар адамдарға қауіпті.

Сарапшылар Аткинс диетасын да нашар диеталар қатарына жатқызды. Оның жүрек-қан тамырлар ауруларына әкелуі мүмкін екені айтылды.

А. Жапатова