Шығыс Қазақстанның «шамшырақтары»

Қазақстанның қай аймағын алып қарасаңыз да, көз тартар әсем табиғатты көресіз. Кең байтақ еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне, батысынан шығысын бойлай жүретін болсаңыз жазық даланы, зәулім тауды, шөл даланы, көлді, тасты, құмды жерлерді көріп, жаңбырдың тамшысын, қардың жапалақтап жауғанын, ызғарлы суық пен ескен самалды, байтақ даланың тартымды келбетіне тоя алмай арлы-берлі көшіп-қонып жүрген құстарды, жүзген балықты, жануарлар мен өсімдіктердің сан алуан түрлерін тамашалауға үлкен мүмкіндік бар.

El.kz интернет жобасы Қазақстанның көркем табиғатын насихаттау, оны қорғау, баршаға таныстыру, марқая мақтану мақсатында еліміздің тылсым сырға толы, таңғажайып табиғатына «саяхат» жасауды жалғастыруда. Бұған дейін «Шарын шатқалының шартарабы», «Әуезді Әнші құм», «Бесшатыр», «Көлсай көлдері», «Бұқтырма көлінің маржан суы», «Түрген қазақ жеріне берілген табиғаттың тартуы» т.б. мақала, фоторепортаж, фотоальбом жарық көрген. Қоршаған ортамызға қатысты айдардың бүгінгі саны Шығыс Қазақстанның тамаша табиғатына арналады.

Шығыс Қазақстан - Ресей және Қытай мемлекеттерінің шекарасындағы Қазақстанның ең тартымды аумақтарының бірі және әкімшілік-аумақтық бөлігі. Аумағы еліміздің жалпы территориясының 10%-дай бөлігін алып жатыр, яғни 283,23 мың шаршы километрді құрайды. Тұрғындар саны 1,5 миллион адам. Әкімшілік орталығы – Өскемен қаласы.  Шығыс Қазақстан облысында 15 аудан, 800-ден астам кент, 5 қалалық маңыздылығы бар қала, 5 облыстық маңыздылығы бар қала, 24 кент бар.

Табиғи – климаттық зонасына әркелкілік тән. Аймақ өңірін – таулы, таулы-орманды, орман-тоғайлы, далалы, шөлді, шөлейтті, ландшафтты жерлер алып жатыр. Облыс бойынша Кенді Алтай өңірі жер беті суларына бай аймақ болып саналады. Олар Ертіс өзені мен Балқаш – Алакөл алаптарына жатады.

 

Ертіс - облыс аймағын Қытай Халық Республикасы шекарасынан бастап солтүстік-батыс бағытта қиып өтетін республикадағы ең үлкен өзен. Оның Зайсан көліне дейінгі бөлігін «Қара Ертіс» деп атайды.

Ертіс өзені мен оның салалары ШҚО халқын сумен және  өнеркәсіппен қамтамасыз етіп отыр.  Көлдер мен өзендердің көптігінің арқасында балық шаруашылығы мен мал шаруашылығы, егіншілік жақсы дамыған. ШҚО-ның ірі көлдерінің қатарына Зайсан мен Марқакөл, оңтүстік-шығысындағы Алакөл мен Сасықкөл жатады.

ШҚО фауна және флора әлемімен танымал. Мұнда қылқанжапырақты өсімдіктерден қайың, көк терек, терек, бал қарағай, шырша, самырсын, қарағай өседі, ал  жануарлардан бұлғын, құндыз, тиін, күзен, түлкі, саршұнақ, суыр, борсық, қасқыр, аю, марал, теңбіл бұғы, қоян, арқар мекендесе,  балықтың 30-дан астам түрі кездеседі.

Шығыс Қазақстанның табиғатының әдемілігін «Шығыстың шамшырағы» деп атасақ артық айтпаған болармыз. Табиғатты аялау, оның табиғи қалпын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, Отанымызды қорғау өз қолымызда екенін ұмытпайық!!!