Бүгін облыс орталығына қарасты Павлодарское ауылында ауысымына 50 адамды қабылдауға қауқары бар дәрігерлік амбулатория ашылды, - деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
«Денсаулық сақтау саласының 350 нысаны» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген амбулаторияның құрылысына 129 млн теңге жұмсалды. Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қасымовтың айтуынша, әлеуметтік мекеме тұрғындарға алғашқы санитарлық-медициналық көмек көрсетуге негізделген.
- Павлодарское ауылында алты мыңнан астам азамат тұратынын ескерсек, медициналық қызмет көрсетуге деген сұранысты зор екені айтпаса да түсінікті. Осы уақытқа дейін амбулатория жалдамалы әрі талапқа сай емес ғимаратта орналасқан. Бүгінгі күні өзекті мәселе шешімін тапты. Бұл мекеме Павлодар қалалық №3 емхананың бөлімі болып табылады, - дейді Н. Қасымов.
Амбулаторияда 13 білікті ақ желеңді еңбек етеді. Атап өтерлігі, жаңа нысанда жүкті әйелдерге қызмет көрсетуге арналған бөлімше бар. Бұдан былай екіқабатты нәзік жандылар қажетті медициалық көмекті аталмыш мекемеде алу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар төрт төсекке негізделген күндізгі стационар, физио, балаларға екпе салу кабинеттері бар. Салтанатты шараға қатысқан Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев тұрғындардың қуанышына ортақтасты.
- Биылғы жылы ел экономикасындағы ерекше кезеңге қарамастан, әлеуметтік саланың барлық бағдарламаларын іске асыру жалғасуда. Жаңа амбулаторияның құрылысы мен құрал-жабдықтармен қаматамасыз етуге жергілікті бюджеттен 147 млн теңге бөлінді. Үстіміздегі жылы облыстық бюджетте денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға 35 млрд теңге қарастырылған, - дейді Қ. Бозымбаев. Еске сала кетсек, жыл соңына дейін Павлодар облысында тағы алты медицина мекемесі ашылады. Тарқатып айтқанда, Павлодар ауданы Красноармейка, Чернорецк, Мичирун, Шарбақты ауданының Хмельницкий, Ақтоғай ауданының Қожамжар және Ақсу ауылдық аймағының Жолқұдық ауылдарында жаңа мекемелер халық игілігіне жарамақ.