- Негізгі бет
- Көзайым
- Наурыз мейрамы қарсаңында...
Наурыз мейрамы қарсаңында дәрігерлер баспаналы болды
Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев Жедел медициналық жәрдемнің 30 дәрігеріне пәтер кілтін табыстады. Салтанатты шара Наурыз мейрамын мерекелеу аясында өтті, деп жазады елорданың ресми сайты.
Мерекелік шара жедел медициналық жәрдем стансасы аумағында ұйымдастырылды. Әртістер мен қызметкерлер ұлттық киімдер киіп, Наурыз мейрамын қарсы алуға жиналды.
«Сіздерді Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Биыл қала бойынша көптеген мәселелерді шешуге ықпал ететін кешенді жоспар әзірленді. Бүгін пәтерлердің кілтін табыстап отырмыз. Сонымен қатар, аталған кешенді жоспарға сәйкес, жедел медициналық жәрдемнің үлкен кешенінің құрылысы қолға алынған. Медициналық қызметтер сапасын арттыру үшін сіздерге барынша жағдайлар жасалады», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары.
Ермек Аманшаевтың айтуынша, қала аудандарында медициналық көмек көрсету сапасын арттыру үшін қосымша шағын «жедел жәрдем» стансалары құрылды, жаңадан 40 автокөлік сатып алынды, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсарту және дәрігер мамандығының тартымдылығын арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылдануда.
«Медициналық кадрлардың жетіспеушілігі себептерінің бірі - баспананың болмауы. Биыл медицина қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар басталды. Әзірге, қалалық тұрғын үй қорынан жедел жәрдем қызметкерлеріне осы 30 пәтер беріліп отыр. Сонымен қатар, медицина қызметкерлеріне арналған отбасылық типтегі жатақхананың құрылысын бастау жоспарланған, бұл тұрғын үй мәселесін шешуге тиіс», - деді Е. Аманшаев.
Қала басшысының орынбасары пәтер кілтіне ие болған медицина қызметкерлерін құттықтады.
« Бұл күнді ұзақ күттім, менің арманым орындалды - пәтердің кілті қолымда. Жедел жәрдем станциясында 11 жыл бойы жұмыс істедім. Қала әкімі біздің еңбегімізді бағалайды, бізге осындай сый жасап отыр», - деді жедел медициналық жәрдем қызметкері Раиса Қайырбекова.
Қазіргі кезде, жедел медициналық жәрдем станциясы - жаңа қондырғылармен жабдықталған ірі кәсіпорын. Мұнда 1 239 адам еңбек етеді. Өткен жылы елордалық жедел медициналық жәрдем станциясы медициналық ұйымдардың аккредитациясынан сәтті өтіп, сертификат алған болатын.
Сонымен қатар, Ермек Аманшаев мекемеге 8 арнайы жедел медициналық жәрдем көліктерінің кілтін табыстады.
@. @assel_assanova