- Негізгі бет
- Көзайым
- Қазақстандық әнші "Славян...
Қазақстандық әнші "Славян базары" фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды
Витебскте өткен "Славян базары" байқауының бас жүлдесін қазақстандық әнші Рухия Байдүкен жеңіп алды. Жас орындаушылар байқауы өте тартысты өтті.
Өнер додасының екінші кезеңінде вокалистер бас дирижер Виталий Кулбаковтың жетекшілігімен Беларусь президенттік оркестрінің сүйемелдеуімен славян хиттерін орындады. Кей әншілер үшін бұл өте қиын сынақ болды. Эквадорлық Ванна сияқты алыс елдерден келген қонақтарға орыс тілін үйрену керек болды. Оңтүстік Америка елінің өкілі бұл сыннан сүрінбей өтіп "Да ночкой лунною" әнін акцентсіз орындады. Кубалық Улисес Карл "Вдоль по Питерской" әнін шырқады. Әнді оркестр сүйемелдеуімен орындау расымен оңайға соқпады. Әділқазы мүшелері атап өткендей, екінші айналым орындаушылардың бәріне бірдей жеңіл әрі қызықты болды деу өте қиын.
Өнер сайысында Қазақстан өкілі Рухия Байдукенова озып шықты. Гран-приді үздік орындаушыға қазылар алқасының төрағасы Анатолий Ярмоленко табыс етті. Кейінірек жеңімпаздың суретін Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев Facebook-тегі парақшасында жариялады.
Бірінші орынды сербиялық Ирина Арсениевич, екінші орынды украиналық Рената Штифел мен Даниил Мышковец, үшінші орынды словакиялық Иванна мен әзірбайжандық Тофик Гаджиев өзара бөлісіп алды. "Славян үміті" аталатын президенттің арнайы сыйлығын сербиялық Ирина Арсеньевич алды. Оны Беларуссия Премьер-Министрінің орынбасары Игорь Петришенко табыс етті.
Қазылар алқасы жеңімпазды анықтап жатқанда, Беларуссия, Ресей, Украина, Грузия, Қазақстан әртістері көрермендер алдында өнер көрсетті. Сахнаға Николай Носков, Ярослав Сумишевский, Игорь Корнелюк, Ангелина Ломако, Александр Панайотов, Сергей Пенкин, Тео және Ольга Рыжикова мен Корни тобы шықты. Қатысушыларды қолдауға Димаш Құдайберген де барып, сахнада өнерін көрсетіп, тыңдарманды шаттыққа бөледі.
А. Оралқызы