Қазақстандағы демалыс орындары

Қазақстандағы демалыс орындары

Қазір жадыраған жаз мезгілі. Жаз - жұртшылықтың демалысқа шығып, қаланың сапырылысқан тіршілігінен бір сәт босап, еркін тынығуға қолайлы мекен іздейтін маусымы. Әрине, демалған дұрыс әрі пайдалы. Бірақ, қайда барып демалуға болады? Шет елдердегі бағасы удай қымбат демалыс орындарында ма, әлде Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан қазақтың кең даласындағы қазақы иіс аңқып тұратын емдік қасиеті зор шипажайларда ма? Ойланып көріңіз! Екінші нұсқаны таңдаған болсаңыз, бүгін Әлемтану айдары сіздерге еліміздегі ең танымал әрі басқаныкінен еш кемдігі жоқ демалыс орындары туралы әңгімелейді.

Қазақстан - табиғаты көркем, жанға жайлы әсем жерлерге өте бай өлке. Жер жәннаты Жетісу,  асқар шыңды Алтай, емдік қасиеті мол Алакөл, көрген көзді таң қалдырар Балқаш, суы балдай, шөбі шүйгін Баянауыл, ауасы шәрбат Қарқаралы... Біздің елдегі осы іспетті көрікті жерлерді айтып тауыса алмайтындайсың! Қарасаң көзің тоймайды!

Бурабай шатқалы

Жер шарының ең көрікті жерлері саналатын Ақмола облысының аумағында «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы орналасқан. Бурабай Қазақстандағы ең танымал демалыс орындарының бірі. Бұл жер бетінде сирек кездесетін өзіндік орны бар географиялық пункт ретінде кеңінен танымал. Бурабай шатқалының жоғарғы жағы Қазақ ұсақ шоқыларының құрамына кіретін аласа таулы елдерді көрсетеді. Биік таулар және қылқан жапырақты орман, айдынды көл және таза ауа. Табиғаттың шипалы қуаты жақсы демалуға және денсаулықты қалпына келтіруге мүмкіндік тудырады. Бурабайдың балшығы мен минералды суы емдік қасиетке бай. 

Бурабай өлкесінде қонақ үйлер, шипажайлар, демалыс үйлері орналасқан. Демалыс орындарындағы екі кісілік бір бөлмені жалға алудың орташа құны жаз айларында 10 000-15 000 теңгені құрайды. Жаз айларында балалар лагері жұмыс жасайды.

Сегіз Көл Park Resort клубы

Алматы қаласының сыртқы аумағындағы Сегіз Көл Park Resort клубының территориясында ТМД мен Орталық Азиядағы ең үлкен Жағажай клубы орналасқан, оның жалпы ауданы 20 000 шаршы метрді құрайды, бұл бір уақытта мыңнан аса келушілерді қабылдауға мүмкіндік береді.

Сегіз Көл Park Resort-тағы демалыстың ерекшеліктерінің бірі – оның әмбебаптылығында. Сізге қандай демалыс ұнайды? Бүкіл отбасыңызбен табиғат аясына шығып серуендеу ме? Телефондарыңызды сөндіріп қойып, ойыңызды жинақтау үшін бір-екі аптаға оңаша қалу ма? Әлде серіктестеріңізді шақырып келіссөздермен қатар бейресми әңгіме жүргізу ме? Достарыңыздың басын қосып, тек ер адамдар ғана жиналып балық аулау ма? Мүмкін бұл екі адамға арналған романтикалық демалыс болатын шығар? Қалай болғанда да, сіз бір нәрсеге сенімді болыңыз, Сегіз Көл Park Resort-қа мейлі бір күнге, мейлі бірнеше күнге келіңіз, ол сізге тамаша сәттер сыйлай алады.

Алакөл жағажайы

Алакөл демалыс жағажайы туралы естімегендер кемде-кем болар. Демалыс аймағында жүргізілген соңғы жөндеу жұмыстарынан кейін, Алакөлдің көркіне көрік қосылып, жыл сайын демалушылардың қатары көбеюде.

Көл суы көптеген ауруларға ем. Адам денесіндегі қотырлар мен жаралар бірер түскен соң, сыпырылып түсіп қалады. Суға түсіп шыққанда, көңілің өсіп, қанағат табады. Жағаға жақын, тығыз орналасқан демалыс үйлері өте көрікті және мейрамханалар мен кафелердің саны да көп.

Алакөлдің шипалы суын шетелдіктер де жақсы білетін болғандықтан, тек Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, сонау Ресейден, Украинадан, Орталық Азия елдерінен келіп демалып, денсаулығын нығайтып қайтып жатады. Жаздың шуақты ыстық айларында бұл араға кемінде 100-150 мың адамға дейін келіп кетеді.

Қазақстандағы сапалы шипажайлар

Сондай-ақ, Қазақстан шипажайлық қорларға бай өлке. Мұнда 1930-1960 жылдар арасында шипалы су мен емдік балшығы мол көптеген жерлер табылып, зерттеліп, қазір адам игілігіне жаратылуда. 1986 жылдан бастап, Қазақстанда мемлекеттік мәні бар Бурабай, Алма-арасан, Сарыағаш, Меркі, Манкент, Жаңақорған және жергілікті шипажайлар Қапаларасан, Барлықарасан, Ақжайық, Алатау, Оқжетпестер өз қызметтерін бұлжытпай атқаруда.

Қайта­лан­бас құй­қалы қыраттар, ойлы-қырлы бе­дер­лер, суы сылдыраған жыралар, бағ­зыдағы бабалардан жалғасқан мұ­ра­лар… Бауларындағы өзгеше өскен ағаштар. Тыны­сыңызды ашатын саябақтар мен саяжолдар, аңқыма жұпар шашатын гүлзарлар... Жоғарыдағы кез келген шипажайдан осындай тамаша көріністерге куә бола аласыз!

Қапшағай

Қапшағай қаласының туристік әлеуеті Қапшағай су қоймасының ресурстарына негізделеді. Іле өзенінің оң жақ жағалауындағы жартастарға салынған суреттердің сізді таңқалдырмауы мүмкін емес. Қапшағайдағы демалушылардың ең жиі баратын жері–1994 жылы арнайы итальяндық жоба бойынша салынған қалалық аквапарк. Бұл кешенде балаларға, сондай-ақ үлкен кісілерге арналған арнайы су аттракциондары бар. Кейінгі жылдары Қапшағай су қоймасының демалыс базаларына әр түрлі іс-шаралар, би кештері, спорттық жарыстар, түрлі акциялар өткізу кеңінен таралып келеді.

Іле Алатауы жоталарындағы демалыс орындары

Шыңдары көкпен астасқан, құздары шатқалға ұласқан Iле Алатауы жоталарының қойнауы - табиғат ананың көңілі дарқан қазақ жұртына берген баға жетпес сыйлығы десек, артық айтқандық емес.  

Тамаша табиғат жаратылыстары Алма-арасан, Ақсай, Түрген шатқалдары, Маралсай соның куәсi. Дәл осы демалыс аймақтары - жаз маусымының жаймашуақ күндерінде жанұяңызбен немесе достарыңызбен уақыт өткізуге таптырмас мекен болмақ.

Ал, осы маңдағы «Алма-Арасан» шипажайы бүгінде жүйке жүйесі, әйел аурулары, аяқ, қол, буын тері және асқазан ауруларын емдеуде үлкен жетістіктерген жетіп отыр.

Суреттер: visitkazakhstan.nur.kz, ozero-alakol.kz, xoxot.yvision.kz, 8ozer.kz, ipasha.yvision.kz, informatica.ucoz.kz