- Негізгі бет
- Көзайым
- Ертіс жағасындағы әсем...
Ертіс жағасындағы әсем қалаға – 295 жыл
Ерке Ертістің жағасында орналасқан еліміздің Индустриалды жүрегі Павлодар қаласы туған күнін атап өтті. Бұл туралы 24.kz жазды.
Шаһардың құрылғанына – 295 жыл. Осы уақыт ішінде Павлодар әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамып, еліміздегі көшбасшы қалалардың қатарына енді.
Павлодар қаласы елімізге металлургия, машина жасау, химия, мұнай-химия салалары арқылы танымал. Мұнда ел экономикасын еселеп отырған алпауыт кәсіпорындар орналасқан. Тарихы тереңде жатқан шаһар қазіргі уақытта күннен-күнге дамып келеді. Жылдан-жылға тұрғындарының саны өсіп, жеткен жетістіктері еселенуде. Бүгін шаһардың құрылғанына 295 жыл толып отыр. Бұл – барша павлодарлықтар үшін айтулы мереке.
Қала әкімі Болат Бақауов: "Қала күні баршамызға құтты болсын! Шаһармыз жайнай берсін. Мәртебесі биік болсын! Шаһардың дамуы, әрине, тұрғындарының арқасында жүзеге асуда. Бүгін мереке күні Павлодар қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосып келе жатқан тұлғаларға шаһардың құрметті азаматы атағы берілді. Бұл күні Ертіс жағасында салтанатты шара өтіп, ән мен күйден шашу шашылды. Ал үздік суретшілер жұртшылыққа өздерінің таңдаулы туындыларын сыйға тартты. Павлодар қаласының тарихы тереңде жатыр. Шаһар 3 ғасыр уақытты артта қалдырған. Бұл өңір елімізге тек қана өндірісімен емес, мәдениетімен де танымал. Аймақта әлем таныған талай дарынды, белгілі тұлғалар мен ғалымдар түлеп ұшқан. Қазақтың белгілі публицист ғалымы Қалижан Бекхожин, жезтаңдай әншісі Майра Шамсутдинова, ақын Естай Беркімбаев пен Павел Васильев сияқты дара тұлғалар осы Павлодардан шыққан. Ал қазіргі күні бабалар жолын өскелең ұрпақ жалғастыруда. Шаһарда сондай-ақ спорт саласы қарқынды дамып келеді. Жастарымыз байрақты бәсекелерде ел намысын асқақтатып жүр. Бүгін қала күні қарсаңында салауатты өмір салтын ұстанушыларға арналған бірқатар спорттық нысандар ашылды", - дейді.
ҚР Шаңғы спорты федерациясы ҚБ бас хатшысы Андрей Невзоров: "Павлодарда ашылып отырған шаңғы роллер алаңы тұрғындарға, жастарға өте керек. Олар мұнда уақыттарын бос өткізбей, спортпен шұғылданады. Сондай-ақ бұл алаң қала тұрғындары көп жиналатын әсем орынға айналмақ. Көркіне көз тамсанар ерке Ертістің жағасындағы Павлодар қаласы, міне, осындай. Шаһар күннен-күнге қарыштап дамып қана қоймай, қазақ елінің мәртебесін асқақтатар талай дарынды тұлғаларды өрбітері анық", - деді.
Н. Айдархан