30 наурызда бүкіл әлем "Жер сағаты" акциясын өткізді. "Жер сағаты" – Дүниежүзілік табиғатты қорғау қорының (WWF) ең ірі экологиялық акциясы. Оның негізгі идеясы – адамзатты электр энергиясын үнемдеуге үгіттеу, табиғатқа қамқор болу. "Жер сағаты" жыл сайын наурыздың соңғы сенбісінде дәстүрлі түрде өткізіледі. Белгіленген күні осы ақпаратты естіген әлем тұрғыны 1 сағат жарықты және энергия қуатын өшіреді. Бұл акциядан Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары да тыс қалмады.
Алматыда 20:30-дан 21:30-ға дейін "Қазақстан" қонақүйінің жарығы электр қуатынан ажыратылды. Акцияға қатысушылар электр құрылғыларын өшіріп, қонақүй алаңында ән-би кеші мен флешмоб өткізді.
Нұр-Сұлтан қаласында Бәйтерек, "Нұр-Әлем" сферасы, "Астана Опера" Мемлекеттік опера және балет театры, "MEGA Silk Way", "Қазмедиа" орталығы, "Қазақстан темір жолы" компаниясының ғимаратында жарық бір сағатқа сөндірілді.
"Жер сағаты" акциясы биыл 13-рет өткізілді. Бұл күні әлемнің 18 мыңнан аса ірі ғимаратының жарығы бір сағатқа сөндірілді.
Ең алғаш рет бұл акцияның 2007 жылы Сиднейде өтті. Ал 2008 жылы 35 елден 100 миллион адам қатысқан. 2016 жылы бұл жоба 172 елден 2 миллиард адамның басын біріктірді. Қазақстан аталған акцияға қатысушы елдер қатарына 2009 жылы ресми енген болатын.