- Негізгі бет
- Қолөнер
- Үш тілде өткен...
Үш тілде өткен Абай көрмесі
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының «Абай кеші» қоғамдық қайырымдылық тобы ұйымдастырған қайырымдылық кешінде «Адамзаттың Абайы» атты көрмесі өтті.
Абай есімі – қазақ халқының ұлттық санасы оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы.
Ол қазақ поэзиясының, халық даналығының барша жақсы тәжірибесін бойына сіңіре отырып, ұлттық поэзияны, өнерді, қоғамдық ойды байытты, жаңа сапалық биікке көтерді.
Ел басқару ісіне араласқан Абай туған халқының тұрмысындағы сәулелі және көлеңкелі жақтарын түгел көріп, қазақ өмірін жан-жақты ерте таниды. Өзінің шығармаларында Абай қазақ тіршілігінің ең көкейкесті мәселелерін, маңызды әлеуметтік, қоғамдық, моральдық проблемаларын, халықтың тағдырына, әдет-ғұрпына қатысты мәселелерді көтереді.
Сол кезеңде Семейде өлкетану музейі, Ресей географиялық қоғамының бөлімшесі, санақ комитеті ұйымдастырылады. Абай санақ комитетінің, Ресей географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің, балалары – Ақылбай, Мағауиямен бірге қаладағы Бастауыш білім беруге қамқорлық қоғамының мүшесі болды.
Абайдың қазақ балаларына деген қамқорлығы бүгін де жалғасын тауып, Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының әкімшілігі «Абай кеші» қоғамдық қайырымдылық тобының ұсынысын қабылдап, Астана қаласының «Hilton Garden Inn» қонақ үйінде «Адамзаттың Абайы» тақырыбында қайырымдылық көрмесін ұйымдастарды.
Көрме Ұлы ақынның өмірі мен шығарамашылығына арналды. Көрмеге Абай досы Н.И.Долгополов арқылы 1885 жылы Семейдегі өлкетану музейіне өз қолымен тапсырған жәдігерлердің түпнұсқасы, Абайдың тұмар-домбырасы және әлем тілдеріндегі Абай шығармалары қойылды.
«Абай кеші» қайырымдылық гала-кешіне келген елшілер мен кәсіпкерлер, Атыраудан келген балалар үйінің тәрбиеленушілері көрмені аса қызығушылықпен тамашалады. Абай қорық-мұражай қызметкерлері келген қонақтарға қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде экскурсия жүргізді. Мұндай қайырымдылық шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
қорық-мұражайының баспасөз қызметі