Белгілі ғалым Е. Жанпейісов М. Әуезов шығармалары тілінде кездесетін атауларға кешенді талдау жүргізеді. Киім атауларына қатысты арнайы зерттеу жүргізген Ә. Алмауытованың “Қазақ тіліндегі киім атауларының этнолингвистикалық табиғаты” атты зерттеу жұмысында киім атаулары ономасиологиялық бірлік тұрғысынан талданып, уәждеме (мотивация) теориясы негізінде қарастырылған.
Киім атаулары уәждік белгісіне байланысты жасалу материалына, формасына, жасалу технологиясына, әлеуметтік мәніне, этномәдени ерекшелігіне, түсіне, қызметіне, көлеміне байланысты топтастырылған.
Жасалу материалына байланысты қалыптасқан атаулар: ағима шекпен – қойдың биязы жүнінен тоқылған шекпен (ағима – биязы жүннен тоқылған материал, тоқыма); барқыт бешпент, бәтес көйлек, берен тон (береннің бір мағынасы “барқыт”, яғни берен тон – барқытпен тысталған тон); доғаба көйлек – барқыттан (пүліш), тігілген көйлек. Бұл матаның жергілікті тілде дуқаба, добаға түрі де айтылады. Түгі өсік пүліш – қыжым доғаба деп аталса, ши доғаба “жол-жол барқыт” дегенді білдіреді. Жылтырақ, тығыз жібек мата дүрия деп аталған. Соған орай дүрия бешпент, дүрия көйлек сияқты атаулар пайда болған.
Заттың формасы уәж болған атаулардың бір тобын киімге байланысты атаулар құрайды: күмпей шапан – түйе жүнінен сырып тігілген, сыру аралықтары күмпиіп көрінетін шапан. Нар өркеш бөрік – төбесін нардың өркеші сияқты, ал алды-артын тікшелеу етіп тіккен бөрік. Айыр қалпақ – алды-арты жырық киіз қалпақ.
Киім жағасының формасына қарай айтылуы – жүрек жаға, домалақ жаға, құлақ жаға.
Аяқ киімнің жасалу формасына қарай: бақабас етік – жалпақ басты етік, биік өкше етік, бестақа тік етік (өкшесі аласа етік), жарма қоныш етік (қоныш екіге жарылған); сондай-ақ кесікбас, қисық табан етік, лақа бас етік, шолақ ұлтан, шоңқайма, жуан өкше, қазық өкше, керсен (етіктің желкесі), төстабан (шолақ ұлтан), үшкіл (мәсінің сірісі) т.б. аяқкиім мен бөлшектерінің атаулары бар.
Әлеуметтік мәні мен этномәдени ерекшелігіне байланысты атаулар. Қазіргі қазақ тілінде этнонимдік, аймақтық ерекшеліктерді білдіретін бірсыпыра атаулар сақталған. Мысалы: адай бөрік, адай тымақ, адай шалбар, әлім көйлек, әлім тымақ, шеркеш бөрік, арғын тымақ, найман тымақ, үйсін тымақ, жалайыр тымақ, қыпшақ кілем, сыр кілемі, қазақы арба, қазақы етік, кілемнің керей үлгісі, қоңырат нұсқа деп аталатын түрлері, қазақы ер, қазақы бөрік, қазақ үй (киіз үй) т.б. [Ә. Алмауытова]. Өйткені бұл ұжымдық құндылықтардың астарында сол ұлттың қалыптастырған ұлттық тарихи мәдениеті мен элитарлық мәдениеті айырықша көзге түседі.
Қазақы киімнің барша сымбаты мен ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің өмір тәжірибесі мен ұжымдық санасы, дүниетанымы мен моралі, этикасы мен эстетикасы жан-жақты көрініс береді. Бүгінде тілімізде пассив қабатқа өтіп мағынасы көмескілене бастаған ұлттық этномәдениетімізді танытатын кейбір киім атауларына қысқаша тоқталсақ:
Ерлердің оқалы немесе зерлі шапаны - қымбат матадан жағасы мен өңіріне зер салынып, арқасы мен етек-жеңі оқалы жіппен өрнектеліп тігілетін сырт киім. Шапанның арқасына күн тәріздес дөңгелек өрнек, өн бойына өсімдік тектес оюлар салынады Ертеректе мұндай шапандарды хан, сұлтандар, ауқатты адамдар киетін болған.
Ішік - сырты матамен тысталып, түрлі аңның терісінен жүнін ішіне қаратып тігілетін ер адамның қысқы сырт киімі. Тігілетін терісіне қарай олар: түлкі ішік, касқыр ішік, сеңсең ішік, пұшпақ ішік деп әртүрлі аталады.
Иленіп, әбден өңделген жұқа теріні қазақтар "жарғақ" дейді. Қызғылт түске боялып, түрлі-түсті өрнек салынған жарғақ теріден тігілген шалбарды "жарғақ шалбар" деп атаған. Бұл сәнді киімді кезінде батырлар, бектер мен билер, сал-серілер салтанатқа киген.
Бөрік - жеткіншектерден бастап, ересек адамдарға дейін киетін бас киім. Ол етегін айналдыра қымбат тері жапсырылып дөңгеленген пошымда тігіледі. Оның пошымына, тігілген материалына қарай шошақ бөрік, үкілі бөрік, камшат бөрік сияқты түрлерге белінеді.
Айыр қалпақ - аса қымбат матамен тысталып, ішіне жұқа киіз немесе қалың мата салынып сырылып тігілетін ер адамдардың бас киімі. Сыртына өсімдік тектес өрнек салынып, алтын жіппен зерленеді. Оны ертеде, негізінен, хан, сұлтандар салтанатқа киетін болған.
Тымақ - ер адамның бас киімі. Қазақта тымақтың түрлері көп, соның ең бағалысы - түлкі тымақ. Тымақтың маңдайы мен құлақтарының ішкі жағына түлкі терісі тігіледі де, сырты мақпалмен, пүлішпен немесе басқа асыл маталармен сырылып тысталады. Тымақтың төбесі төрт немесе алты сай (бөлек) үшкіл (үш бұрышты) киізден құралып, шошақ болып келеді
Саптама етік - қонышы тізені жауып тұратыңдай ұзын, табаны қалың сіріден оң-солы жоқ, түзу болып тігілетін аяк киім. Оны киіз байпақпен киеді. Саптама етік қысқы аязда ат үстінде жүргенге жылы, әрі қолайлы.
Казақ әйелдері (қыздары) үстіне қос етек көйлек, шапан (бешпет) немесе камзол, ал басына жас ерекшелігіне қарай тақия, сәукеле немесе кимешек, аяғына мәсі немесе кебіс т.б. киген.