- Негізгі бет
- Қолөнер
- Тайқазанды әкетіп барады,...
Тайқазанды әкетіп барады, қайтадан келер ме екен?
"Түркістан – екі дүние есігі". "Түркістан – ер түріктің бесігі". Көк бөрінің қасиетті мекенін жырға қосқан ақын Мағжанның жан тебіренісімен жазған жырлары бұл. Түркі әлемінің мәдени астанасы атанған қасиетті Түркістан топырағында талай тарихи оқиға болғанын жақсы білесіз. Кешегі Иассы мен бүгінгі Түркістан арасын бірнеше ғасыр бөліп жатса да, мекендеге тарихи жәдігер мен құндылықтар бүгінгі заманға жетті. Дәлірек тоқталып, Тайқазан жайын айтып өтелік.
Бұл жәдігер Әмір Темірдің бұйрығымен 1399 жылы жасалынғанын жақсы білесіз. Сол заманнан бері жиырмасыншы ғасырға дейін Түркістанда, киелі мекенде сақталып келген Тайқазанды 1935 жылы бұл аймақтан алып кетті. Қасиетті жәдігерді Ленинградтың атақты Эрмитаж мұражайына алып бара жатқанын көріп, түркістандықтар егіліп жылап қалыпты.
Ресейде Иран шеберлерінің ІІІ халықаралық конферециясы өтеді, жиыннан кейін қайтып алып келеді деп сылтауратқан басшылар тапсырмасы орындалып, Тайқазан сол қалада ұзаққа қалып қойды. Ұрпақ ауысар уақыт өтіп, 54 жылдан кейін ғана Тайқазан қасиетті мекеніне, бұрынғы орнына қайта қойылды.
Елге әкелу операциясы оңайға түспегені анық. СОКП Орталық Комитетінің 1985 жылдың сәуір айындағы пленумы КСРО құрамындағы республикалардың мәдениеті мен тарихына, салт-дәстүрлеріне жол ашты. Осындай сәті түскен кезеңде, темірді қызуында соққан Өзбекәлі Жәнібеков бастаған топ Тайқазанды елге қайтару мәселесіне білек сылына кірісіп кетті. Қазақ КСР депутаттары Н.Назарбаев, О.Сүлейменов, М.Шаханов сияқты тұлғаларға жазылған хаттар жауапсыз қалмай, бұл идеяның жүзеге асуына көп көмек тиді. Нәтижесінде, 1989 жылдың 18 қыркүйегінде түркінің асыл мұрасы тарихи отанына қайтадан оралды. Кеткенде көлік соңынан жүгіріп, қимай қоштасқан мұраны түркістандықтар қуанышпен қарсы алды. Осы жетістік жақсы жаңалықтың хабаршысы болғандай. Араға екі жыл салып, еліміз Тәуелсіздігін алғанда қуаныш үстіне қуаныш қосылып, халықтың көңілі бір жадырасқан еді.
Құрметті оқырман! Массагет мақалаларын Телеграм желісінен оқуға мүмкіндік бар. Арнамызға қосылыңыз!
А. Қажиев