- Негізгі бет
- Қолөнер
- Сәукеледе сәнмен бірге...
Сәукеледе сәнмен бірге мән де бар
Әйел киімінің басты элементтерінің бірі — баскиім. Өмірдің әр кезеңінде әдет-ғұрып, салт-дәстүрге байланысты баскиімнің өзгеріп тұруы әйелдің әлеуметтік статусының ауысуының символы іспеттес. Қай қоғамда да баскиім бірнеше қызмет атқарған: 1) әйелдің жас ерекшелігін, отбасындағы жағдайын және тіршілік ету аймағын білдірген, 2) эстетикалық, 3) діни-магиялық т.б. Соңғы қызметі әйелді ана ретінде қорғаумен байланысты. Әдет-ғұрыпқа байланысты әр баскиім өз қызметін атқарған. Мәселен, үйлену тойы дәстүрін алсақ, мұндағы баскиім әйелдің әлеуметтік статусының ауысқанын анық көрсетеді: бойжеткен – қалыңдық – келіншек. Әйелдердің шаштарын ашық қалдырмаған, мұнда әйелдің ана болу қасиетін қорғау мақсаты көзделген.
Зергерлер қолынан шыққан әшекей бұйымдар да көбіне баскиімде кеңінен көрініс табады, соның ішінде әсіресе сәукеледе. Сәукеленің арнайы күмістен жасалған төбелдірігі, маңдайына тағатын асыл тасты күміс әшекейі – маңдайшасы, сәукеле қозасы (қоза шар сияқты металл әшекей) – шытақ, екі жағында тізілген маржаннан салпыншақ, бет жақтауы және артқы құлағы (белге түсетін) болады. Сәукеленің төбесіне жібектен желек (бергек) тағылып, оған үкі (қарқара) қадалады, сыртында ұзын (жерге жететін) ақ жібек жаулығы болады. Бұған қоса көз моншақ, үкіаяқ, жыланбас т.б. әшекей бұйымдар тағылады.
Аса көркем әшекейленген мұндай қымбат сәукелелердің Бөкей ордасында кездескен бір түрінің құны күміс ақшамен 1000 сомға бағаланса, Семей төңірегінде 2000 сомға жеткен көрінеді. Өткен ғасырдың орта шенінде Жетісу атрабында жасалып, Ленинградтағы Антропология және этнография музейіне сыйланған бір сәукеле жүз жылқының құнына бағаланған. (Х.Арғынбаев)
Тек сәукеле тағылатын ғана емес, әйел баскиімдерінің әшекейлері сан алуан: жақ моншақтар бөрік, бергек, кимешек сияқты әйелдердің баскиімдерінің екі жақ самайлығына және маңдайының алдыңғы жиегіне қастарына түсірсе, тізбелі шоқ жасап шілтерлеп тағылады. Алтын, күмістен жасалған жақ моншақтарды зергерлер жібек жіптерге тізіп, асыл тастармен бұршақтап, үзбелеп жасайды. Кимешектің өңіріндегі кестелермен жарыстыра тізіп бастырған түрлері де кездеседі.
Дереккөзі: Қазақ халқының ұлттық киімдері./Құраст. Б.Хинаят, А.Сужикова.-Алматы: Алматыкітап баспасы,2011.-384 бет, суретті.
Қ. Бүйенбай