- Негізгі бет
- Қолөнер
- Сәнді болсын, қалқам,...
Сәнді болсын, қалқам, мойныңдағы алқаң
Қазақ пен өзбектің дәстүрінде алғаш алынған қарын шашын күміс немесе матадан жасалған үшбұрышты тұмар ішіне салып, баланың киіміне қадап қоятын болған. Қазақтың шаш өру дәстүрі осындай түсініктермен байланысты болуы мүмкін: Күйеу жігіт жағынан қалыңдықтың үйіне келген бойжетіп отырған қайынсіңілілері немесе басқа қыздар шашын өріп беруді сұрап қалыңдыққа қолқа салады, содан кейін қалыңдық оларға қандай да бір зергерлік әшекейін сыйға тартуы тиіс болған.
Қазақ қызының мойынға тағатын әшекейінің бірі тамақ алқа (тамақша) деп аталады. Көбінесе Қостанай, Торғай облыстарында қолданылған бұл әшекей түрі күміс құймаға орнатылған тастардан жасалады да, артынан таспа жіппен байланады. Ақтөбе облысында кездескен тамақшалардың топсалы ілгегі болады. Жетісуда тамақша барқыт сияқты матадан сырып тігіледі, бетіне моншақ, меруерт, күміс тиындар тізіліп, төменгі жағы маржан моншақтармен көмкеріледі. Батыс Қазақстанда барқыттан биік жаға етіп жасалған, зер жіппен өрнектелген және күміс әшекейлермен, тиындармен сәнделген әшекей түрі тік жаға деп аталған. Мойында аурудан қорғау символы ретінде пайдаланылған бұл әшекей Қазақстан аумағында қола дәуірінде кеңінен таралған.
Кеудеге тағатын әшекейлер қызға ерекше көрік беріп тұрады. Кейбір халықтарда ерлердің жейдесі мен әйел көйлегінің омырауы әдемілікпен қатар, тіл-көзден сақтану мақсатында өрнекпен безендірілген. Қазақ арасында өңірше кеңінен тараған. Ол матадан тігіліп, өрнек салынып, тиындармен, күміс шытыралармен, түрлі түсті асыл тастармен сәнделеді. Өңірше жарты ай, тіктөртбұрыш, үшбұрыш пішінді болып келеді. Өңіршемен қатар кеудеге арналған басқа да бұйымдар болған. Кеудеге арналған әшекейлердің ішіндегі бастысы – өңіржиек ерекше назар аударуға тұрарлық. Өңіржиек қазақ әйелдерінің салтанатты жиындарда тағатын әшекей бұйымы болып саналады. Ол ұзын бойы бірнеше жалпақ тік төртбұрыш, шаршы, бесбұрыш тәрізді бөлшектердің бір-бірімен әрлеуіш шынжырлар арқылы жалғануымен жасалып, ең төменгі бөлшегінің жиегі салпыншақтармен әсемделген қымбат алқа түріндегі әшекей. Ерте кезде мұндай әшекей қызыл түсті мақпалға тігілетін. Бұл оның әдемілігін арттырып қана қоймай, тіл-көзден қорғауға да сеп болған сыңайлы.
Кеудеге тағатын әшекейлер, әсіресе өңіржиек аз пішінінің қомақтылығымен қыз-келіншектердің айбынды салтанатын асқақтатса, құрылымы жеңіл, сәнді салпыншақтары бар алқа келісті мерекелік келбетін айшықтай түседі. Олар күміс шар тәріздес бейнелерден, күміс теңгелерден, медальоннан, маржан, ақық тастардан, інжу моншақтардан тұрады. Мұндай әшекейлерде құрамының көп болуы мен материалына (ақық, маржан, інжу) қарай магиялық қасиетіне көңіл бөлінді. Моншақтардың сандық белгісі молшылық, көп ұрпақ әкелу түсінігімен байланыстырылған. Осы үрдіс бойынша Солтүстік Қазақстанда баланы қырқынан шығарғанда шомылдыратын суға сақиналармен бірге немесе олардың орнына моншақтар салады.
Мойынға тағылатын әшекейдің келесі түрі – тұмар. Оның тұмарша, бойтұмар деп аталатын түрлерін зергерлік күмістен бұрыштап немесе жұмыр түтікше тәріздендіріп жасаған, ішіне Құран сүрелері жазылған қағаз салынады және басқа да тіл-көзден сақтайтын нәрселер қолданылады. Сонымен қатар үшбұрышты және түтікше бөліктерден тұратын күрделі бойтұмарлар бар. Тұмарды асыл тастармен немесе металл салпыншақтармен әшекейлеген. Иыққа іліп жүретін тіктөртбұрышты тұмар-тұмар сөмке қолтықша деп аталады. Оның ішіне дұға аяттары, көз тиюден сақтайтын қасиеті бар нарселермен қатар күнделікті қажетті ұсақ-түйек заттар салынады. Тұмардың өң жағына көбінесе араб тілінде «Тәңір жарылқасын» деген сөз немесе Құраннан үзінді жазылатын болған.
Тұмардың бәле-жаладан, тіл-көзден сақтайтын қасиеті ішіндегісінен ғана емес, пішініне де байланысты. Қазақтың зергерлік өнерінде үшбұрыш әлемнің үш деңгейін (төменгі, орта, жоғары) және әйел затының бастауын білдірген. Түтікше пішін ер адамның бастауын, ал үшбұрышпен бірігуі ұрпақ жалғасын, өсіп өнуді білдірген. Төртбұрышты қолтықша әлемнің төрт бұрышын білдіреді. Тұмар мойынға шынжыр арқылы тағылады. Төртбұрышты тұмарды ғана иықтан асыра таққан, олар адамның ең әлсіз жері – қолтықты қорғап тұратындықтан, қолтықша деп аталады. Тұмардың өзара ұқсас түрлері Орта Азия, Таяу және Орта Шығыс, Мысыр елдерінің мұсылман халықтары арасында да кеңінен қолданылған.
Дереккөзі: Қазақтың зергерлік өнері.-Алматы: "Алматыкітап баспасы",2011.-384 бет, суретті.
Қ. Бүйенбай