Құрақ көрпе Гиннестің рекордтар кітабына қалай енді?

Құрақ көрпе Гиннестің рекордтар кітабына қалай енді?
Фото: interrecord.ru

Биыл Алматы күні ерекше тойланды. Қала халқы мереке мен түрлі шараларға қарық болды. Әсіресе ҚР Тұңғыш Президенті саябағында 16 қыркүйек күні ерекше оқиға орын алды. Тігін өнері мен зергерліктің сабақтастығын сақтап келе жатқан қазақ қолөнер шеберлері мен ұсталары атаулы күнге орай, тамаша тарту жасады. Олар жер шарындағы ең ұзын құрақ көрпені тігіп, әлемдік рекордты жаңартты.  

Рекордқа жету барысын шараның басы-қасында жүрген ұйымдастырушылардың бірі Медет Қондыбай баяндап берді. 

– Бастамаға кімдер үлес қосты? Қалай ұйымдастырылды? 

– Ерікітілер келіп көмектесті, қала тұрғындары, қонақтар атсалысты, барлығы шараға өз үлестерін қосуға барынша тырысып бақты. Шара барысында штаб ретінде И.Крылов атындағы балалар кітапханасы бекітілген. Маталардың барлығы сол жерде алты ай бойы кесіліп тігілді. Жұмыстың негізгі бөлігін кітапханашылар жасады деуге болады. Ал бір-біріне қосу жұмыстарын бірнеше апта қалғанда жасай бастадық. Әсіресе соңғы күндері ҚР Тұңғыш Президенті саябағында жұмыс қызу жүрді.

Нәтижесінде Алматы қаласы Мəдениет жəне архивтер басқармасы мен қала əкімдігі бастамасымен қала күніне осындай тамаша тарту болды. 

– Рекорд орнату үшін қандай шарт болды? 

– Жалпы көрпенің ені 2,50 метрден кем болмауы тиіс, ал ұзындығына қатысты шарт болмады. Рекордты жаңарту үшін Малайзиядағы көрсеткіштен асып түссек жеткілікті еді. Ондағы көрпенің ұзындығы 1128 метр болыпты. Гиннестің рекордтар кітабының бас кеңсесінің өкілі Джоан Брент құрақ көрпенің ұзындығын арнайы лазерлі құрылғымен өлшеп, рекордтың жаңарғанын мәлімдеді. Ресми ұзындығы – 10 километр 900 метр. Ал құрақ көрпелердің төселген жалпы көлемі 25,5 мың шаршы метр болды. Осылайша жаңа рекорд орнатылды және арнайы сертификат табысталды. 

Көрпелер енді ҚР Ұлттық музейіне табысталып, айтулы шараның белгісі ретінде сақталмақ.

Massaget.kz