Білезік – әйелдер күнделікті тастамай тағып жүретін ең сүйікті әшекейлерінің бірі, онсыз олар өзін нашар сезінетін болған. Әдетте жұп білезік салады, кейде екі қолына қос-қостан білезік таққан. Білезіктің жуандығы әртүрлі болады, екі басы түйістіріп жасалатын жұмыр білезік, жуан алтын, күміс сымдардан өріп құрастырылған өрме білезік, шілтерлеп жасалған селдір білезік, тастар орнатылған тасты білезік, сағат түріндегі жалпақ сағат білезік деген түрлері кездеседі. Мұнымен қоса, білезіктердің атауы кейде жасалу тәсілін де білдірген. Мәселен, күміс бетіне қара ою жүргізу әдісімен жасалған білезікті қарала білезік немесе кавказ білезік дейді. Нәзік тоқылған шынжырлар арқылы үзбеге бекітілген сақиналары бар түрлері – сақиналы білезік, бес білезік, шынжырлы білезіктер көрген жанды тамсандырады. Зергер қолынан шыққан мұндай бірегей туындылар қыз-келіншектердің білегіне жарасып тұрады. Бұл секілді білезіктер түркмендерде, Дағыстан, Үндістан халықтарында кездеседі. Сонымен қатар жалпақ екі қабатты білезік те болған.
Білезік буын ауруларының алдын алады, қолдың тазалығын күшейтеді, жын-перілерді қуады деген ұғым халық арасында кеңінен таралған. Ең маңыздысы – білезік адам бойындағы күш-қуатты сақтайды. Қазақ бәле-жала әйелдің құлағы, шашы арқылы кірсе, күш-қуаты біртіндеп алақан арқылы сыртқа шығады деген сенім қалыптасқан, сондықтан әжелер соңғы күш-қуатынан айырылудан қорқып, білезігін қолынан тастамайтын болған. Білезіктегі өрнектердің мәнімен қоса, көп халық ұғымында қалыптасқандай, қорғаныш қасиетке ие сиқырлық күші бар деп саналады. Сондықтан өзге де тұмарлармен бірге баланың білегіне ақ-қара, қызыл-көк көзмоншақ тізбегін тағу дәстүрі осы уақытқа дейін сақталған. Білезіктің, сондай-ақ сақина мен сырғаның киесі мен қасиетіне сену ғұрпы шамамен қола дәуірінде орын алғаны жайлы қазба жұмыстары мәлімдейді. Мысалы, қола дәуіріндегі орымдардан табылған жұмыр білезіктердің ұштары иректеліп келген немесе қорғаныш қызметін білдіретін өзге де белгілермен сәнделген.
Дереккөзі: Қазақтың зергерлік өнері.-Алматы: "Алматыкітап баспасы", 2011.-384 бет, суретті.