- Негізгі бет
- Қолөнер
- Киімге көрік берген...
Киімге көрік берген қапсырмалар
Қазақ қыздары күміс салпыншақтарды кеңінен пайдаланған. Оларды киімге, жазғы және қысқы бескиімге, шашбауға қадаған. Шағын күміс шытыра киімінің кез келген жеріне, оның ішінде кимешекке, былғары, тері, парша, мақпал аяқ киімдерге тағылған. Бұл элементтер түрлі түсті тастардың жарқылымен үйлесіп, киімнің сәнін келтіреді.
Қазақта қамзолдың кеуде тұсына қадап қоятын тісшұқығыш та тіл-көзден сақтайтын бұйым ретінде қолданылған сыңайлы. Тісшұқығышпен бірге көбінесе жинақ түрінде құлақ шұқығыш, тырнақ алғыш, түкті жұлатын іскек те қолданылған. Жұқа тілім түріндегі ұшы үшкір тісшұқығыштың өзі үшбұрышты немесе басқа күрделі пішінді, өрнекті, тас орнатылған қалыпқа ілінеді. Бұл заттардың көлемділері пайдалануға ыңғайыссыз, бірақ киімге қадағанда, кәдімгідей сән беріп тұратын. Тісшұқығыш аштықтан қорғайды деген сенім мен тоқшылықтың кепілі іспеттес болған.
Қыз камзолының арқа тұсын безендіру үшін қолданылған арнайы әшекей – арқа алқа сәндік үшін ғана емес, дененің осы бөлігін қорғау үшін де қолданылған. Бұйым тігінен шынжырлармен жалғасқан екі, үш бөліктен: әдемі тастар және өрнектелген жалпақ тілімдерден тұрады. Төменгі жиегіне шынжырлар арқылы сәнді салпыншақтар бекітілді.
Қамзол, шапан сияқты сырт киімдерді қаусырып кию үшін қадалатын зат қапсырма, қаптырма, ілгек деп аталады. Қолданымдық маңызы зор қапсырма балалар мен әйелдер киімінің міндетті бөлшегі болып табылады. Ол қамзолдың белін қынап тұрады, кейде әдемілік үшін бірінің астынан бірі, бірнешеуі қатар тігілетін болған. Қапсырма өзара топсалы немесе ілгекті ілмек арқылы бекітілетін екі бөліктен тұрады. Зергерлер қапсырманы күміс теңгеден, қондырылған әрлеуіш тастардан, құлпырма шытырлар мен мен металдардан жасайды. Күміс ілгектер гүл түйнегі, гүл шоғы, жапырақша, тостағанша, бадам, үшбұрыш, төртбұрыш, ромб, шаршы, балық (оның басы мен құйрығы), қошқар, мүйіз, құс, күн, жұлдыз, ай және басқа да алуан түрлі күрделі пішінде болады. Пішін ерекшелігімен көз тартатын бұйымдар жасалу тәсілінің сан қырлылығымен таңқалдырады.
Қыз-келіншектердің беліне тағатын бұйымы – белдік олардың мүсінін сымбатты етіп тұрады. Үзбелі шынжырлар қатары өріп біріктірілген бұйым ширатпа белдік, ал тастан көз қондырылған белдік – тасты белдік деп аталады. Былғары, тері, мақпал, жібек маталардан жасалып, күміс шытырамен сәнделген белдікті шытыралы белдік, қамар белдік деп атайды. Кейбір белдік алтын жіппен кестеленген. Бұрынғы кезде өте ауқатты үйдің қыздарында жарқыраған күміс және алтын сымдардан өрілген датқалық белдік болған.
Дереккөзі: Қазақтың зергерлік өнері.-Алматы: "Алматыкітап баспасы", 2011.-384 бет, суретті.
Қ. Бүйенбай