Қазақтың ұлттық киімдер мейрамы

Қазақтың ұлттық киімдер мейрамы
Фото: massaget.kz

23-24 сәуір күндері Алматы Арбатында (Жібек Жолы даңғылы бойында) ұлттық киімдер мейрамы өтеді. Шара 29 сәуір күнгі «Қазақтың ұлттық киімі» мейрамы қарсаңында ұйымдастырылады. Бұл мерекені еліміздің түкпір-түкпірінде атап өту жоспарда бар.

Алматы қолөнер палатасы IRIS event-агенттігімен бірлесіп, Алматы қаласында осы мейрамның атап өтілуіне ұйытқы болды. Ұйымдастырушар үлкендерге де, балаларға да арналған қызықты бағдарлама дайындаған. Шарада Ирина Кишкина, Ералхан Әбішев, Қуат Бағысбеков, Әсем, Ерлан Сәбит, Мади Ғарин, Оразбекова Венера, Тұрғын Әлі Дәуіт, №6 музыкалық мектептің оқушылары, «Жас қанат» би ансамблі, Ерлан Садықов, Шырын Шәмшіқызы, т.б. танымал қазақстандық әртістер өнер көрсетеді. 

Бағдарламада кәсіби дизайнерлердің және ұлттық шеберлердің Fashion-шоуы да бар. Дизайнерлер мен қолөнершілер екі күнде де алматылықтар мен қала қонақтарының назарына ұлттық нақышта безендірілген киім үлгілерін ұсынады. «Сымбат» сән академиясының дизайнері Балнұр Асанова, «Азия» ұлттық киімдер салоны мен қазақстандық қолөнершілер бұйымдарының көрсетілімі өтеді.

Шеберлік сыныптары өткізіліп, ұлттық ойындар ойналады. Шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығына, Алматы қаласының мыңжылдығына арналады және қала әкімдігі мен Алмалы аудандық әкімшілігінің қолдауымен өтеді.

Г. Берік