Қазіргідей тігін машинасы жоқ кезде қазақ әйелдері киім-кешек пен көрпе-жастық, тұскиіз бен дастархан, тағы да басқа бұйымдардың барлығын қолмен тіккен. Әсіресе, қолөнер бұйымдарын жасауда қазақ әйелдерінің тігін-тігіс өнері ерекше болды. Киіз үйдің іші-сырты түгел әйелдің қолымен тігіліп әдіптелген.
Сондықтан болса керек, халқымызда тігістің түрлері көп. Оларды қарапайым және көркем тігіс деп екіге бөлуге болады.
Қарапайым тігістерге жөрмеу, көктеу, тепшу, бүрме тігіс, қайып тігу, қабу тігіс, қусыра сызу, өбістіру, тұмаршалап тігу, қосбасарлап тігу, шарбақтап тігу, жара тігу, топшылау тігіс, шалып тігу, бұзау тігіс, шанша тігу, жапсыра тігу, тебе тігу, т.б. түрлерін жатқызуға болады. Және олардың кейбіреулері өз ішінде бірнеше түрге бөлінеді. Бұл тігістерді көркем тігіске негіз болатын тігістер десе де болады.
Көркем тігістерге айқас тігіс, қусыру, бастырып тігу, маржан тігіс, бедерлеп тігу, шаршылау, өткермелеп тігу, сыру, бүгіс тігіс, тышқан із, таңдайлау, қабырға тігіс, керегекөз тігіс, ілмелеп тігу, шалу, торлау деп аталатын және көркем тігіс түрінің алақұрт, сағат бау, шытыра, су тару, ирек түсіру, керегекөз сияқты күрделі тігіс түрлері жатады.
Көктеп тігу – ежелден келе жатқан орындалуы тым қарапайым, тұрмыста жиі қолданылатын «қазақы тігіс» осы көктеу тігісі. Көктеу іс аяқталғанда сөгіліп тасталады.
Қайып тігу – тігістің бет жағы кәдімгі тігін машинасының тігісі тәрізді тізіліп түсетін пішінге келтіріп тігу түрі; қаю.
Тебе тігу – тепшу сияқты түйреп алып, тігуге келмейтін тұтқыр материалды сол қолмен шымшып ұстап отырып, оң қолдағы инені екі саусақпен әрлі-берлі өткермелеп отырып тігетін тігіс түрі.
Шалып тігу – кесте өнерінде біз кестемен тіккен сияқты қос ілмек болып түсетін тігіс түсіру тәсілі.
Шыраштап тігу – ойыстырылған киізді біріктіруге, бастырылған оюдың шетін жиюға және мата үстіне сызықшалап әсем бедер өрнектер салуға пайдаланылады.
Айқас тігіс – инемен біркелкі төртбұрышты етіп, бір жіптің үстінен екінші жіпті крест түрінде айқастыра бастырып отырып тігетін, тігілуі қарапайым әрі әдемі тігіс түрі.
Бүгіс тігіс – киімдердің етегін, жең ұштарын, қалтаның аузын, осы сияқты киім шеттерінің екі шетін қосып бүгетін жағдайда қолданылады.
Бүрме тігіс – матаның шетін жинай тіккенде қолданылады (желбіршектерді, қос етектерді, бүрмелі жағаны).
Жапсырма тігіс – бір заттың бетіне жамау салғанда, әдіптердің шетін тіккенде, әдіп орнына астар салғанда қолданылатын тігіс.
Жара тігіс – киіздерді құрастырғанда, етіктің ұлтарағы, киіз байпақтың қонышын,табанын қаусырғанда, тері тігістерінде жиі қолданылады. Мұнда тігіп отырған екі заттың шеттерін не астыңғы, не үстіңгі бір жақ қыртысынан ғана шаншып, инені сол шеттің ортасынан жара шығарып отырады.
Жартыкеш айқас тігіс – астыңғы және үстіңгі тігістер жіпті үзбей отырып тігілген, екіжақты тігісі бар кесте өнерінде қолданылатын тігіс түрі.
Қабырға тігіс – инемен көркемдеп тігудің бір әдісі. Қабырға тігісі екі сызықтың арасымен біркелкі көлденең шаншып отыру арқылы тігіледі. Екі шеттің біріккен жігін басуда, киімнің бойын, балағын, жеңін әшекейлеуде қолданылады.
Алтындап тігу – сән-салтанаттық киімдерді алтын жіптермен тігіп кестелеу, әшекейлеу. Алтындап тігуге көбінесе бедерлі, бедерсіз басып тігу әдісін қолданады.
Маржандап тігу – алтындап тіккен кестеге маржан араластырып тігу.
Көпіртіп тігу – алдын ала дайындап алған өрнек үлгісінің үстінен тігілетін, материал бетіне бұдырланған жіп түйіндер қалдырып тігетін тігіс түрі, тігу тәсілі.
Торлап тігу – өрнектелетін материалды алдымен тесіп алып, оны торлай және ортасын кереге көздеп, санап отырып шалу арқылы түрлі өрнек салу тәсілі.
Түктеп тігу – кестелеу барысында бұйымның өң бетінде 1-2 сантиметрдей бүлдіргі жіп қалдыра отырып тігіп, артынан ол бүлдіргілерді тегіс қырқып тастау арқылы кілемнің түгі тәрізді пішінге келтіру.
Үшбасарлап тігу – алдымен алғашқы екі жіпті крест түрінде тігіп алып, соңғы үшінші жіпті соның белінен көлденең басып тігіс жүргізу.
Ілмелеп тігу – сырт пішіні ілмек бізбен орындаған кестеге ұқсайтын тігіс түрі.
Керегекөз тігіс – кесте өнерінде кереге бейнесін түсіру үшін қолданылады.
Қиғаш тігіс – матаның көлденеңінен екі жібін, тігінен төрт жібін бастыра қиғаш бағытта тігілген тігіс түрі.
Таңдай тігіс – үш сызықтың үстімен қиғаш шаншып тігілетін, қос қабырға мәнерімен орындалатын тігіс түрі.
Терме тігіс – кесте тіккенде өрнектің бір шетінен келесі шетіне дейін жіптерін санай отырып, біресе оң жағына, біресе сол жағына қарай матаның жібін бойлай «инені алға салу» әдісімен тігілетін кесте түрі.
Түйін тігіс – белгілі бір орындарда кесте жібінің өзінен түйіп, түйін тастап отырып тігетін тігіс түрі.