Алматы қаласының тұрғыны, физиолог Төреғали Батырханұлы жасартатын электронды білезік ойлап тапты, − деп хабарлайды "МИР 24". Ғалымның айтуынша, білезік арқылы 25 жасқа жасаруға болады.
Құрылғының жұмысы қарапайым: қысым түскен сәтте білезік "қуаныш гормоны" серотинин мен эндорфин өндіруге септігін тигізеді. "Адам ағзасында 30 секунд бойы жағымды гормон бөлінуі керек. Ал 30 секундтан асып кетсе, ол улы гормондар саналады. Құрылғы ағзаны соған икемдеп, қалыпқа келтіреді. Сонда адамда жасару үдерісі жүріп, көңіл-күйі жоғары болады", − дейді физиолог.
Төреғали Батырханұлы құрылғыны 10 жыл бойы жасаған. Тіпті патенттеп қойыпты. Білезікті киіп көргендер бірнеше процедурадан кейін ауыр күйзелістің жоғалатынын байқапты. Алайда қазіргі уақытта білезікті ғалымның туыстары ғана тағып жүр. Әйтсе де, ғалым өзі ойлап тапқан білезік эстетикалық медицинаның айнымас бір бөлігіне айналады деп сенеді. Оның пікірінше, толықтай жасару үшін сегіз ғана процедурадан өту керек екен.
Дереккөз: tengrinews