- Негізгі бет
- Қолөнер
- Жүзік туралы не...
Жүзік туралы не білесіз?
Сақина-жүзік - қазақ зергерлерінің ең көп жасайтын әшекей түрі. Олар өз иесінің көркемдік талғамын ғана емес, мүліктік-әлеуметтік мәртебесін де білдіретін. Жүзік тұмар, тіл-көзден сақтайтын зат ретінде, дипломатиялық қарым-қатынаста өзара тарту ретінде, әйел мен ер адамның бір-біріне деген сезімін жеткізу белгісі ретінде қолданылған. Сақина сыйлау арқылы ішкі сезімін, құштарлығын білдіретін болған. Сақинаға байланысты осы мазмұндағы ұғым Шығыстың да, Батыстың да көптеген халықтары арасында таралған. Әйелдер бірнеше жүзікті қатарынан салады, бұл саусақтарына көрік беріп тұрады.
Іші-сырты тегіс, ал беті төртұрыш болып келетін сақина балдақ деп аталады. Сақинаның беті шаршы, дөңгелек, сопақша, күлте, жапырақша, гүл түйнегі пішінінде жасалады, кейде сүйір, шоғыр түйірлер, ромб түрінде үлкен етіп соғылады. Қазақта күмістен соғылған тасбақа жүзік ұзақ өмір сұру белгісі саналады. Мұндай жүзікті өмір жасын ұзартады деген сеніммен көбінесе егде тартқан әйелдер тағуға тырысқан. Екі отбасының бірігуін білдіретін қос дөңгелекті, қомақты қымбат бұйым - құдағи жүзік. Қазақтың салты бойынша, қыздың шешесі құдағиына екі жастың қатар тұрған қос сақина тәрізді қартайғанша бірге өмір сүруін тілейтіндігінің белгісі ретінде және ененің қызына аналық қамқорлықпен қарауы үшін сыйға тартады.
Шаңырақ немесе күмбез тәрізді етіп жасалған отбасылық жүзік - отау жүзік отбасының берекелі, бақытты болуына ықпал етеді. Мұндай жүзікті әдетте жаңадан отбасын құрғандарға "отауың берік, шаңырағың биік" болсын деген мағынада салған. Қарағанды облысында жиналмалы жүзік деп аталатын сақина түрі болған. Ол қарала өрнек салынған лира пішінді жалпақ сауыттан және бір шеңберге тоғыстырылған 4-5 сақинадан тұрады. Құстың тұмсығы сияқты бір ұшы үшкірленіп жасалған құсмұрын жүзік бәле-жаладан қорғайтын ерекше қасиетке ие. Сақтар дәуірінен бастау алған тұмсық белгісі басқа да көптеген әшекейлерде қолданылады, сондай-ақ қазақтың киізден, ағаштан жасалған және кестелі бұйымдарының ою-өрнек жүйесінде де кездеседі. Сақинаның бұл түрін Қазақстанның барлық өңірінде кеңінен таралғанына және басқа ұлт мәдениетінің бұйымдарына тән еместігіне байланысты этностық белгіге жатқызуға болады. Ол құрылымындағы кейбір ерекшеліктері мен техникалық-сәндік шешімдерінің бірегейлігіне қарағанда, жергілікті стильдік ерекшеліктің өзіндік көрсеткіші болып табылады.
Дереккөзі: Қазақтың зергерлік өнері.-Алматы: "Алматыкітап баспасы", 2011.-384 бет, суретті.
Қ. Бүйенбай