Материалдық мәдениетімізді танытатын ершілік өнерде ер адамдарға арналған және әйел адамдарға арналған ер ұғымы бар. Еркектерге арналған ердің сүйегі жұқа, ықшам, жеңіл болады, сондықтан оның ағашын өңдеуге айрықша мән беріледі. Күміс әшекейлері аз болғанмен, өте ұнамды етіп жасалады.
Солтүстік өңірде ерді қайыңның безінен шабады, мұндай ерге басқа әшекейлерді көп қолданбайды. Себебі қайың безінен қосылған ерлер мұқият өңделіп, таза өсімдік майымен майланады, оны бірнеше қайтара сіңіріп майласа, ағаштың түсі, реңі теңбілденіп, ешқандай әшекейді керек етпейді.
Ердің сыртқы көрінісіне байланысты атаулары: қазықбас ер, шошақ бас ер, үйрек бас ер, қозықұйрық ер, ашамай т.б.
Қазықбас ер – алдыңғы қасы үшкір ер.
Үйрекбас ер – алдыңғы қасы үйрек басына ұқсайтын ер түрі. Ол Торғай, Ырғыз, Көкшетау өңірінде қолданылған.
Қозықұйрық ер – артқы қасы отыруға ыңғайлы, орта ағаштың орнына көн тартылған. Маңғыстау, Ембі бойында қолданылған ер түрі.
Ашамай – балаларға арналған ер болғандықтан, алды-арты биік сүйемелі келіп, қастары аша сияқты болып көрінеді, екі қасының ұшы айқастырылып жасалады.
Айшықты ер – алдыңғы қасына күміс айшық қондырған ер.
Ақбас ер – сүйектен әшекейлеп жасаған ер.
Әшекейленуіне, жабдықталуына байланысты атаулар.
Алтын ер/алтынды ер – ердің алтын шытыралармен, алтын жалатумен әшекейленген қымбат түрі.
Жаппай күміс ер – күміс ердің алдыңғы және артқы қастары түгелдей күміспен жабылып, мық шегелермен, асыл тастармен әшекейленген түрі. Күміс ерді жаппай күміс ер, ойма күміс ер, құранды күміс ер деп бөледі. Күміс бас ер – алдыңғы қасы күміспен күптеліп, асыл таспен яки ою-өрнекпен безелген сәнді ер.
Күміс тұрман – күміспен күптелген, әр жерінен күміс шытыралармен әшекейленген ат жабдығы.
Күміс шытыралы ер-тоқым – күмісті тұтас жаппастан, тек әр жеріне күмістен құйған түйме сияқты әшекейлер шауып сәндеген ер-тұрман. Сүйек бас ер – алдыңғы қасы сүйекпен мол әшекейленген ер. “Астына көк жона төсеніп, басына сүйек бас ер жастаныпты” (Ә. Кекілбаев. Үркер, 1981, 114 б.) т.б.
Ер қаңқасының жасалу әдістеріне, өңдеу тәсілдеріне байланысты атаулар:
Былғары ер – былғарымен қапталған ер.
Бітеу ер – ағаштан тұтас шауып жасалған ер түрі.
Көкбас ер – ердің былғарымен қапталған түрі.
Тоздалған ер – бетіне қайыңның қабығын (тоз) жапсырған ер. “Түркістан, Шымкент қалаларындағы ершілердің кейбіреулері өзбек шеберлерінің әсерімен тоздалған ердің сыртын бояулармен әдемілеп бояп келді”.
Көнделген ер – сырты көнмен қапталған ер (ер мықты болу үшін оның сырты кейде көнмен қапталады).
Этникалық ерекшеліктеріне байланысты ер түрлері: адай ері, алтай ер, арғын ері, найман ері, дулат ері, қызай ері, бежін ер, қазақ ері, қалмақы ер, өзбек ері, қоқан ері, қырым ері, орыс ері т.б. Бежін ер – алды-арты шошақ, сырты иленген терімен қапталған ер (бұл – Қытайдың Бейжин, Пекин деген сөзінің қазақшаға икемделген атауы).
Материалына байланысты қалыптасқан ер атаулары:
Ағаш ер – былғарымен қапталмаған, ағаш қаңқалы, көпшілік қолды ер.
Ақбас ер – сүйекпен әшекейленген ер.
Былғары ер – сырты былғарымен тегіс қапталған ер түрі.
Темір ер – ершік; арбаға жегетін атқа салатын ершік.
Ердің жоғарыдағы түрлерінен басқа да мынадай атаулары қолданылады: айыр ер (жауыр атқа салатын ер), арбагер (ыңыршақ, бұл атау арба және егер сөздерінің бірігуінен жасалған), мұны кей жерде арба ер деп айтады, ашақ (аттың жабуы түспеу үшін қолданылатын темір ер), ашамай – жалғыз өркешті қоспақ өркешті түйелердің өркештеріне жүк салмағы түспеу үшін ағаштан жасалған ыңыршақ сияқты әбзел; “Нарға – ашамай, қоспаққа – жазы”, “Нар сәулеті – ашамай”, “Ашамай нарға жарасар, Ақ түйе барға жарасар”, “Бала ханнан үлкен, ашамай нардан үлкен” секілді мақалдар ашамайдың осы түріне байланысты туындаса керек.