- Негізгі бет
- Қолөнер
- Бешпенттің заманауи үлгісі...
Бешпенттің заманауи үлгісі
"Кимесем екі бешпент сән болмайды"
Халық әні
Бешпент ұғымын әртүрлі матадан тігілген, етегі тізеден сәл жоғары келген жейде, көйлектің сыртынан киетін, киіп жүруге жеңіл сырткиім деп түсінеміз. Оны кейде бешпет, бешмет деп та атайды.
Жылы маусымда сырттан киілетін бешпент жұқа, шұға, мауыты т.б. тыстық матадан тігіледі. Бешпенттің тік және қайырма жағалы түрлері болады. Суретте тік жағалы үлгісі ұсынылған.
Бешпентті біз этникалық стиль элементіне жатқызамыз. Бүгінде оны заманауи үлгіде тігіп, қуана-қуана киіп жүрген арулар баршылық. Әсіресе, жас келіндер үлкен жиынға сәнді бешпентті киіп баруды сәнге айналдырды.
Суретте көрсетілген бешпенттің принті заманауи болып саналады. Ою-өрнекті белге қарай тарылтып тігуі қыз баланың белін қылдай етіп көрсету үшін жасалған. Әрі екі шетіндегі қызыл матаның тігісі де қынама белді ерекшелеу үшін ойластырылған.
Тік келетін жаға қыздың мойынының жіңішке әрі ұзын екенін көрсетеді. Етегін өз қалауыңыз бойынша өрнектеуіңізге болады.
Бешпентті жұқалау етіп тіктіртіп, кешкі шараларға, концерт, театрға заманауи киіммен үйлестіріп баруға болады.
Ұлттық киімдерімізді қайта жаңғыртуға ат салысайық, ағайын!
Мақалаға «Қазақ халқының ұлттық киімдері» кітабынының мәліметтері пайдаланылды.
Ф. Абилова