Бағзы замандардан-ақ адамзат ағаштың қасиеті мен қадірін жоғары бағалаған. Ағашты бет-албаты отамайлы, отқа жақпайды. Оны киелі санап, табынатын жағдай болған. Ағаш адамзат үшін құрылыс материалы. Тоңғанға пана, ыстықтағанға көлеңке.
Үй мен ғимараттан тұрғызумен бірге ағаштан тұрмыстық дүниелер, мәдениет жәдігерлерін жасаған. Әр халық ағашты әр жағынан пайдаланады. Ал қазақ халқы ағашты не жасауға пайдаланған екен.
Қарағай
Қазақ халқы ағаштардың ішіндегі ең шешені, ең сөйлегіші деп қарағайды таниды. Қарағайдан музыка аспаптарын шауып жасайды. Әсіресе, қарағай домбыраны қоңыр, күңіренген үні нағыз ежелгі аспапты жаңғыртқандай болады.
Қарағайдан домбыраны тұтастай шауып жасайды. Немесе домбыраның шанағын басқа ағаштан жасаса, қақпағын міндетті түрде қарағайдан салады. Шеберлен сан жылдық тәжірибенің арқасында қарағайдың дыбыс шығару (резонанс) қасиеті өте жоғары екенін байқаған.
Домбыраны жасауға "ұрғашы қарағайды" пайдаланады. Мұндай қарағай таудың теріскей бетінде өседі. Басқа қарағайларға қарағанда бұтағы аз, жылдық сақиналары жиі, шайыры аз келеді.
Тұт ағашы
Тұт ағашы негізінен жібек құртын өсіруге пайдаланады. Орта Азияның шеберлері музыка аспаптарын әзірлеуге ең тиімді ағаш деп осы тұтты айтады. Одан музыка аспабын тұтас шауып та, құрап та жасауға болады. Дыбыс жаңғырту қасиеті ерекше.
Үйеңкі
Үйеңкі – қатты әрі тығыз ағаш. Сүрегі біртекті, ақ сарғыш түсті. Үйеңкіден халқымыз домбыраны тұтас шауып жасайды. Қап, Карпат тауларында тараған ағаш. Музыка аспаптарын әзірлеуге өте қолайлы.
Емен
Өте қатты, тығыз, берік ағаш. Ағаш сүрегінің түсі – сарғыш қоңыр. Еменнен музыка аспабын жасағанда абай болу керек. Себебі емен өте жарылғыш келеді. Сақтықпен кептірмесе, өзегін қуалай шытынап, жарылып кетеді.
Еменнен жасалған музыка аспабы өте әдемі болады. Ұстала келе табиғи өрнегі ашылып, жылтырай береді.
Қайың
Қайың – сүрегі біркелкі ақ түсті ағаш. Музыка аспабын жасауға көбіне қайыңның түбір безін пайдаланады. Қайыңның безінен жасалған бұйым әдемі, біркелкі. Күнге қаңсымайды, ыстық-суыққа төзімді.
Қайыңның тозын аспаптың қабын жасауға пайдаланады.
Терек
Терек – сүрегі ақ түсті, жұмсақ ағаш. Бабымен кепкен терек көп жарылмайды, кепкен сайын киізденіп қатая түседі.
Теректен көбінесе музыка аспаптарын тұтас шабады. Теректі зілпарамен өңдесе, түгі шығып тұрады. Сондықтан шеберлер теректен бұйым жасағанда өткір сайманен өңдеп қана қояды.
Тал
Тал – иілгіш, сүрегі ақ түсті жұмсақ ағаш. Кебе келе қатаяды. Кепкен тал өте жеңіл болады. Талды көбіне домбыраны құрап жасағанда иін болып келетін жерлеріне қолданады.
Өрімталды домбыраның сыртын әшекейлеуге пайдаланады. Талды су кезінде иеді. Сондықтан шеберлер "Тал шағында бүкпесең, таяқ шағында иілмес" дейді.