- Негізгі бет
- Қолөнер
- Абай үйінің жиһазы....
Абай үйінің жиһазы. Кебеже
Тарих қойнауынан бастау алатын көне мәдениетіміз бен әдебиетімізден сыр шертетін мәдени құнды мұралар Қазақстан мұражайларында сақтаулы.
«Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап жүйелеу, оларды келешекке сақтап жеткізу, өзге жұртқа барымызды көрсетіп насихаттау – абыройлы міндеттің бірі», – деп елбасымыз Н.Ә.Назарбав айтқандай тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда ұлттық мұраны қастерлеуге, сақтауға ерекше ден қойылды. Қазіргі заманның кезек күттірмес маңызды міндеттерінің біріне айналған мәселе халықтың мәдени мұрасы сақталатын, көрсетілетін, насихатталатын орны – музей экспонаттарын ғылыми зерттеу.
Мұражайдың негізгі жұмысы тарих арқылы тарихи-мәдени ескерткіштерді насихаттау, сол арқылы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу. Сонымен қатар қорларды жинақтау, сақтау мұражай қызметінің ең негізгі бөлігі.
Ұлы Абай өзінің орыс досы Н.И.Долгополов арқылы қазақ халқының ертеден қолданып келе жатқан заттарын 1885 жылы Семей қаласында ашылған өлкетану мұражайына тапсырады. Олардың ішінде қазақ киіз үйлерінің жабдықтары: алаша, сырмақ, түскиіз, үй ішіне төсекаяқ, жүкаяқ, асадал, қалмақбас дегендерді, олардан басқа қобыз, домбыра, кісе белдік және ұста саймандары: көрік, төс, балға, соғыс құралы: найза, айбалта, шоқпар, шиті мылтық, бұлардан басқа да түрлі этнографиялық заттар бар. Сол заттардың ішінен Абай тапсырған заттардың он жетісі 1964 жылы Қазақ ССР Мәдениет Министрлігінің қаулысы бойынша өлкетану музейінен Абай мұражайының қорына өткізілді.
Бүгінде Абай қорық-мұражайының құнды жәдігері – 1885 жылы Семей қаласында ашылған өлкетану музейіне қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы тапсырған заттардың бірі, Абай үйінің жиһазы – кебеже. Түсім кітабындағы тіркелу нөмірі: КП – 1378, өлшемі: биіктігі – 79 см, ұзындығы – 61 см, ені – 52 см.
Кебеже – қазақ халқының қол өнері ішінде өнер туындыларына жататын бұйымдардың бірі. Бізге келіп жеткен, қазіргі мұражай қорында сақтаулы кебежелердің, өте әсем көркемделген, көлемдері жағынан да, сыртқы сәнділік жағынан да бірін-бірі қайталамайтын сан-түрлі кебежелер бар.
Кебеже – тамақ сақтауға арналған сандық сияқты ағаш бұйым. Кебеженің түбі қалың тақтайдан жасалады. Қазақ ежелден азық-түлік сақтауға кебежені пайдаланған. Көшпелі заманда сүр ет, құрт-май салып сақтауға да, түйеге теңдеп алып жүруге де ыңғайлы, кімге болса да тұрмысқа өте қажет бұйым болған.
Кебежені көркемдеуде сүйекті әшекейлеп, зергерлікпен қиюластыруға күмісті сан алуан бояулармен өрнектеп, зор шеберлікпен пайдаланған. Оның қақпағы кәдімгі сандықтың қақпағы сияқты, кейде жармалы болып келеді. Жармалар не көлденең кергіш ағашпен, не таспамен жалғастырылады. Ежелгі халықтардың қай-қайсысы болса да негізгі күн көріс кәсібін аңшылық пен мал өсіруден бастаған. Сондықтан малдың терісін, жүнін пайдаға асырып, олардың сүйегінен, мүйізінен көптеген мүліктер мен қару-жарақтар жасаған. Көшпелі қазақ ауылының шеберлері ағаштан көшіп-қонуға ыңғайлы кебеже, жүк аяқ, кереует, асадал, адалбақан, аяқ-табақ, шөміш, кіршомбал сияқты заттар жасаумен қатар малдың сүйегін де қажетке жарата білген.
Кебеже беттеріндегі сүйек өрнектері қара сырлы бояумен боялған, қалың тақтайдың бетіне қырып отырып орнатылып, нәзік мықтармен шегелеу арқылы құрастырылған. Әр жерінен беріктік үшін қағылған мық шегелер сүйек бетіндегі өрнектермен үйлесіп жалпы өрнектердің бір элементі сияқтанып тұр. Кебеженің беті сүйекпен оюлай өрнектеліп, зергерлікпен қиюластырылған. Ою мотиві зооморфтық, яғни қошқармүйіз кебеже бетіндегі ою-өрнектің композициялық тұтастығына ерекше сәнділік береді.
Кебежені көркемдеуде, ою-өрнектерді орналастыруда симметриялық заңдылықтарды қатаң сақтағаны, адам көңілін өзіне тәнті етеді. Бұдан, кебеже жасаушы шеберлердің өзі, ағаштан түйін түйген, нағыз өнер адамдары екенін көруге болады. Қарапайым ғана, кебеже сияқты шағын тұрмыстық бұйымдардың өзінен, табиғат аясында өскен ата-бабаларымыздың сұлулық дүниесіне жаны жақын, эстетикалық талғамы жоғары болғандығын аңғартады. Мұражай қорында сақтаулы Абай заманынан сыр шертетін мұндай жәдігерлеріміздің барлығы баға жетпес асыл құндылықтарымыз екені сөзсіз.
Қорытындылай келгенде айтарымыз, мұражай ісінде, қоғамдық ортада тіпті әлемдік мәдениет сипатында құндылығы жоғары жәдігерлер өткеніміздің белгісіндей болып, халқымыздың баға жетпес асыл мұралары екені даусыз. Сондықтан да қоғамның белгілі бір дамуында ғылыми іздену, халық-ағарту, мәдени құндылықтарымызды сақтау жұмысын жүйелі түрде жүргізу нәтижесінде Абай қорық-мұражайы Қазақстан мұражайларының ішінде өзіндік орны бар іргелі мәдени ошақтардың бірі.
Алмагүл Алдабергенова
Абай-қорық мұражайының
бас қор сақтаушысы