Бүгінгі біздің әңгімеміз сіз ойлап отырғандай Запорожье тұрғындары жайлы емес, бүкіл КСРО елдеріндегі миллиондаған автосүйер қауымға танымал болған темір тұлпар жайлы болмақ. Қарапайым халықтың көмекшісіне айналған бұл әйгілі көлік жайлы қызықты деректерді сізге ұсынбақшымыз.
1960 жылы 22 қараша күні Украинадағы Запoрожье қаласында орналасқан "Коммунар" көлік зауытынынан "Запорожец" ЗАЗ-965 үлгісінің бірінші партиясы шықты.
"Запорожецтардың" барлық нұсқаларындағы қозғалмалы бөлшектер мен агрегаттар "ЛуАЗ" жолсыздық бойымен жүрген әскери ЛуАЗ-967 мен қарапайым ЛуАЗ-969 көліктерінде қолданылған бөлшектерімен бірдей болған. Бұның себебі "Запорожецтарға" арнап жасалған қозғалтқыш техникалық жағынан өте тиімді болғандықтан, әскерилердің оған деген қызығушылығы арта түсті. Кейін әскерилер оларды өз көліктеріне орнатуды бастаған.
КСРО кеңістігінде «Запорожец» көлігі қарапайым халық арасында өте танымал болған, себебі оның қолжетімді бағасында болды. Мысалы, оның бағасы "Жигулиден" екі есе, "Волгадан" үш есе арзан болған. Міне, нағыз халық көлігі деп "Запорожецті" айт. Есімізге бірден Германияның "Volkswagen" маркасы түседі.
Әйгілі "бүкір" ғой
ЗАЗ зауыты бүкіл КСРО кеңістігінде мүгедек жандарға көлік шығарған жалғыз ғана кәсіпорын болатын. Мүгедек жандарға арналған көліктерді қарапайым халық "инвалидка" деп атап, оларды арнайы әлеуметтік органдар таратып отырды.
Қозғалтқышы артқы жағында орналасқан "Запорожецті" бүкіл халық түрлі қалжың-күлкінің астына алғанымен, 50-ші жылдары бұндай артқымоторлы құрылым бүкіл Еуропа мен АҚШ көшелерінде өте жиі кездесетін болды.
"Запорожецтардың" барлық ұрпақтарына қарапайым халық еркелетіп атау қойған: ЗАЗ-965-ті формасына байланысты "бүкір" деп атаса, ЗАЗ-966 мен ЗАЗ-968-дің бүйір жағында орналасқан ауа жинағыштың кесірінен оған "қалқанқұлақ" деген атау берген. Кейін шыққан ЗАЗ-968М-дегі ауа жинағышты алып тастағаннан кейін, халық оны "сабын сауыт" деп атап кетті. Міне қызықтың бәрі қайдан шыққан.
Ең қызығы, ЗАЗ-965-тің түпнұсқасы Фиат 600 үлгісі болды. Кем дегенде, көліктің дизайны мен серіппе және басқару механизмдері өте ұқсас болып келетін. Көліктегі екі есік артқа қарай ашылып, машинаның артқы және алдыңғы терезелері бірдей болған. Өте тиімді шешім, солай емес пе?
"Бүкірге" ұқсай ма? Fiat 600
1960-1994 жылдар аралығында ЗАЗ зауытында барлығы 3 миллион "Запорожец" жасалды. Ал КСРО тарап кеткеннен кейін, 1994 жылы ЗАЗ зауытына "Запорожецтардың" өндірісін тоқтатуға тура келді.
Соңғы кездері раритетті көліктерді жинайтын автосүйер қауым "бүкір" "Запорожец" үшін 3000 еуро көлемінде ақша беруге дайын екен.
Сурет:dusterclubs.ru