Михаэльдің аты бүкіл Германияға ғана емес, "Формула 1" бәйгесінің әрбір жанкүйеріне таныс. Ол - әлемнің жеті дүркін чемпионы, көптеген жарыстардың жеңімпазы дүниежүзіндегі ең жүйрік пилот.
"Формула 1" бәйгесінің көптеген жүйріктері Шумахердің жетістігін қайталағысы келгенімен, олардың барлық әрекеттері сәтсіздікке ұшырап жатты. Сонымен бұл әйгілі пилот туралы тағы не білеміз? Қызық болса, әңгімемізді одан ары жалғастырайық.
Михаэль Шумахер 1969 жылдың 3 қаңтарында Германия елінде дүниеге келген. "Шумидің" (БАҚ Шумахерді сөйтіп атайды) әкесі шанағы жоқ көліктер жарыстарын өткізетін клубтың басшысы болып кезмет атқарған. Осылайша, Шумахердің болашақ мамандығы балалық шағында қалыптасты. Кішкентай Михаэль көлік айдауды ерте бастап,14 жасында пилот лицензиясына қол жеткізеді. Сол кезден бастап, Шуми көптеген жарыстарға қатысып, бәсекелестерімен бақ сынасқан. 17 жасқа дейін Шумахер бірнеше еуропалық чемпионаттарда жеңіске жетіп, 21 жасында "Формула-3" жарысында алғашқы чемпион деген атақты иемденеді. Кейін келе, Шуми Жапонияның "Формула-3000" жарысында көзге түсіп, 1991 жылы Бельгияда өткен Гран При жарысында "Jordan" командасының құрамында өнер көрсетеді. Сол жарыста мәре сызығын жетінші болып кесіп өтеді. Бұл Шумахердің "f1" көлігіндегі алғашқы жарысы екенін ескерсек, көрсетілген нәтижеге еріксіз таңдай қағуға болады.
1993 жыл Михаэль үшін өте сәтті өтті. Пилот Португалияда өткен барлық жарыстарда жеңіс тұғырын ешкімге бермеді. Ал 1996 жылы әлемге әйгілі "Ferrari" компаниясымен келісім-шартқа қол қойды. Шумахер "Ferrari" компаниясының сенімін ақтап, 17 жыл бойы сәтсіз нәтиже көрсеткен итальяндық команданы аяғынан тік тұрғызды. Нәтижесінде Шумахер компания қоржынына үш жеңісті салып берді.
2001 жылы Шуми Ален Просттың рекордың қайталады. Осыншама Гран Приді бұрын-соңды ешкім жеңген емес. 2004 жылы Михаэль жетінші рет әлем чемпионы атанады. 2010 жылдың желтоқсанында Шуми "Merсedes GP" командасымен ең жемісті келісім-шартқа отырды. Қазір пилот неміс командасының намысын қорғап жүр. Бұл келісім бойынша, Михаэльдің жалақысы 7 млн еуроны құрап отыр. Қазір Шумахер өз жанұясымен бірге Швейцария елінде өмір сүріп жатыр.
Суреттер gp-1.ru сайтынан алынған