Лимузин көлігі

Лимузин көлігі

Бүгінде тас жолда жарқырай жүйткіген лимузиннің дәурені жүріп тұрмаса да, тойларда, ерекше кештерде лимузиннің ішіне бір отыруды арман ететініміз рас.

Тотыдай таранған лимузиннің шығу тарихы да өзінше бір қызық әңгіме. Өткен ғасырдың 20-жылдарында АҚШ-та Генри Лиланд есімді инженер автокөліктің шанағын ұзартуды ұсынады. Инженердің идеясы сәтті болып, салон ішінің кеңдігі жолаушылардың ыңғайлы отыруын да қамтамасыз етеді. Жайлы демалыс үшін керек-жарақ заттарды қоятын да орын табылып, лимузин көлігі авто әлеміне байлықтың нышанындай бекиді.  

1924 жылғы лимузин

Лимузиндердің алдыңғы легін АҚШ президенті үшін шығарды. (Осы жерде айта кетейік, бүгінде әлемдегі ең қымбат лимузин АҚШ президентіне тиесілі болып отыр. Лимузинде президенттің қауіпсіздігі үшін бар жағдай жасалып, көлік оқ өтпейтін қабықпен қапталған). Бұл автокөліктер үкімет адамдарына жарты ғасырдай қызмет етті. Дегенмен, Лиланд бір кездері көлікке аз көңіл бөліп, осының әсерінен лимузинге деген сұраныс та күрт азайды. Инженер лимузиннің ішін жақсартам деп жүріп, сыртын ескермей қалған болатын. Ал Лиландтың компаниясын ұлы өнертапқыш Форд 8 млн. долларға сатып алған соң, лимузиннің биік беделі өзіне қайтып оралды. Ол автоқұрастырушыларына лимузинің іш-сыртын бірдей қылу туралы тапсырма береді. 

Дүниежүзілік соғыстардың салдарынан, жұрттың да лимузинге қарауға шамасы болмай, өнімнің сатылуы бір кездері тоқтады. Еуропада 50-жылдары ғана лимузин өндірісі қайта қолға алынды. Кезінде КСРО-да да лимузин жасап шығаратын зауыт болған. Осылайша, лимузин әр елде әр автоқұрастырушының шабыты мен шығармашылығына сәйкес дамып, өркендеп, бүгінгі күннің ең сәнді автокөліктерінің бірі болып отыр.

Осы бір ерекше автокөліктің құрастырылуы бір қарағанда оңай көрінеді. Неге дейсіз ғой? Әңгімемізді әрі қарай өрбітейік...

Лимузиннің танымал маркалары мыналар болып табылады: Lincoln Town Car, Chrysler 300C, Ford Excursion, Hummer H2, Hummer H3, Cadillac Escalade. Марканы анықтап алғаннан кейін, автоқұрастырушылар іске кіріседі. 

Лимузинді жасауға көбіне америкалық машиналар қолданылады. Ұзын лимузинді құрау үшін компания сериялық "Lincoln Town Car" немесе "Cadillac"-ты сатып алады. Машинаны екіге бөліп, алдыңғы және артқы бөліктерін өзгеріссіз қалдырады. Сосын ескі раманың орнына жаңа рама қондырады. Сериялық "Lincoln Town Car" қозғалтқышы да лимузинге сәйкес келеді. Ең қызығы көліктің ішіне назар аударылғанда басталады. Іші ең әдемі көлікті қалағанынша безендіру дизайнерлердің қолына өтеді. Автоқұрастырушы топ көлікті техниканың ең соңғы құрылғыларымен жабдықтап, жолаушыға жайлылық беру үшін барын салады. 

Лимузин көлігі бүгінде өмірдің байлығы мен әдемілігін сезіндіре алатын бірден-бір автокөлік болып отыр. Әлбетте, бұл автокөлікте кім-кім де өзін ханзада мен ханшайымдай сезінері сөзсіз...

сурет: kras-service.com, unusauto.ru

Р. Роза