- Негізгі бет
- Классика
- "Копейка" ...
"Копейка"
Бүкіл посткеңестік республика халқына белгілі ВАЗ 2101 көлігінің шығарылуы сонау 1970 жылы басталды. Халқымыз оны еркелетіп «копейка» деп атайды. Бір қарағанда ықшам әрі қарапайым сыртқы келбетімен көзге түсетін ВАЗ 2101 өзінің ФИАТ-124 атты итальяндық «ағасынан» еш ерекшеленбейді. Бірақ, бұған қарамастан «біздің» тұлпар техникалық жағынан әлдеқайда алда болған. Өйткені ФИАТ көліктерінің алғашқы партиялары кең көлемді өзгерістерді талап еткен. Көліктің басты құраушылары классикалық сұлба негізінде орындалған, дәлірек айтқанда темір тұлпардың қозғалтқышы көліктің алдыңғы жағында орналасса, жетекші рөлді артқы дөңгелектер атқарған. «Копейканың» шетелдік нұсқасы күшейтілген төрт есікті шанақпен, жетілдірелген қозғалтқыш және өзгертілген трансмиссиямен, жаңадан құрастырылған подвескамен ерекшеленді. Негізінде ВАЗ 2101 мен оның басқа да үлгілері біздің климатқа өте жақсы бейімделіп шығарылған. Көліктің клиренсі 3 см көтеріліп, подвеска толықтай жаңадан құрастырылды. Көліктің басқа да бөлшектері КСРО-ның қаһарлы аязына бейімделіп жасалды. Бұл көлік бес жолаушыны сыйдыра алатын кең әрі жайлы салонмен әлі күнге дейін кейбір жандарды қуантып отыр. Өндіріс барысында көлік салоны бірнеше рет өзгертулерден өткен. «Копейканың» интерьері сол заманға сай стильде орындалғанымен, салонның сапасы өте жақсы болды. Кейін келе көліктердің эргономикасы мен техникалық жағына қойылатын талаптар күшейтілгендіктен, панельдер тақтасы мен жүргізуші орны бұл талаптарды қанағаттандырмайтын. Уақыт өте келе қозғалтқыш көлемі 1,2 мен 1,3 л және жаңартылған шанағы бар ВАЗ 21011 мен ВАЗ 21013 үлгілерінің өндірісі басталды. 11 үлгі жаңа отырғыштар мен өзгертілген басқару құрылғыларымен жабдықталған. Бұған қоса жаңа үлгі көлемі 1,3 л болатын 69 а.күшті қозғалтқышпен жабдықталған. ВАЗ-21011 үлгінің өндірісі 1981 жылы аяқталса, халық сүйіп қалған «нөл бірінші» үлгінің соңғы данасы зауыт конвейерінен 1982 жылы шыққан. Екі үлгінің өндірілуі аяқталғанымен, зауыт 13 үлгіні әлі біраз уақыт шығарды. 2000 жылы «За рулем» журналының бастамасымен ТМД-ның 80 мыңға жуық авто әуесқойларының қатысуымен сауалнама жүргізіледі. Сауалнаманың қорытындысы бойынша ВАЗ 2101 көлігі Ресейдің ғасыр көлігі номинациясын жеңіп алды. Екінші орынды «Волга» жеңсе, Ваздың оныншы үлгісі үшінші орынға ие болады. АВТОВАЗ зауыты осы үлгінің 2 700 000 данасын шығарып, көлік өндірісінде дағдарыс жасап, технологиялардың дамуына батыл қадам жасады. Бұл көрсеткіш Ресейдің химиялық, сыр-бояу т.б өндірісінің дамуына оң ықпалын тигізді.
сурет pkuneev.livejournal.com сайтынан