- Негізгі бет
- Классика
- Жаңбырлы күндері автокөлікті...
Жаңбырлы күндері автокөлікті қалай күту керек?!
Күз мезгілінің жаңбырлы күндері басталды. Бұл жаяу жүргіншілер ғана емес, көлік жүргізушілері үшін де бас ауыртар жағдайлар тудырады. Бұл кезде көптеген мәселелерге көңіл бөлгеніңіз жөн.
Нөсерлі жаңбыр жауған күндері жол, түнел, көпір және кейбір көлік тоқтату орындарына су жиналып қалады. Сіз мұндай жағдайдан көлікті қалай аман алып шыға аласыз?
Алдымен өз көлігіңіздің жағдайын жақсы білгеніңіз жөн. Мысалы, көлік астының биіктігі, қандай жағдайда моторға не басқа бөліктеріне су кіріп бұзылуы мүмкін деген сияқтылар. Мысалы, сіз көлігіңізге орналастырылған ауа сіміргіштің биіктік деңгейін жақсы біліңіз. Көп жағдайда көлік моторын ауа сіміргіштен кірген су бүлдіреді.
Жиналып қалған судың үстімен өтерде су деңгейі көлік дөңгелегінің 2/3 бөлігінен асса, моторға су кіріп кетуі әбден мүмкін. Алда-жалда су деңгейі тереңдеу болып, көлік моторы өшіп қалса, газ шығарғыштан да оп-оңай су кіреді. Бұл моторды мүлде жарамсыз етіп жіберуі мүмкін. Сондықтан, қанша таяз су болған жағдайда да мотор оты өшіп қалса, қайта оталдырмағаныңыз жөн. Амалдың барынша көлікті итеріп шығарғаныңыз абзал.
Көптеген жүргізушілер су бар жерден тездетіп өтіп кеткенде қауіпсіздеу болады деп есептейді. Бұл мүлде қате көзқарас. Жоғары қарқынмен судан өткенде, көліктің алдыңғы бөлігі қысымға ұшырайды. Сонымен қатар алдыңғы жақтағы су деңгейі жоғарылайды. Бұл ауа сорғышқа су кіріп кету қаупін тудырады. Сондай-ақ айналаңыздағы автокөліктерді де сондай қатерге қалдырасыз. Сіздің көлігіңіз биіктеу болғанымен, өзгелермен де санасқаныңыз абзал.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: vmdaily.ru
Қ. Қауымбек