- Негізгі бет
- Классика
- Италиядағы аукционда аса...
Италиядағы аукционда аса құнды Bentley өртеніп кетті
Италиядағы Concorso d'Eleganza Villa d'Este атты автокөліктердің сұлулық конкурсы аясында RM Auctions аукционына қойылған 1929 жылы шыққан 6,5 литрлі аса құнды Bentley көлігі өртке оранды. Бұл туралы Jalopnik хабарлады.
Автокөлік сол заманнан осы уақытқа дейін сақталған 20 көліктің бірі саналатын. Аталған баспасөздің хабарлауынша, көлік оны оталдыру кезінде бірден отқа оранып үлгерген. Cол сәтте оның қасында аса қымбат саналатын Ferrari Enzo, F50, F40 және 288 GTO суперкарлары болған.
Шараны ұйымдастырушылар мен қонақтар көлікте тұтанған өртке қарап тұрмай, оны өздерінше сөндіруге кіріскен. Сондай-ақ олар жанындағы эксклюзивті көліктерді де қауіпсіз жерге көшіруге тырысқан.
Қызметкерлер Ferrari F40 және F50 көліктерін бірден құтқарып қалса, ал Enzo көлігінің тежегіші қайтпай біраз әуреленген. Алайда көпшілік әупірімдеп жүріп оны да орнынан жылжытқан. Осылайша жанындағы көліктер еш зардап шеккен жоқ.
Ал Bentley-дің жағдайы ше? Әзірге көлікке қаншалықты дәрежеде нұқсан келгені айтылмай отыр. Бірақ салыстырмалы түрде айта кетсек, қожайыны өзінің атақты темір тұлпарын сатып алушылар үшін бастапқы баға деп 540 мың еуро белгілеген екен.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: mail.ru
Б. Қосмағамбет