ГАЗ-13 "Чайка"

ГАЗ-13  "Чайка"

1957 жылы Молотов атындағы көлік зауыты атын "ГАЗ" деп өзгертіп, сол жылы зауыт басшылығы темір тұлпарлар индексінен «М» әрпін қолданудан бас тартқан еді. Сол кездердегі ЗИМ-нің көне үлгісінің орнын басу мақсатында алғашқы эксперименталды үлгі ретінде ГАЗ-13 көлігі құрастырылды. Көліктің сыртқы келбеті 1955 жылы шыққан американдық "Паккард Каррибиенттің" дәлме дәл көшірмесі еді. Үлгінің алғашқы даналары 1969 жылдың 16 қаңтарынан бастап шығарылған сериялық көліктерден сәл ерекшеленетін. Атап айтқанда көліктің артқы шамдары мен стоп-сигналдардың пішіндері «Паккардтағы» шамдардан ерекшеленбеді. Автокөлік сол кезде сән болған  қоңыр қызыл мен сарғыш түске боялатын.


 

Бұл көліктің басқа темір тұлпарлардан ерекше ететіні – капот үстінде орналасқан шағала бейнесі. Осылайша жаңа ГАЗ-13 үлгісіне «Чайка» деген атау қойылады. «Чайканың» өндірісіне: В.С. Соловьев, Н. А.Юшманов, Г. А. Пономарев, В. В. Гнетнев, П. Э. Сыркин, О. И. Пелюшенко, М. Мокеев, Б. Греков. (Л.Д. Кальмансон, Б.С. Поспелов, Б.Б. Лебедев, Л. Э. Дуарте) сияқты зауыттың шығармашылық коллективінде еңбек етіп жүрген инженер-конструкторлар аянбай тер төккен. Чайка сол кездегі темір тұлпарлардан сыртқы пішіні мен техникалық жаңалықтарымен ерекшеленетін. Көлікте қолданылған көптеген конструктивті шешімдер КСРО автокөлік индустриясындағы жаңалық деп толықтай айтуға болады. Автокөлікті көлемі 5,5 л 195 а.к-ті екі қатарлы, жоғарыклапанды V-типтес агрегат қозғалтатын. Жүкке толы көлік 160 ш/сағ. жылдамдықты еркін ұстап, 100 шақырымға бар жоғы 21 л жағар-жанармай ғана тұтынатын. Негізі «Чайкаларға» орнатылған қозғалтқыштар «крайслердің» сегіз цилиндірлі моторлар негізінде құрастырылып, төрт камералы карбюраторлармен жабдықталатын. Кейін осы қозғалтқыштар әскери техникаға да орнатылды. Көлік құрылысында конструкторлар автоматты беріліс қорабты, рөл гидрокүшейткішті, тежегіштегі вакуумды күшеткіш пен тағы да басқа көптеген агрегаттарды қолданды. Техникалық жаңалықтардың саны бойынша «Чайка» бұрын құрастырылған үгілерден әлдеқайда алда еді. Бұл көлік индустриясын жаңа белеске шығарды. «Чайканың» «қаңқасы» бүйір лонжерондары жоқ Х-типтес раманың негізінде құрастырылып, көлік шанағы резеңке «жастықтарға»  орналасып,  шанақ рамаға 16 нүкте арқылы бекітілді. ГАЗ-13–тің  кең әрі жайлы салонында 7 адам жайғаса алатын. Тез арада «Чайка» мемлекет басшыларының, елшілер мен компартия төрағаларының сүйікті көліктерінің біріне айналды. ГАЗ-13 көліктері мәскеулік дипкорпуста қызмет атқарып, ГДР, Болгария, Венгрия, Монголия, ҚХДР, Индонезия, Эфиопия, Финляндия елшілерін тасымалдады. Тіпті, бір «Чайка» АҚШ елшілігінің қызметінде еді.  ГАЗ-13-тің біреше данасы ғана қарапайым адамдардың меншігіне өтті. Жазушы Михаил Шолохов, космонавт Юрий Гагарин, балерина Галина Уланова, революционер Фидель Кастро сияқты еңбек ерлеріне Хрущев осы «Чайканың» кілтін табыс еткен. Министрліктер мен құзырлы органдардың меншігінде болған «Чайкалар» күрделі жөндеуден өтіп, неке қию сарайлар мен АХАЖ-тарда пайдаланылды. Өткен ғасырдың 70 жылдарында «Чайканың» сыртқы келбеті заманауи талаптарды қанағаттандыра алмағандықтан, өндірісі аяқталды. Мемлекет басшылары мен компартияның белді мүшелерінің бұйрығымен жаңа ГАЗ-14 үлгісінің өндірісі басталды.

ГАЗ 14

elit-auto.org belretro.com, ak34.ru сайтынан

Форумда талқылау