26 мамыр 1938 жылы 77 жыл бұрын «Фольксваген» зауытының іргетасы қаланды. «Фольксваген» концернінің тарихы 1934 жылдан бастау алады. Гитлер Германияға билік басына келісімен неміс халқына шағын, берік әрі арзан көлік жасап шығаруды бұйырды. Бұл істі атақты неміс құрастырушысы Ф.Поршеге сеніп тапсырды. Порше екі жылдың ішінде «халықтық автокөліктің» («volk» – халық, «wagen» – автокөлік) бірнеше нұсқасын шығарды.
Алғашқы Фольксваген өте сәтті шықты. Ол туралы халық арасында сан алуан пікір тарады. 1938 жылы New York Times журналы «Фольксвагеннің» сырт пішіні «қоңызға» ұқсайтыны жөнінде мақала шығарды. Бұл атау автокөліктің визит карточкасына айналды.
Осы «халықтық автокөлікті» көптеп шығару үшін 1938 жылы 26 мамырда немістің Вольфсбург қаласында «Фольксваген» алпауыт автозауыт құрылысы басталды. Зауыттың жаңа құрылысына Гитлер өзі арнайы барып, алғашқы тасын қойды. Көп ұзамай «Volkswagenwerk GmbH» фирмасы құрылды.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде «Фольксваген» құрылысы тоқтап қалды. Зауыт әскери өнімдер шығаруға бет бұрды. Соғыс аяқталған соң, Вольфсбургты ағылшындар жаулап алып, солардың құзырына өтті. Ағылшындар 20 мың автокөлікке тапсырыс берді, 1947 жылы «Жук» Ганноверге қойылып, көп адамның назарын өзіне аудартты. Көп уақыт өтпей зауытқа бірнеше Еуропа елінен тапсырыс түсті.
Қазіргі уақытта көлік шығарылымы жөнінен «Фольксваген» неміс автокөлік концерні әлемдегі алпауыт зауыттардың бірі. Әлемнің 15 мемлекетінде өз зауыттары бар. Audi, SEAT, Skoda, Volkswagen, Rolls-Royce, Bentley, Bugatti және Lamborghini сияқты жеңіл көліктермен қатар, микроавтобустар мен жүк көліктерін де шығарады. Штаб-пәтері Вольфсбургте орналасқан.
Бүгінде Батыс Еуропадағы сатылған әр бесінші автокөлік Volkswagen Group-тан шығуы да тегін емес. Концерн берік, сапалы өнімдердің тұтас сериясын ұсынып, кеше арман болған істі бүгін жүзеге асырып отыр.