- Негізгі бет
- Классика
- Енді тікұшақтар дыбыссыз...
Енді тікұшақтар дыбыссыз ұша алады
Біздің елімізде тікұшақтар жиі ұшады деп айта алмаймыз. Алайда тікұшақтың даусы Нью-Йорк, Лос-Анджелес сынды қалалардағы тұрғындардың мазасын алуда. Бұл өлкелерде тікұшақты ақпарат тарату агенттіктері, полиция, жедел көмек қызметкерлері белсенді түрде пайдаланады. Қарапайым халық әуе көлігінің ащы дыбысынан әбден мезі болғандықтан, оның ұшуына тыйым салу үшін әрекет жасауда.
Nasa Langley Research орталығының қызметкері Эрик Гринвуд бұл мәселенің шешімін тапқан сыңайлы. Гринвуд тікұшақ техникасын жөндеу жұмыстарымен айналысады. Ол жағымсыз дауыстан құтылуға мүмкіндік беретін FRAME тәсілін ойлап тапқан екен.
FRAME екі элементтің негізінде жұмыс істейді: тікұшақ даусының шығу себебін анықтау және жаттығу барысында жиналған ақпаратқа сүйену. Гринвуд физика заңдарына сүйеніп, тікұшақ даусының қаншалықты өзгеретіндігін болжай алады. Маман өзінің зерттеу жұмысының нәтижесін жыл сайын болатын Америка тікұшақ ұйымының 71-съезінде көпшілікке ұсынды.
Қалақты-құйынды әрекеттесудің нәтижесінде тікұшақтан қатты дыбыс шығады. Енді FRAME тәсілі бар кезде, ірі қала тұрғындары мұндай жағдайдың алдын ала алады.
«Біздің моделіміз жұмыс істеуге қабілеттілігімен ерекшеленеді. Болашақта ұшқыштар ұсынылған құралдың арқасында дыбыссыз ұша алады. Мысалы, ұшқыштар оңға бағытталған бұрылысты түрлі тәсілмен орындайды. Ойлап көріңізші, сіз жүзеге асырайын деп тұрған тәсіл тікұшақтың дыбысын күшейтеді. Алайда FRAME дыбысы шықпайтындай етіп орындау тәсілін ұсынады», - деп Гринвуд өзгелерге құралдың мүмкіндіктерін түсіндірді.
Гринвуд үшін өзі ойлап тапқан құралының соғыста немесе күнделікті өмірде пайдаланылатындығы маңызды емес. Бар болғаны құрал болашаққа жол сілтеп, тікұшақтарға да компьютермен басқару жүйесін енгізеді деген үмітте.
Қ. Бүйенбай