- Негізгі бет
- Классика
- Ең құнды спорттық...
Ең құнды спорттық автомобиль бәссаудаға қойылмақ
Bonhams бәссауда үйі 1961 жылғы ең құнды Aston Martin DB4GT Zagato 2 VEV британиялық спорттық автомобилін Гудвудте өтетін жылдамдық фестивалінің жазғы сатылымына шығармақ.
Бұл — Works бөлімшесі бейресми түрде шығарған екі машинаның бірі. Aston Martin DB4GT Zagato 2 VEV спорттық автомобилінің бағасы шамамен 15 миллион фунт стерлингті құрайды.
Сатуға шығарылатын DB4GT Zagato 1961-1962 жылдары халықаралық жарыстарда Ferrari 250 GT SWB, Ferrari 250 GTO Berlinetta сияқты модельдермен бақ сынасқан. DB4GT Zagato рөліне отырған шабандоздардың бірі Формула-1 жарысының екі дүркін чемпионы және «Инди-500» жеңімпазы Джим Кларк болатын.
Соңғы 50 жылда DB4GT Zagato жеке меншікте сақталған. Автомобиль 80-90-жылдары ретро автомобильдер жарысына бірнеше мәрте қатысқан. 1993 жылы орын алған апаттан кейін Aston Martin зауытында толық қалпына келтірілген. Aston Martin DB4GT Zagato 2 VEV көлігінің жылдамдығы сағатына 247 шақырымды құрайды.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Sotheby's бәссауда үйі 1954 жылғы Jaguar D-Type Works автомобилін бәссаудаға салды. Ягуардың бағасы шамамен 12-15 миллион доллар. Алайда, сирек спорттық автокөлікті осындай бағаға сатып алуға ниетті адам табылмады.
А. Оралқызы