АвтоВАЗ қалай құрылды? Кеңес Одағындағы автоөндіріс тарихына шолу

Өткен ғасырдың 50-жылдарында соғыстан кейінгі Кеңес Одағы халқының тұрмыстық деңгейі мүшкіл еді. Олардың жаңа автокөлік сатып алатын ақшасы болмады. Оның үстіне әлі дамып үлгермеген автоөндіріс темір тұлпардың бірнеше түрін ғана шығаратын еді. 

Сол кезде Кеңес үкіметі тек "Москвич", "Победа" және "Запорожец" деген үш модельді шығаратын. "Победаны" ауқатты адамдар мінсе, "Москвичке" тұрмысы орташа адамдардың ғана қолы жететін. "Запорожец" негізінен соғыс ардагерлеріне берілді. Одан артылғаны көпшілікке сатылды.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін КСРО Германиядағы көптеген зауыттарды көшіріп алып келді және неміс машиналарының атын өзгертіп өз өнімдері ретінде шығара бастады.

Мысалы 1945 жылы әлемге әйгілі "General Motors" компаниясының Германиядағы "тәжі" болған "Opel AG" автомобиль зауытының жабдықтары Мәскеуге көшірілген. Осылай Германияда өндірілетін "Opel Kadett K38", бұл жақта "Москвич-400" атауымен қайта жасап шығарылған. Кеңес Одағы конструкторларының өздері жасап шыққан "Москвичтері" 1950-жылдардың ортасына қарай пайда болды.

Жоғарыдағы көлік – "Opel Kadett K38", төмендігісі "Москвич-400"

АвтоВАЗ құрылуы мен көшірме көліктер туралы

1960 жылдары Батыс әлемінде, атап айтқанда АҚШ, Германия, Франция, Италия және Жапонияда автомобиль өнеркәсібі дамыды, шет елдегі 4-5 автомобиль зауытының әрқайсы кем дегенде 10-15 түрлі маркадағы автомобиль шығара бастады.

Айналасын бағып отырған КСРО басшылығы осы уақытта заманауи, "халықшыл" автомобиль зауытын салу керек екенін түсінді. Бірақ заманауи зауытты Кеңес Одағы тәуелсіз сала алмайтын еді. Себебі көлік жабдықтарын өндіретін зауыттың өзі жоқ болатын. Сондықтан, кеңестік автоөнеркәсіп шетелдік серіктестердің қолдауына мұқтаж болды.

Осыдан соң заманауи автомобиль зауытын салу үшін шетелден серіктестер іздеу басталды. Германия, Франция және Италияның бірнеше автомобиль өндірушілерімен келіссөздер жүргізілді. Өндірістік нысандарға бақылау, модельдерге шолу жасалды.

Соңында Италияның Fiat компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Зауыт құрылатын қала ретінде 54 аймақтан сол кездегі Куйбышев (қазіргі Самара) облысындағы қалашық таңдалды. Қалашыққа 1964 жылы италиялық коммунист Пальмиро Тольятти есімі берілді. Оған дейін 300 жылдық тарихы бар қалашық Ставрополь-на-Волге деп аталған. Италиялықтармен бірлесіп жұмыс жасау жоспары анық болған соң кеңестіктер жедел түрде қалашық атауын итальян коммунисі атымен атап, әріптестеріне зауыт осы қалашықта құрылатынын айтады. 

Fiat президенті Джанни Аньелли мен КСРО өнеркәсіп министрі Александр Тарасов арасында Fiat модельдерін шығаратын зауытпен бірлескен автомобиль өндірісі туралы келісімге 1966 жылы қол қойылды.

1966 жылы 20 шілдеде Тольяттиде автомобиль шығаратын зауыт салу туралы үкіметтің шешімі жарияланды. Содан бері 20 шілде АвтоВАЗ-дың құрылған күні ретінде атап өтіледі.

Бастапқыда жылына жарты миллион автомобиль шығаратын зауыт салып, оны одан әрі кеңейту жоспарланған болатын. Осылайша, Тольяттиде зауыт құрылысы басталды.

"Fiat"-пен ынтымақтастықтың тағы бір себебі – 1966 жылы компания шығарған "FIAT 124" моделі Еуропада "жыл автомобилі" атағын жеңіп алды. Сондықтан ынтымақтастық туралы келісімде бірінші осы модельді жасап шығару қолға алынды.

Еуропада жыл көлігі атанған Fiat 124

Автозауыт құрылысын бастау туралы үкімет қарары қабылданғаннан соң, Тольятти қаласы үлкен құрылыс алаңына айналды. Бұл жерге КСРО-ның түрлі аймағынан көптеген құрылысшы ағылып келе бастады. 

Осы зауыттың құрылысы үшін КСРО-ның 884 машина жасау зауыты қосалқы бөлшектер дайындады, бұдан бөлек шетелдегі 900 түрлі зауыт пен компаниялардан қосымша бөлшектер жеткізілді. Көлік италиялық компаниямен серіктестікте жасалғанмен, Ұлыбританиядағы, Германиядағы, Франциядағы және АҚШ-тағы әртүрлі зауыттардан италиялық көлікке  қосалқы бөлшектер әкелінді.

"Жигули" атауы қайдан шықты?

Автокөлік зауытының құрылысы алты жылға жоспарланған болатын. Алайда құрылысшылар оны үш жарым жылда салып, жабдықтап бітірді. 1970 жылдың 19 сәуірінде зауыт конвейерінен алғашқы алты автомобиль шықты. Бұл жыл автомобилі атанған "Fiat 124" моделінің "кеңестік нұсқасы"  – ВАЗ-2101 "Жигули" маркалы машина еді.

ВАЗ-2101, 1970 жыл

"Жигули" атауы Самара мен Тольятти қалаларының арасындағы Жигули деп аталатын адырлар атауынан шыққан.

Парақорлық КСРО кезінде де болды

ВАЗ-2101 "Жигули" машинасы "Копейка" лақап атымен танымал бола бастады. Алайда автомобильдің бағасы өте қымбат болды. Кеңес Одағындағы азаматтарының кез келгені оны сатып алуға қалтасы көтермейтін. 

"Жигули" өндіріле бастаған соң Одақта көлік тапшылығы азайды. Бірақ бұл уақытта ВАЗ-2101-ді автодүкендерден және базардан іздеп таба алмайтын едіңіз. Адамдар ақшасын төлеп, кем дегенде 2 жыл күтетін. Қысқа мерзімде, мысалы, алты айда немесе бір жылда алу үшін кейбір адамдар партиядағы "аға-көкелерін" ортаға салатын. 

Сонымен бірге, КСРО Одақтағы еңбек озаттарына көлікті кезексіз беру керек деген заң шығарды. 

ВАЗ-2101 "Жигули" 1970 жылдан 1988 жылға дейін шығарылды, жалпы зауыт осындай маркалы 4,8 миллион дана көлік өндірді.

Көліктердің шетелге экспортталуы

Жоғарыда "Адамдар ВАЗ-2101-ді сатып алуы үшін екі жыл күтті" деп айтып өттік, машина тапшылығының бір себебі – 1971 жылдан бастап ВАЗ-2101 шетелге экспорттала бастады. Бұл автокөлік автомобиль өнеркәсібі жоқ елдерге ғана емес, сонымен бірге жеке автомобиль өнеркәсібі бар дамыған мемлекеттерге де экспортталды.

Шетелге шығарылған ВАЗ-2101 автомобильдері "Жигули" деген атпен емес, "LADA" маркасымен экспортталды.

Кеңес Одағы шетелге экспортталатын көліктердің сапасына, әсіресе автомобиль салонына қатты көңіл бөлген. 

Аңыз болған "06"

1976 жылы АвтоВАЗ өзінің ең сәтті үлгілерінің бірі – ВАЗ-2106-ны шығаруды бастады. Бұл машина халық арасында "06" деген атпен танымал болды. Модельдің сыртқы түрі ВАЗ-2101-ден біршама ерекшеленді. Модель АвтоВАЗ зауытынан 2006 жылға дейін шыққан. Жалпы АвтоВАЗ ВАЗ-2106 үлгісінде 4 миллионнан астам көлік өндірді. Айта кетерлігі, бұл машина да көшірме болатын. "06" Fiat компаниясы 1972 жылы өндірген "FIAT 124 Speciale" моделінің дәл көшірмесі еді. Оған 1,6 көлемді қозғалтқыш орнатылған болып, көлік сағатына 152 шақырым жылдамдықпен жүре алатын.

FIAT 124 Speciale

Нива немесе орыс джипі

1977 жылы АвтоВАЗ шетелде "орыс джипі" атауымен әйгілі болған ВАЗ-2121 "Нива" автомобилін шығара бастады. Бұл көлік кеңес конструкторлары құрастырған алғашқы модель еді және бұл сәтті қадам болды. "Нива" ВАЗ-2121 шетелге экспортталған машиналар арасында кең таралған һәм ең танымал модель болып саналады. Ұзақ жылдар бойы оның тек 30 проценті ғана мемлекет ішінде сатылды. Қалған 70 проценті шетелге экспортталды. Бұл көлік Кәрі құрлық, Оңтүстік Америка, Африка, Ұлыбритания, Азия мемлекеттері, тіпті, Канадаға да экспортталды.

Нива

"Нива" сол кездегі әлем автоиндустриясын бастаған Жапон еліне де экспортталған. Ұлыбритания, Жапония, Үндістан сияқты елдердегі жолдардағы қозғалыс сол жақта орналасқандықтан шетелге шығарылған машинадағы рульдер оң жақа көшірілді. 1977 жылдан бастап осы күнге дейін 2,5 миллион дана "Нива" көлігі шығарылды. Жалпы, осы модель 2005 жылға дейін "Нива" ВАЗ-2121 моделімен өндірілді. 2005 жылдан бастап бұл көліктің атауы "LADA" 4х4  деп өзгертілді. Арада бірнеше жыл өтіп Кеңес Одағы ыдыраған соң, АвтоВаз АҚШ-тың "General Мotors" компаниясымен бірлесіп жаңа "Niva Chevrolet" моделін шығарды. Біраз жыл жаңа модель шетелде де, ТМД елдерінде де сұранысқа ие болды. 

Алайда 2014 жылы басталған Украина-Ресей қақтығысынан кейін халықаралық қауымдастық, соның ішінде АҚШ Ресей экономикасына санкциялар енгізді. Niva Chevrolet өндірісі Ресейдің АҚШ компанияларына қарсы санкцияларына байланысты тоқтатылды. Оның орнына АвтоВАЗ Urban моделін шығаруды бастады. Алайда бұл модель алдыңғылары сияқты сәтті болған жоқ.

Айтпақшы, 1991 жылға дейін АвтоВАЗ басқа да көптеген модельдерін ұсынды. Олардың кейбіреуі, мысалы, ВАЗ-2103, ВАЗ-2105, ВАЗ-2107, ВАЗ-21011 – Fiat-тың көшірмелері болса, 1980 жылдардың басында жасалған ВАЗ-2108 және ВАЗ-2109 модельдері АвтоВАЗ-дың жеке конструкторлары құрастырған көлік. Бұл екі модель: Sputnik және Samara деген атпен сатуға қойылды. 

Рэкетирлердің АвтоВАЗ-ға ықпалы

1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін АвтоВАЗ үшін қиын кезеңдер басталды.

Бір жағынан, халықтың машинаға сұранысы азайса, екінші жағынан, экспортқа шығарылатын көліктердің саны да қысқарды, үшіншіден, шетелдік арзан автомобильдердің Ресей автомобиль нарығына кіруі – "АвтоВАЗ-ды сындырды".

Оның үстіне АвтоВАЗ-ды түрлі қылмыстық топтар басқарып, көлік сатумен енді солар айналыса бастады.

АвтоВАЗ осылай ХХІ ғасырға құр сүлдерін сүйреп әрең жетті. Ресейге Путин басшы болып келгенде, бір жағынан АвтоВАЗ-ға шетелден серіктес компаниялар іздестіріле бастады, екінші жағынан зауытты иеленіп алған қылмыстық топтарға қарсы күрес басталды. Бұл күрес кезінде зауытты танымал, дәулетті һәм Ресейдегі атақты адамдар басқарып отырғаны белгілі болды. Оның бірі Борис Березовский болса, екіншісі оның оң қолы Бадри Патаркацишвили еді. 

Борис Березовский

Жаппай "тазалау" уақытында  Патаркацишвили қаза тапты да, Березовский Лондонға қашты. Осылай АвтоВАЗ қылмыстық топтар шеңгелінен босатылып, зауыт акцияларының бір бөлігі Францияның Renault компаниясына сатылды. Осыдан соң зауыт КСРО-дан қалған барлық ескі модельдерінен бас тартып, жаңа машиналар құрастыра бастады. 

АвтоВАЗ-дың болашағы бар ма?

Бүгінде АвтоВАЗ: LADA 4х4, LADA Largus, LADA Granta, LADA Vesta, LADA X-RAY сынды жаңа маркалы көліктер шығарады. Жалпы алғанда АвтоВАЗ Еуропадағы ірі автозауыттардың бірі бола алды. Зауыт осы күнге дейін 50-ден артық модельдің 30 миллион данасын шығарған. 

Жоғарыда айтылғандай, АҚШ бастаған Батыс елдері Ресей экономикасына қарсы санкцияларын жалғастыруда. Табиғи түрде санкция кесірінен АвтоВАЗ-дың жұмысы да жүрмей жатыр. 2014 жылы санкциялар енгізілген сәттен бастап АвтоВАЗ автомобильдерінің өндірісі, оның сату көрсеткіші Ресейдегі шетелдік автомобильдердің сатылымынан артта қала бастады.

Мәселен, 2018 жылы Ресейде 1,6 миллион жаңа көлік сатылды. Оның 350-400 мың данасы немесе 25 проценті ғана АвтоВАЗ шығарған автомобильдер. Германия, Франция, Жапониядағы автомобиль өнеркәсібін қарасаңыз, олардың ел ішіндегі автомобиль сатылымы кем дегенде 60-70 процент.

Ресейдегі АвтоВАЗ автокөліктері сатылымының төмендеуінің басты себебінінің бірі – бұл жерде құрастырылған автомобильдердің шетелдік автомобильдерге қарағанда сапа мен қолайлылық жағынан артта қалуы. Сондықтан кейбір сатып алушылар жаңа шетелдік көліктерді таңдаса, басқалары ескі болса да сапасы жақсы  автомобильдерді сатып алады.

Жалпы, АвтоВАЗдың болашағы Ресейдің халықаралық қауымдастықпен қалай қарым-қатынас жасайтынына байланысты. Егер халықаралық қауымдастық Ресейге экономикалық санкциялар салуды жалғастыра берсе, бұл АвтоВАЗ-ға кері әсерін тигізері сөзсіз. Егер санкциялар жеңілдетілсе немесе алынып тасталса, АвтоВАЗ келешекте гүлденуі де мүмкін.