Ferrari спорткары 27,5 миллион долларға сатылды

Ferrari спорткары 27,5 миллион долларға сатылды

Америкалық RM Auctions бәссаудасында 1967 жылғы Ferrari 275 GTB/4 NART Spider спорткары 27,5 миллион долларға сатылып, өзінің жаңа иесін тапты. Осылайша ол АҚШ елінде ашық саудаға түскен ең қымбат авто атанды.


Спорткардың жаңа иесі – канадалық бизнесмен Лоуренс Строл. Бұдан бұрын автокөлік кәсіпкер Эдди Смиттің жанұясына тиесілі болған екен. Олар көлікті 1968 жылдың наурыз айында Нью-Йорктен сатып алыпты. Содан бері олар көліктің жалғыз иегері болып келген. Соңғы алты жылда спорткар гаражда тұрған. Ашық қызыл түсті бұл көлік 3,3 литрлі он екі цилиндрлік қозғалтқышпен жабдықталған, ал оның қуаты 300 ат күшіне пара-пар.


Әлемге мұндай көліктің небәрі он данасы ғана шыққан. Соның бірі 1968 жылы басты рөлде Стив МакКуин ойнаған «Томас Краунның алаяқтығы» фильмінің түсіріліміне қатысты. Аталған актер осы Ferrari-ге тәнті болғаны соншалық, фильм түсірілімінен соң, дәл сондай көлікті сатып алған. Кейінірек МакКуин көлігін соғып алыпты.


Айта кетсек, бәссаудада сатылған автокөліктердің рекордтық бағасы 2012 жылы Ұлыбритания елінде орнатылған болатын. Ол кезде 35 миллион долларға атақты көлік жарысушысы Стирлинг Моссқа арнайы жасалған 1962 жылғы Ferrari GTO 250 сатылған еді.

Бағасының қымбаттылығы жағынан екінші орынға Формула-1-дің бес дүркін чемпионы Хуан Мануэль Фанхионың жарысуға арналған Mercedes-Benz W196 көлігі жайғасты. Ол британдық Bonhams бәссаудасында 29 миллион 650 мың 95 долларға сатылды.

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: sportcardigest.com, motor.ru

Ж. FM