Асылан Тілегенов: Сан салалы жұмбақ əлемнің сырын біліп қоятындай… оның құпиясын өзгеге ашып қоятындай… өмірге мейлінше құштар жандарды жалғаннан ерте алып қоятыны несі екен?! Асылбектің келте ғұмыры туралы ойланғаныңда əуелі осылай толғанасың да, оған əр нəрседен себеп іздейсің… Демде көз алдыңа қызыл шапанын жамылып ап, қарсыласына аш бөрідей «аласұрған» Асылбек келеді. Қызыл шапан… Қазақ Бекзат Саттархановтан айырылғанда «тіл-көз тиді» деген еді. Асылбектен айырылғанда да жерлестері «көздің сұғы…» дескен… Бəлесі аулақ деп атының өзін «иттиген» деп атайтұғын осы бір «дерттен» сақтануды ұмытып кететініміз-ай кейде. Одан бөлек айтыскер апамыз айтпақшы, «құшағы қатты халық» екеніміз жəне бар. Сол рас болса, талантына енді сүйсінген асыл ерлердің елдің құшағында күйіп кеткені қаншама?! Бекзат та, Асылбек те. Біраз жыл бұрын Талдықорған өңірінде Жандарбек есімді айтыскер жігіт жасындай жарқырапты. Ол бекзаданы да осы тізімге жатқызады өнеріне сүйінгендер. Біз Төлегенді, Шоқанды, Сұлтанмахмұтты ерте кетті дейміз. Солардан отызға сынық сүйем қалғанда ғана айырылыппыз. Ал бүгін осы бір беті аулақ «ерте кетудің» жасы кеміп бара жатқандай көрінеді. Көптің көңілін сүйіндірген журналист, əнші Руслан Бөлебай 24 жасында о дүниеге аттаныпты. Бекзат Саттархановтан 20-ақ жасында айырылыппыз. Ал біз əңгіме қылып отырған айтыскер Асылбек Ищанов 23 жасында жол апатынан қаза болды…
Жаңылсын МҮБƏРАКОВА, Асылбектің анасы:
Тілі кітаптың тілі сияқты еді
Асылбек бала кезінен елгезек болып өсті. Алмас деген досы екеуі үнемі бірге жүретін. Кішкентайында əжесінің бауырында болды. Сол кезде-ақ пластинкадан «Батырлар жырын» тыңдайтын еді. Сосын оны өзі жатқа айтады. Кітапханадан да кітаптар əкеліп əжесінің қасына жатып алып, Айбек, Айнұр (бауырлары – ред) үшеуі жарыса оқитын. Кітапқа көп əуес еді, бірақ, көбіне «Батырлар жырын» оқи беретін. Бертін келе сабақты да жақсы оқыды, кітапханадан əдеби кітаптарды үйіп-төгіп арқалап əкеп жүретін. Əрнені айтып, үнемі біздің көңілімізді көтеруден жалықпайды. Тілі де қарапайым емес, кітаптың тілі сияқты еді. Біреулерге пародия жасайтын да өнерін байқағанбыз. 7-сыныптан бастап өлең шығара бастады. Сыныптастарына арнап шығарған өлеңдері үйде бар қазір. Ол кезде онша елемейміз де ғой. 10-сынып оқып жүргенде «Мен беташар айтам» дейді. «Қой, қарағым, сен қалай айтасың?» деймін сеніңкіремей. Өзінің жазып дайындап қойғаны бар екен, соны көрсетті. Əп-əсем жақсы жазыпты, ұнаттым. Содан менімен бірге тойға барды, беташар айтуға. Бірақ той иесі кісі жалдап қойдық деп, айтқызған жоқ.
Кейін мектеп бітіріп қалаға кетті. Журналист болам деген, бірақ оған түсе алмай қалды. Қазақ əдебиеті мамандығы бойынша оқыды. Бір күні қалаға барсам, «мама, мен айтысқа қатысайын деп жатырмын» дейді. «Ойбай, сен не айтасың? Көп кісінің ортасында айтысқа қатысу оңай ма? Сөз табу қайда оған? Ұят емес пе, əлі жетілген жоқсың ғой?» деймін. «Жоқ» дейді ол. Тағы бір жолы «Айтысайын деп жатырмын, Балғынбек Имашевты сұрап алдым» дейді. «Ойбай-ау, айтыс деген оңай ма? Ұятқа қаласың ғой. Одан да журналист болсаңшы. Журналист болсаң да көрінесің ғой» деймін. «Жоқ, мен қалайда Жүрсіннің алдынан өтуім керек, айтыскер болам» деп қоймады. Амал жоқ, жолың болсын дегеннен басқа не дей алармыз?! Ол кезде кеңшарда жұмыс істейміз, артық жүріс жоқ. «Ертең айтысам» дегенге мəн бермей ауылға қайтып кетіппін. Ертесінде қызым хабарласты, «жақсы айтысты, Балғынбектің батасын алды» деді. Сөйтіп айтысқа бел шешіп кірісіп кетті. Ана жақ, мына жақтан орын алып келіп жүрді. Сосын Алматыға «Айтыс чемпионатына» кетті. Сол айтыста үлкен дастархан жайып қойғаны бар ғой, отырып алып, шəй ішіп, жүзім жеп отырса алаңдайтынмын. «Ойбай-ай, жүзім жегені несі, қарсыласына сөз дайындамай ма?» деймін іштей. Бірақ айтысып шығатын. Екі айналымды жеңіп келіп, үшіншіге кетем деп жүргенде осындай жағдайға тап болды ғой. Құдайдың маңдайына жазған өмірі болар, қайтейік енді… Асылбегімізден айырылғанымызға биыл 9 жыл.
Басқа балаларыма домбыра үйретсем, неге екенін, Асылбек жоламайды. Алыстау жерге барып, қарап отыратын. Қайдан үйренгенін, кейін өзі үйреніп алыпты. Құдайдың бергені боп тұр ғой…
Шерхан Талап: Иə, Асылбек аядай ауылдың көңіл қуанышы еді. Күллі жұрт осы бір талантты жастың тілеуін тілеп, сыртынан сүйсініп жүретін. Алақандай Айдарханнан «ақын шықты» деп марқайып, бəйгеде сүрінбеуіне тілек қосатын. Біз секілді ойын балалары жарқырай шыққан дарынның дақпыртына елтіп, таяғымызды домбыра ғып сабалап əлекпіз. Жұрт көзінен таса жерге барып Асылбектің мақамына салып, төкпелете сарнаймыз. Теледидардан айтысын көріп, бөлмеге сыймай бұлқынамыз кеп. Бүкіл қазақ көк жəшіктен тамашалап отырған баланың жерлесің екенін бар болмысыңмен сезініп, мақтанғың келеді бір. Белгісіз бір сезімнің əмірімен арқалана сөйлеп, шабытты күйге шырмаласың.
«Мың жерден мықты болып келсең дағы,
Мен шықтым Махамбеттің намысымен.
Ағызып əкетермін бет қаратпай,
Жайықтың асау толқын ағысымен», – деп қарсыласына қырандай шүйлігеді ол. Қаның қызып, қайраттана түсесің. Кейін өлеңнің соңына түсіп, ақын боламыз деп аласұрсақ – Асылбекке деген аңсардан еді…
Елде болсын, белде болсын дүркін-дүркін ұйымдастырылып жатқан дүбірлі додаларда қызыл шапанды жігіт жиі көзге түсетін. Той-томалақтарда да тізгін алып, көсіле сөйлейтіні барды. Жиырмадан енді асқан жас ғұмырдың өмір жолы тым қысқа болды. Қызылға құмар көздің сұғы өтті ме, өтініші ауыр сөздің өрті шарпыды ма, білмеймін. Пешенесінің жазуымен пенделерін «темір жейтін» заманға тап келді…
«Ақмаңдай ару жылайды,
Көз жасын көл ғып бұлайды.
Ақындар асып туғанмен,
Жұлдыздай ағып құлайды…
Ақын боп туған асыл тек,
Көрмедің əсте бас іркеп.
Махамбет бабаң рухымен,
Жандың да кеттің Асылбек…»
(Мұнайдар Балмолда.)
Асылан Тілегенов: …«Ауылға, мектепке концерт қоятындар келіпті» дегенде əуелгіде үрпиісе қалдық. Бұрын мұндай болмаған, тосын еді. Тегін дейді жəне. Ести сала мектеп-үйге қарай құстай ұштық. Жыландай иірілген көлді айналып барам дегенше мектеп алдындағы өнерпаздардың ат-көлігі көрінді – сендік. Аз уақыттан соң алақандай ауыл бір уыс боп шағын мектепке жұмыла қалды. Концерт басталам дегенше өнерпаздар мен олардың аспаптарын көзбен тінтіп жатырмыз. Кілең токпен істейтін аспаптар «түк көрмеген» бізге əрі тосын, əрі қызық. Сымдарын бір-біріне жалғап əлек. Бір бұрышта домбыра сүйеулі тұр. Əдемі екен. Бір кезде… екі-үш күн сайын əдеті қайталанып тұратын жарық жалп етіп өшті де қалды. Бізге таңсық емес, концертшілер сасып қалды. Мұндайда түзу нəрсеге де тілін безейтін ауылдың адуынды апалары оқыс мырс етіп, күңкілге басты. «Бəсе деп ем-ау, қайдағы концерт біз бейбаққа». Дегені сол еді, домбыраның құлақ күйі бұрала берді. Жалт қарай бергеніміз сол, бойшаңдау жас жігіт домбырасын сүйкей түсті… Бірінің артынан бірі терме, əн-жыр… Қасында тағы бір жолдасы бар – екеуі ғана бүкіл концертті қойып шыққан сол Асылбек еді.
Əсіресе, Асылбектің əуелеткен əні шағын мектепке ұйыған бізді басқа əлемге жетектеп əкеткендей, «əн-жыр» деп аталатын алып шаһарды таныстырып, соған елітіп жүргендей еді. Асылбекті алғаш көргеніміз сол болатын, одан кейін Алматыдағы аламан айтыстағы эфирден көрдік…
Мэлс ҚОСЫМБАЕВ, филология ғылымдарының кандидаты, Мемлекеттік Дарын сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының мəдениет қайраткері:
Құштарлығы болғанмен, іштарлығы жоқ еді
Өзіңе дейінгілер туралы емес, өзіңнен кейінгілер туралы естелік айту қандай қиын. Бірақ қиын болса да айту керек. Асылбектің бойында арамдық жоқ болатын. Жанары қандай таза болса, жаны да сондай таза. Өнерге құштарлығы болғанмен, іштарлығы жоқ. Қазіргі сахнада құштарлықтың орнын іштарлық басып бара жатыр….
Асекең күндіз-түні телефон соғып: «Қайдасыз, аға?» – «Қазақс-тандамын». «Қалыңыз қалай?» – «Қазақстан сияқты!» Сағатқа қарамай, салып ұрып үйге келеді. Шəй ішеміз. Шабыт шақырамыз, келсе, əрине… Түнімен ұйықтамайды. Асылбектің айтыстарында сөзі мен сазы қатар құйылатын. Домбырасы Айдарханның жылқысындай аспанға қарғиды. Махамбет пен Қашағанның мақамы домбыраны қарғытпай қоя ма?!.. Мен айтысқа кеткенде, Мұқағалимен «оппозициядағы» мұғалімдер баланы «зачеттан» қысады. «Анда кетті, мында кетті…» деп. Келгесін оларды мен қысамын. «Ақынды арқандама» деп… Байтақ жұрттың көзінше бажылдамай, кейін өзін оңашада сілеусіндей сілкіп алатынмын. Өкініштісі, осындай оғланның жарқ етуінен жалп етуі тез болды. Ол өнерге таза келіп, таза кетті. Жалпы, ақынды ой құртпайды, той құртады… Шулаған жұрттың ішінде тулаған жүрек тынши ма?! Жаттанды сөз, жасанды мінездің ішінде жүру той емес, тозақ қой… Менің естелігім мен білетін Асылбекке ғана емес, мен білмейтін Асылбектерге де арналған. Олардың жанының жайлауына ой жайылса да, қой жайылмаған. Рудың емес, Рухтың сөзін айтатын Сардарлардың өмірі санамызда жалғасады. Ол бала кезінде бəйгеге түсіп, атқа шапқан. Асау аттың жалында арпалысып Асылбек əлі кетіп барады… Өзі жырлаған Құс жолының құшағына!
Шерхан Талап: Ақын-жазушылардың өз өлімін болжаған көріпкелдігі туралы Қадыр Мырза Əли «Жазмышында» жақсылап жазды. Мəселен, «Орыс поэзиясы көптен күткен ақын» Николай Рубцов өлімін өлеңінде баян етеді. «Қызыл шұнақ аязда өлермін мен…» деп өзі жазғандай, 1971 жылдың қақаған қаңтарында (19 қаңтар) адам қолынан қаза табады. Түріктің даңқты ақыны Назым Хикмет өлерінен үш ай бұрын қызық бір өлең жазады. Бұнда ол өзінің қалай дүние салатынын жəне қалай жерленетінін нақпа-нақ келтіріп кеткен. Сол өлеңде «Маған, сірə, бұйырмайды туған жер» деп болжам жасайды. Өлеңнің құдіреті ме, əлде ақынның əулиелігі ме, айтқандай ол Мəскеу зираттарының біріне жерленіп, туған жеріне жете алмай жығылды.
Ақынның өз өлімін тұспалдай жырлауын Мұқағалимен де байланыстыруға болады. Ақын өмірінің соңғы жылында:
«…Өзімнің есебімде,
Мен биыл дəл қырықтың бесеуінде.
Кім біледі, ендігі қалған өмір,
Неше күнге жетерін, неше түнге.
Ұмыт болып есебің де, есегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,
Қырықтың бесеуінде…» – деп, өзінің қайтыс болар жасын дəл көрсетіп кетті.
Иə, cөз – кие. Аңдамай айтқан ауыз сөз тағдырыңды өзгертіп жіберуі мүмкін. Құдай аузына салды ма, кім білсін…
Асылбек те соңғы айтыс-тарының бірінде от ауыз Оразалының жолын ниет қып, сорын сұрап алғандай болды…Арқасы қозып, арыны күшейіп отырған бір сəтін-де:
«Бір күнде бес ақынмен
Айтысып бəрін жеңетін,
Оразалының жолын бер!» деп, төгіле жырлады…
Арада көп уақытөтпей, отызға жетпей жол апатынанқаза тапқан Оразалы Досбосыновтай тас жолда тағдыры үзілді… Өмірзая. Ерте сөнген үміт секілді. Жанарды өртеп жарқырап тұрды да жоққа айналды. Біржола. Қара түнді тіліп өтіп, шексіздікке сіңіп кетті. Танабайдың тағдырлы өмірі… Артығалидың белгісіз өлімі… Қыршын қиылғандар туралы ой иектесе болды мына бір жыр жолдары тілге орала кетеді. Бұл да Асылбектің өз өлеңі:
«Қайтейін, бұл да өмірдің өктемдігі,
Қап-қара тұман басып, бар маңымды.
Тоқырап мəңгілікке кеткен күні,
Топырақ жоғалтады арманымды!»
Балғынбек ИМАШЕВ, айтыскер ақын:
Асылбек…
Асылдың сынығындай еді… Жасынның ғұмырындай болды. Басқа-басқа мен Асылбектен зор үміт күттім. Сендім. Мэлс пен Бауыржанның соңынан шыққан тегеурінді толқынның басы еді Асылбек. Аз уақытта адуынды ақын болатынын, тақырға өнген тары емес, құнарлы топырақтың жемісі екенін танытып үлгерді. Өмірде өте елгезек, ізетті іні, көркем мінезді мүмін, жайсаң жігіт болғанымен, саxнада қауіпті қарсылас, əдісі алуан əккі əріптес еді. Кескін-келбетіне дауысы, ақындығына əуен-мақамы, дарынына əртістік қабілеті қосылып көрерменнің де көзін тойдырып, қазылардың да көңілін толтыратын. Өнердегі шабысына, өлеңдегі табысына тілектес боп батамды беріп ем, өмірі қысқа болды. Алланың жазғанына амал бар ма?
Арғы дүниесі абат болсын!
Асылбектің термесі
Айта алмасам арлы сөз,
Болады тіл мен жаққа сын.
Қиқулап елім қолдаса,
Ал жіберейін ат басын.
Біз қазақ деген ел едік,
Ғасырдың ашып қақпасын,
Бөрі де болған бұл қазақ,
Тұяғын серпіп шапқасын.
Қыран да болған бұл қазақ,
Əуеде қанат қаққасын.
Түйе де болған бұл қазақ,
Замана жүгін арқалап,
Бүгілмей келе жатқасын.
Бұғыны да емген бұл қазақ,
Ажалдан аман қалғасын.
Тазы да болған бұл қазақ,
Түлкінің ізін баққасын.
Біз болмаған не қалды,
Талайдың дəмін татқасын.
Барыстыққа бет алып,
Көш түзедің баққа шын.
Олай болса, ағайын,
Келешек мына ұрпаққа,
Ұлылар сөзін жақтасын!
Қаймана қазақ баласын,
Шошқа болудан сақтасын!
Дайындағандар: Шерхан ТАЛАП,
Асылан ТІЛЕГЕНОВ
«Ақ желкен», №6
(Маусым, 2016)