Марк Твеннің мысықтарды жақсы көріп, керісінше, бала-шағаны жек көргені, Дюманың кәуапты алғаш Францияға алып келгені, Бальзактың шектен тыс кофе ішуге құмартқаны - жазушының өмірін шығармасынан қызық әрі бағалы қылуы мүмкін...
* * *
Марк Твен мысықтарды жақсы көріп, керісінше, бала-шағаны жек көрген. Бірде ұлы жазушы: "Егер алда-жалда адам мен мысықты будандастырар болса, онда одан адамзаттың ұтары көп болар еді, ал бірақ, мысықтар ұтылған болар еді" - депті.
Твеннің аузынан темекі түспеген. Әйгілі тапқыр сөзінде ол: "Темекі тастау оңай, одан жеңіл іс те жоқ. Маған сеніңіз, мен мұны мың рет жасап көрдім"- деген екен. Бар-жоғы сегіз жасынан шылым шегуге құмартып, өмірінің соңғы күніне дейін жазушы 20 талдан 40 тал аралағында (әр күні) тұтатып отырған. Бір қызығы, оның алған шылымдары шылымның ең сасық, ең сапасыз түрлері болыпты.
Оноре де Бальзак түріктің қою кофесінен ішіп тұрмаса, басы ауырған. Ел аузында ұлы жазушының күніне 50 шыныаяқ ішкені, егер кофе қайнатуға мүмкіндігі болмаса, оның орнына, кофе дәндерін қолына алып, құштарлана шайнайтыны айтылады.
Бірде шебер Бальзактан өз жұмысының ақысын (ертеректе үйін жөндеген) сұрай барады. Бальзак қалтасында ақшаның жоқтығын айтып, келесі жолы соғуын сұрайды. Оған ашуланған шебер: "Әр жолы ақша үшін келгенде не сіз үйде болмайсыз, не ақша болмайды" - десе, оған еш қысылмаған Бальзак: "Бұл енді түсінікті ғой! Өзіңізге де мәлім, егер менде ақша бар болғанда, онда, мен, әрине, үйде отырмаған болар едім"- депті.
Дюма өз спектаклдеріне жұртшылықтың назарын аударту үшін романтикалық мәндегі хабарламаларын жеткізіп тұрған. Мәселен: "Тұла бойыма тінте қарап, "Нель мұнарасы" кешінде мені ұялтып тастаған сол мырза бүгін келе ме? Оған өз хатымды қалдырар едім. Ғашықпын" - деп айтқан жас бойжеткеннің сөзіне Париж халқы мен шет жақтың меймандары құлақ түріп, сол жұмбақ "ғашық" өздері емес пе екен деп, әйелдер жағы жұмбақ "ғашық" кім болды екен деп, билет сатып алатын болыпты.
Кәуапты Францияға ең алғаш алып келген Дюма! Ең алғашқы кәуап орталығын ашқан да сол. Кавказда жүріп үйренген ет қуыру әдісін Еуропаға үлгі еткен де сол.
Ұмытпай тұрғанда, "Некеге отырудың салмағы ауыр екені соншалықты, оны көтеруге екі адам, кейде үш адам жұмылғаны дұрыс" - деп Дюма айтқан болатын...
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: sel123.ru