- Негізгі бет
- Көкжиек
- Үш ақын –...
Үш ақын – бір тағдыр
Мәңгілік осындай Ол үлкен жолдың үстінде келеді.
Шойынқұлақтың жаны киіктің ішіндегі сандықта болса, ақындардың жаны өлеңде деп білем. Ақындық – құр ұйқас пен жылтыр, жауыр, жаттанды, әсемпаз сөздер ғана емес, оған сонымен бірге мағына да керек қой. Мағына болғанда жеңіл-желпі, арзанқол жадағай желең қабаты емес, терең де мазмұндысы қажет. Мен о баста жаңа поэзияны оқуды Төлеген мен Қадырдан бастадым. Содан соң, Мұқағали мен Мұхтарды қостым. Ойшылдарын, пәлсапашылдарын ұнатам. Кейінгілерден Жұматай ұнайды.
Қараңғылықта бар-жоғын білмей өткенше, жанды көбелектей бір жарқ ете алсақ та жақсы екен-ау. Мысалы, Төлеген Айбергенов сияқты.
Ұлы Чеховтың: «Біз бүгінде жаза білу дегенді ақ қағаздың бетін сөйлемдерге толтыра білу деп жүрміз. Ал, шынында, жаза білу дегеніміз – сол сөйлемдердің ішіндегі жарамсыздарын сыза білу» – деген өсиеті бар.
«Уақыт бәрін алып кетеді: жылдар тізбегі есімді де, сыртқы пішінді де, мінез-құлық пен тағдырды да өзгертеді» депті Платон. Жоқ, олай емес, – деп Уақыт туралы ақиқатқа мойынсұнбай алғашқы махаббат сезімін қорғағандай жанұшырып – жас кезде құмартқан жақсылықтарынды қорғағың келеді. Қазақ халқының аяулы ақындарының бірі Төлеген Айбергеновтың тағдыры, өзіміздей жастардың студент кезде жатақхана жарығын сөндірмей, жастық астына сақтап, құмарта оқыған Төлеген тағдыры – найзағай ғұмыры, қысқа өмірі сөнді деуге менің жүрегім келісе қоймайды.
«Ақынның аты өлмейді» дейді халқымыз. Шынайы талант – мәңгілік ғұмыр. Төлегеннің өмірден көшкеніне біраз уақыт өтсе де есімі елмен бірге келе жатуы соған дәлел. Оның өлең өлкесіндегі құс жолындай нұрлы соқпағы кейінгі інілерге өшпес өнеге. Жастарды ақын мұралары қашанда қызықтырып, өзіне тартып тұрады. Таланттар туралы әр сөз, олардың әрбір ойы жас жүректерді тербетіп, сезімдерді тәрбилейтіні ақиқат қой. Адал ойға жетелейді. Мынау қым-қуыт заманда адал ой, таза пікірден асқан байлық жоқ, Төлеген айтпай ма:
«Өзгеге қалай көрінетінін білмеймін, мен үшін ойлану мен қиялға берілу бүкіл өмірімнің бас қызығындай саналады. Осы аз өмірімнің ішінде ойланып өткізген уақытатрымды өз міндетін атқарып өткізген, саналы өткен, даңқты өткен уақыт деп есептеймін. Сондықтан да мен ойлар үшін, ойлану үшін қаншама уақытым кеткен болса да, ол үшін өмір бойы өкінбей өтемін ғой деп ойлаймын. Мен үшін өкініштісі сол, арзан күлкі мен болмашы ләззатқа бола жылап кеткен алтын сағаттарым болса керек. Мен осы күнге дейін қанша ойларды қағаз бетіне түсіре бергенде ғой, басқа үшін елеулі дүние болмағанмен, өзіме көп пайдасын тигізер еді-ау, шіркін!» деп. Ұлылық жасқа қарамайды. Асқақ ойлы ақынның қаршадай кезіндегі осы ойларының «Талант иелері уақыттарын өзін-өзі болашақ ұрпақ құрмет тұтатындай етіп пайдаланулары керек. Игілігіне ештеңе қалдырмасақ, ұрпақ біз жайлы не ойлайды?» деген Д. Дидроның пікірімен астасып жатқаны таңдандырмай қоймайды. Төлеген өз ойын міндетті түрде құптауға тіпті де ұмтылмайды. Өйткені, ол ақиқатты жұрттың бәрі сырттай болмаса да іштей мойындайтынын жүрегімен сезеді. Төлегеннің «Жұрт не десе о десін, мен адамға бір берілгенде құлай берілгенді құптар ем. Менің ойымша құлай берілу, ессіз сүю шексіз адалдықтың белгісі. Өмірде өзінен басқаға құлай берілмейтіндер достықта, жолдастықта, махабатта қателеспеуі мүмкін, бірақ оның шын адал достарының аз екендігіне, тіпті жоқ екендігіне сенімім кәміл» деген пікіріне қалай келіспессіз. Бірақ адам есейіп барып келетін ойға таланттың қаршадай кезінде жету құдіретін қалай түсіндірер ең?! Ұлы Пушкиннің бала кезіндегі өлеңдерінің ұстаздарынан асып түскені сияқты, бала күнгі Төлегеннің ойлы пікір-толғамдарының өзі де өлеңге бергісіз жырдай оқылады. Қазақтың көбі ақын Төлегенге өлең арнады.
Жастардың өзіне дейінгі жаман шығарманы оқымаса да, жақсы жазушы, ақынды мойындап оқығаны дұрыс қой. Дегенмен, жүрекке жақсы көру, жек көру сезіміне келгенде әмір жүрмейді. Қазақ әдебиетіне жалынды ақын Төлеген Айбергенов әр жол, әр шумағынан тер иісі мен тіршілік тынысы аңқып тұрған «Құмдағы мұнаралар» атты өлең кітабын алып келді. Біз осы кітап арқылы поэзиядағы бүгінгі оқырман қауым да, әдебиет сарапшылары да кезінде бір ауыздан тың үрдіс, жаңа құбылыс деп қабылдады.
Ол жырлардың әлденеше рет басылып шығуы сол пікірлердің дұрыстығын байқатса керек. Әрине, Төлеген өлеңдеріне Диқан Әбілевтей ағамыздың сәт-сапар тілек-батасы, ал ақынның «Мен саған ғашық едім» кітабына Қуандық Шаңғытбаевтың қоштасу сөзін қинала-қинала, жүрегі езіле жазғаны жадымызда. Төлеген туралы сөз айтқандарға риза болып, жақсылығымды үйіп-төккім келеді де, жазбағандарға «жазыңдар, жақсы сөздеріңді аямаңдар, кейінгі жастар білсін Төлеген туралы» дегім келеді.
Қазірге жас ақындар бойындағы бір нашар қасиет – өзіне дейінгіні де, кейінгіні де көзге ілмеу, өз өлеңін өзгеден жоғары қоюшылық, кеудеге нан пісушілік, керемет дүние тудыруға кедергі жасайды. «Лениншіл жаста» Мұқағали Ғабит Мүсіреповпен кездескені туралы жазды. Сонда «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын мақтағанда ыңғайсызданыпты. Ақын Төлеген туралы Ғабең естелігі де осыған саяды. Ғабит Мүсірепов: «Маған жастардың ішінен марқұм Төлеген Айбергеновтің менмендігі жоқ қарапайым ғана адамдық мінезі қатты ұнаушы еді. Бір күні ойда жоқта екеуіміз жолыға қалдық. Алдында біраз өлеңдерін оқыған едім, солардың өзіме ұнағанын айттым. Байқап тұрмын мақтауымды ол жай сыпайылық үшін ғана қабылдаған сияқты. Айтқандай-ақ сөзімді аяқтаған кезімде:
«Ой, Ғабе, жаңа сіз айтқан жақсылықты да, жаңалықты да мен өзіміздің халық ақындарынан алып жүрмін ғой. Тіпті: сіз Ақан серінің мына бір-ақ өлеңіне еліктеуден туған өлеңімді де байқамадыңыз-ау, – деді күліп. Амал бар ма, біз қазақ әдебиеті екі-үш дарыннан ерте айырылдық. Олар – Абдолла, Баубек, Төлеген».
Шын жақсы ақын әрі қарапайым, әрі талантты.
Төлегеннің ұйқастарда жеткен жетістігі өз алдына, әңгіме етуге тұрарлық дүние. Шәмші Қалдаяқов туралы Қадір Мырзалиевтің «Қайырмадан қайырма тудыратын композитор» дегені бар еді. Төлеген «ұйқастан ұйқас тудыратын ақын -өлеңінің музыканты». Төлегеннің бір мықты ерекшелігі – ол ұйқас қуып кетпейді. Мағынасыздыққа ұрынбайды. Оның зәресі ұшып қорқатыны да сол мағынасыздық, сылдыр сөз. Сұлу тіркес. Қазіргі жас ақындардың көбінде сұлу сөзге құмарлық басым. Олар құр жылтырақ болып, көзге ұрып, ой салмағын мүлдем жеңілдетіп жібереді. Төлегеннің бала кезіндегі өлеңдерінен шарқ ұрған ізденіс аңғарылады. Көзі жарқырап, буыршындай бұрқырап тұрып оқитын өлеңі.
Біздің айтпағымыз – Төлегеннің өзіне дейінгі ақындардың шығармаларын түгел оқып, көбісінің өлеңін жатқа білетіндігі.
Біз көрген, естіген ақындардың ішінде Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев, Ғафу Қайырбеков, Мұқағали Мақатаев өлеңді нәшіне келтіріп жақсы оқушы еді. Соның бірі Төлеген Айбергенов болды. Оның өлеңдері түрлік жағынан да өзгеше ғой. Осы өзгешелік ақынның өз аузынан естілгенде құлпырып, құтырып шыға келетін. Төлеген даусын көтере, үзіп, келте қайырар еді. Тағы бір таң қаларлығы – Төлеген өз өлеңдерін қағазға қарамай, жатқа соғатын.
– Мен өзім шығарған бар өлеңді басынан аяғына қарай да, аяғынан басына қарай да жатқа оқимын! – деп мақтанушы еді. Төлеген үйге қандай қонақ келсе де, әңгіменің басын өлеңге тірейді. Бірде ақын Тоқаш Бердияров қонаққа келген. Төлеген екеуі аз ғана әңгімеден кейін өз өлеңдеріне кезек берді. Бір уақытта Тоқаш ағамыздың қолында Ілиястың кітабы, ал Төлеген «Дала» поэмасын соңынан басына қарай жатқа оқып отыр екен. Ол Әбділда ағасының да жырларын жанындай жақсы көруші еді. Бір жақсы адам туралы немесе жақсы творчество туралы сөйлегенде Әбекеңнің өлеңдерін оқып, тыңдаушысына мойындатып отыратын, – дейді жары Үрниса.
Төлегеннің бойындағы тамаша қасиеттің бірі өзгенің қуанышын өз қуанышындай қабылдайтындығында еді. Жақсы бір өлең шықса жаны шаттанып, желпіне оқитын.
Төлеген фольклордан, Абайдан, Ілиястан, шығыс поэзиясының алыптарынан жас басымен көп үйреніп, қабылдап қорытып, өзінше жол таба білгендігімен де ерекшеленеді. Бұл отыз жас үшін аз емес.
Ілияс Жансүгіровтің 1960 жылы шыққан шағыармалар жинағының бірінші томындағы «Шаттық жыры» атты өлеңінің жолдарын оқығанда Төлеген екпіні еске түсетіні несі екен? Кейінгі жас толқында мұндай ұйқастар мазмұнға қызмет етсін, етпесін асып-төгіледі, артығымен табылады. Олардың көбі Төлегенге еліктеуден ғана туып, тура қабылдана салған, әсерден туған ұйқастар. Ал арғы-бергі ұйқастар поэзия інжу-маржандарын іздей оқып, қопара төңкеріп, жақсы-жаманын екшеп-айырып , қорыта жыр жазу әзіргі жастарда сирек. Мұқағали 1976 жылдың 25 ақпанында былай деп жазыпты: «Фольклорымыздың бай екені даусыз. Оны кез келген халықтың кез келген фольклорымен қатар қоюға болады. Егер фольклорымызды әдебиетімізбен салыстырсақ, онда соңғысы кедей көрінеді. Ол оның әлі жасандылығынан, буыны қатпағандығынан. Жазғыштар көп болғанмен, жазылғаны /мәнді толыққандысы/ әлі аз. Біз жазылған нәрсенің санына қарап қарықпыз. Көркем әдебиеттің коллективті еңбек емес екенін ойлайтын уақыт жетпеді ме? Ол мейлінше даралықтан туады. Және белгілі бір уақыттың есебі де, фотографиясы да емес. Ол қоғамның, дәуірдің сынынан өтуге тиіс… егер қадір-қасиетті миллиметрлік қана болса, шақырымға созылған тізімдер әдебиетті құрай алмайды».
Жалғасы бар...
Мылтықбай Ерімбетов