Малгранда Макото (Жапония)
Кешке жақын, екі қолым алдыма сыймай, мазасызданып отырғанымда, телефон шыр ете түсті.
- Ертең түске дейін сағат 11-де жер метроның Циха бекетінде өзіңізді күтемін. Үстімде ақ көйлегім бар. Ертең кезігейік, сау болыңыз!-деген бір әйелдің тұнық та, жағымды даусы естілді де, сөзімді тыңдамастан, телефонды жаба салды.
Қате соққан телефон ба, бұл өзі тегі кім болғаны?
Ертеңінде әрі-сәрі күйде уәделескен жерге жетіп бардым. Расында, ақ көйлек, ақ желек, ақ қолғап киіп, аққар ханшадай сұлу бойжеткен тұр екен. Көктен түскен пері ме деп қалғандайсың, телефонды қате соққан болмаса екен...
- Сәлеметсіз бе, кеше кеште телефонда...-кібіртіктей сөз бастадым.
- Иә, көбірек жол көрсеткейсіз!-деді ізет білдіре.
- Менің атым...
Қолын көтере "Болды айтпай-ақ" қой дегендей ишарат білдірді.
- Нақты болмысымызды құпия сақтайық, бұл ойынның қағидасы. Мені Шиниуе десеңіз болды,-деді қабағын ойнақшыта күлімсіреп.
Не болып жатқанын білмесем де, осы бір тәтті елестен айрылғым келмей қалды.
- Былай барып, бірдеме іше отырмаймыз ба?-дедім мен әдейі сыр тарта.
- Әрине, болады. Десе де, көлігім есіктің алдында ғана тұр. Біраз сейілдеп келсек қалай?-деді жердегі сөмкесін ала беріп.
Енді не айта аламын. Сөмкесін алыстым да, қолтықтап алып, көлігіне қарай бет алдым.
Оның «BMW» маркалы көлігін айдап, теңіз жағасын бір айналып шықтық та, теңіз жағасындағы бір төбешікке шығып отырдық. Көз жеткісіз шалқар теңіздің көркем көрінісін тамашалай отырып, оның сыртқы сейілге арнап алып шыққан жеңіл асын іштік. Дәмі тіл үйіреді екен. Екеуіміз де осы бір айтып жеткісіз ләззатты шақтың қызығына батып кетіппіз. Ол өте әдепті ғана емес, сергек те, сұңғыла жан екен. Әр сөйлеген сөздерімен жаныңды жадыратып, күлкісімен баурап әкетеді.
Қарадай мазасызданған менің онымен ішкерлей түсініскім келе қалды.
- Шын айтамын, өзіңмен ішкерлей түсініссем деймін.
- Қағиданы бұзуға болмайды. Кел, одан да маған алма аршысып жібер,-деді күліп жіберген ол маған алма мен пышақты беріп жатып.
Ымырт үйіріле қайта қайттық. Жанымды тербеткен қиял құшағынан арыла алмай, одан көз алмаған бетімде мең-зең күйде түстім көліктен. Ол қолын жеңіл ғана бұлғап қойды. Оның әппақ қолғабы батар күннің қызыл сәулесімен қып-қызыл болып көрінді көзіме. Ол көлігін айдап қарасы көрінбей кеткенде ғана барып, өзімнің неге онымен уәделесіп қалмағанымды ойлап, опынып қалдым.
Онымен қайта жүздесуге зар болып жүргенде, бірнеше күннен кейін телефон тағы шыр ете түсті. Шиниуенің дәл өзі екен. Қуанышымда шек жоқ.
- Ертең түске дейін 11-де Цинзай қонақүйінің 104-үйінде өзіңді күтемін. Уағында келетін бол. Ертең жолығайық, сау бол!-тағы да сөзімнің соңын күтпестен тұтқаны жаба салды.
Таңды көз ілмей атырдым да, Цинзай сарайына жетіп бардым. Залда күтумен болдым. Сағат дәл 11 болғанда 104-бөлмеге кіріп бардым. Қонақ үйде адам жоқ, тіпті, пәлендей сыбыс та білінбейді. Шарасыз, жатын бөлменің есігін ашып, кіріп бардым. Мәссаған, шалқамнан түсуге шақ қалдым. Төсекте көкірегіне пышақ қадалған бір бейтаныс еркек жатыр екен. Кеудесінен қан бұрқ-бұрқ атылып жатыр. Қадалған пышақ дәл Шиниуенің маған алма аршытқан пышағы болып шықты. Алды-артыма қарамастан, үйге қарай зытып бердім де, есікті құлыптай салып, жұмсақ орындыққа отыра кеттім, өрекпіген жүрегім орнына түсер емес.
Кешкі жаңалықтардан осы жендеттік жөнінде хабар беріп жатты. Жүргізушінің айтуына қарағанда, қастандыққа ұшыраушы жасырын базарда шетел ақшасын айырбастаумен айналысады екен. Жендет оқиға болған соң, бар ақшасын сыпырып кетіпті. Ішкі істер қызметкерлері ақ түсті "BMW" көлігінің ішінен ақша салатын сандықты да тауып алыпты. Тіпті, пышақ, құлып бұзғыш, бағдар айырғыштармен бірге сөмкеден тағы бір жемтіктес еркектің қол табы байқалып, бұны нағыз қанды қолдыкі деп тұрақтандырыпты. Цинзай қонақүйіндегі бейнебақылаудан күмәнді адамды байқап қалғаны тағы бар.
Төбеңнен ашық күнде жай түсті деген осы-ақ болар. Ол мені қандықол ретінде көрсетіп, қыспақта қалдырып кеткен екен. Бүйтіп, үйде омалып отыра берсем, өте қауіпті. Қашып жоғалуым керек, рас-ау, қашқанда қайда барам?
Өстіп әрі-сәрі болып отырғанымда, телефон тағы безілдеп қоя берді. Қобалжи барып, телефон тұтқасына құлақ түрдім. Тағы сол әйелдің жағымды да, сыңғырлаған нәзік үні естілді.
- Қараңды көрсетпеймін десең, сені бір қауіпсіз жерге жеткізіп салайын. Егер мақұл көрсең, ертең түске дейін 11-де метроның Циха бекетінің алдында мені күт, үстімде көк түсті киімім бар. Ертең жолығайық, сау бол!
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: өңделген