Тұрсын Жұртбай. Әбіштің көз жасы және "Өлген кітап"

Тұрсын Жұртбай. Әбіштің көз жасы және "Өлген кітап"
Фото: уикипедия

Бүгін – қазақ әдебиетінің абызы Әбіш Кекілбаевтің туған күні. Әбіш Кекілбаев – адам жанының шындығын танудың алуан түрлі тәсілін шеберлікпен игерген жазушы. Ә. Кекілбаев кейіпкерлері қарапайым адамдар болғанымен, олардың өзіне тән өмірі, тағдыры, мінез-құлқы бар. Жазушы олардың жан дүниесінің тереңіне барады. Кейіпкерінің жеке басындағы түрлі сезім иірімін сипаттай отырып, олардың іс-әрекетіне баға береді. Жазушы кейіпкерінің ішкі толғанысын, жан күйзелісін, жүрек тебіренісін қара сөз құдіреті арқылы толғап жеткізеді.  Осы орайда белгілі жазушы Тұрсын Жұртбайдың  Әбіштің көз жасы және "Өлген кітап" шығармасын назарларыңызға ұсынамыз.

***

Көз жасы – көңіліңнің айнасы. Жанарыңа мөлдіреп шыға келген осынау бір тамшы жас – жандүниеңнің көзіңе үйірілген бір бөлшегі. Қазақтардың қатты қиналғанда: «Жаным – көзіме көрінді», қатты ызаланғанда: «Жаныңды – көзіңе көрсетемін», – дейтіні де сол. Себебі, онда – бақ пен сордың, күйініш пен сүйініштің, қуану мен қорланудың, ыза мен ырзалықтың қышқылтым ғана дәмі бар.

Ол – жәй дәм емес, кәдімгі өмірдің дәмі. Сондықтан да ең қасиетті, ең асыл, ең ауыр рух өлшемі – көз жасы.

Мен, жүрегі – жылы, көңілі – айна, ақылы – қормал Әбекеңнің – Әбіш Кекілбайұлының көзіне үйірілген көз жасын үш рет көрдім.

Сексен алтыншы жыл. Желтоқсан оқиғасы басталған күн. Алматының аспанын да, халқының көңілін де бұлт торлаған. Сәске мөлшері. Жазушылар одағының үйіне кірген із бар да, шыққан із жоқ. Ал іші өлі тыныштық. Дәлізде – демін ішіне жұтқан, басын төмен салбыратқан, сұлық күйдегі үнсіз көлеңкелер мен сүлдерлер жүр. Сол өлі жандардың бірі – менмін. Кеуде толы шарасыз құмығу. Мына құмығудан тұншығып өліп кетуге болатын.

Кенет… аспан жарылып, ауадан ән сауылдап сар етіп төгіліп кеткендей болып, дүбір басталды да кетті. Алаң жақтағы көшеден: «Менің Қазақстанымдатқан!» әнмен қоса: «Ағалар, араша! Жазушы ағалар, қайдасыңдар! Бізбен бірге алаңға жүріңдер!» – деген ұл-қыздардың шығандап шыққан дауысы естілді. Үшінші қабаттағы мен отырған бөлмеде көшеге қараған терезе жоқ еді. Апыл-ғұпыл аптығып екінші қабаттағы кең дәлізге қарай ұмтылдым. Баспалдақтан адымдай түсіп, кең дәліздің терезесіне қарай жақындағанымда… ортаңғы терезенің алдында екі қолын бүйіріне алып сыртқа қарап тұрған Әбекеңді-Әбішті көрдім.

Бұйра шашы ұйпаланған, мол пішіні сұлық тартқан, кең маңдайы тарылған, терезеден сыртқа шарасыздықпен қарап тұр. Кірпік қақпай ұзақ қарап тұрғандыкі ме, жоқ, іштегі құмығудың наласы ма, шарадай көзіне жас үйіріліп келеді екен. Мен қалшиып тұрып қалдым.

Кереғар екі өмірді, атой мен өлі тірлікті мына аядай терезе ғана бөліп тұр.

Терезенің ар жағында: ереуілге шығып, алаңға бет алып бара жатып, Жазушылар одағының алдына әдейі жиналып, лаба арқылы: «Ағалар! Жазушы ағалар, қайдасыңдар? Бізбен бірге болыңыздар! Алаңға жүріңіздер», – деп ауаны жаңғырықтырған ереуілші ұл-қыздар. Олар, әншейінде: «Елім, жерім!» – деп өзеуреген жазушы ағаларынан: «Міне, біз ұлтымыз үшін ұрандап шықтық. Өздеріңіз қайдасыздар? Нағып бұғып жатырсыздар!» – дегендей боп дәрмен күтеді. Олардың дауысында ыза да, өтініш те, ашыну да бар.

Ал сөйтіп сеніп келген жазушылары, сол жазушылардың ту ұстар бастығы Әбіш Кекілбаев болса… екі өмірдің шекарасы болған «құлыптаулы үйдің» терезесінен сыртқа телміре қараумен сүлесоқ тұр. Дәлізге бес-алты жазушының сүлдері жиылып қалды. Олар да үнсіз. Жастарға қосылғымыз-ақ келеді. Бірақ одақтың үйінің есігі құлыпталған. Әбішке қарасақ…

Барбытқан, түтіккен, шарасыз құмығудан ісініп бара жатқандай сұрапыл сұрқын көріп тіксініп кеттік. Шарасынан асқан жас жанарын шымырлай толтырып, іркіліп барады екен. Бір кезде әлгі жас молынан біткен бетінен ақырын жылжып барып, сулығына сәл аялдап, омырауына тамды. Тұла бойым шымырлап сала берді. Маған, сол сәтте: анау мол пішілген беттен сорғалап аққан мөлдір тамшы – қазақтың кең даласының бетінен сорғалап аққан жас сияқты, қазақ даласы Әбіш боп жылап тұрғандай боп көрініп кетті. Бұл – басыбайлы халқының тағдырына ашынған, ызадан булыққан, шарасыздықтан құмыққан, дәрменсіздің көз жасы еді.

Бұл – мына «Қазақстандатып!», «Аға­лап», жазушы ағаларынан дәрмен сұраған аңғал жастардың ертеңіне жаны ашыған ағаның аяныштан туған көз жасы еді.

Бұл – соларды шығармаларымен тәуекелге бел будырған жазушылардың солардың қатарына қосыла алмай, іште қамалып тұрғанына, Одақтың құзырлы екінші хатшысы болса да, есіктегі құлыпты ашқызуға дәрмені жетпеген пәрменсіздігіне күйінген азамат жазушының ащы көз жасы еді.

Біз де жетісіп тұрған жоқ болатынбыз… Мен де үнсіз құмығып, ләм деместен артқа бұрылып, үшінші қабатқа көтерілдім. Ол сол күйі, екі қолымен бүйірін таянған қалпында терезенің алдында тұрып қалды. Жалғыз қалды. Жан-жүрегі егіліп, жылап қалды. Сол сәтте: Жазушылар одағының үш қабатындағы пенде атаулының бәрінің көзінен жас сорғалап тұрған. Есік алдындағы бізге бейтаныс сақшы-күзетші ғана екі жаққа жалаңдап, қақшиып сақ тұрды…

Бұл – Әбіштің, Әбіш ағаның, Әбекеңнің көңілін көзінен көрген ең бірінші, ең киелі, ең ащы жас болатын. Бұл жастың құны мен себебі сұраусыз еді. Оған жауапты тек ұлы даланың өзі ғана, сол ұлы даланың перзенттері ғана тарих алдында жауап бере алатын.

Ұлтымыздың тәуелсіздігі – соған берілген ең басты, ең қасиетті, ең әділ жауап. Сол жауапты дайындағандардың ішінде және жүзеге асырғандардың қатарында жазушы Әбіш, қайраткер Әбіш аға, кәдімгі Әбекең де бар еді.

Демек, бұл – Тәуелсіздікті аңсаған көңілдің аңсарлы да ыстық көз жасы еді.

2

Әбіштің, Әбіш ағаның, Әбе­кеңнің көзінің жасаурағанын екінші рет, сол ұлы даланың өксі­гін басу, бақ-талайының соры қалың елді жұбату мақсатындағы аға-бауыр жазушының арасындағы жанкешті ойы айтылған тұста көрдім. Ол туралы, міне, тура отыз жыл болды, ешкімге ләм-мим демеп ем. «Тіріде тіс жармаспын-ау» деген сөзім бар еді. Осыдан екі-үш жыл бұрын «Әбіштің көкбауыры» ақын Светқали Нұржан ол әңгімені өзіме айтып бергенде, тіксіне таңырқап қалдым. Сөйтсем, оған Әбекеңнің өзі: «Біле жүр. Тұрсын да біледі», – деп аманат-сыр ретінде айтқан екен. Оны ашып жатпаймын, тек көз жасына қатысты жайға тоқталамын.

Бұл – әр қазақтың ақыл-ой намысы әр тал шашының түбінен өре түрегелген қыстығу кезеңі еді. Мұқым ұлттың өзімен қоса тарихын да жойып жіберуге жойыттықпен кіріскен тұста, суреткер атаулының жаны булығып, тарихи көркем сананы қалыптастырып, бекемдеу үшін қасарыса елінің тарихына қатысты тақырыпты жазуға тәуекел еткен буырқанысты тұс болатын. Көшпелілердің екі мың жылғы көш жолы мен қоныс-жұртын, тағдырын қамтитын «Дулыға» атты екі кітаптан тұратын еңбегімді еңсеріп қалған кезім. Екі кітаптың ортасында тағы бір кітаптың деректері іріктеліп, жәдігерлік дәлел іздеу барысында… күтпеген жерден ой қабаты ашылып, қазақ шежіресінің тылсымы мен тымырсығы алдыма жайылып сала бергені.

Масқара! Біз нағып үш жүзге бөлініп алып: «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін!» – деп бетімізді тілгілеп жүрміз. Қазақтың сүйегі мен қанында ешқандай рулық жік жоқ. Мемлекеттік, тектік тұтастық қана бар екен! Тарихи-тектік екшеу бойынша, қазір өзара жатбауыр боп жүрген рулар мен рубасылардың өзі бір-бірімен әке мен бала, ата мен немере, ағайынды боп шықты. Бар қазақ – бір қазақ екен. Қан құрамымен ата-тегін анықтайтын бүгінгі өлшем жоқ, тарихи түйсікпен отыздың ішінде келген сол қорытындыма өзім де қазір таң қаламын. «Дулығаның» соңын тоқтата тұрып, ой пісіп тұрғанда шұғыл кірісу керек. Бірақ бұл – жүрек дауалар іс емес еді. Тебінге түсіп кететінім анық. Абыройсыз тепкі болмақ. Ең бастысы, сол ту-талақайды өзімнің етбауыр қандастарым бастауы мүмкін. Не істеймін? Теңселумен айлар өтті. Деректер қатталып, жиналып, қағазға ретпен түсуін күтіп тұр. Енді не кірісу керек, не шашып жіберу керек!

Айналайын алты аға,

Осындайда қайдасың?

деп құмыққанда, ойыма өзім істейтін «Жұлдыздың» бас редакторы Мұхтар Мағауин мен Әбіш Кекілбаев оралды.

Мағауин бірден маған еркін сөйлейтін әдетімен: «Доғар ол ойды осы арадан! Баспаймын оны! Басылмайды. Мені де таланға тастайсың. Сені өзге түгіл өзіңнің екі туып бір қалғандарың талайды. Мен білмейді дейсің бе оны? Жазба! Ажалыңнан бұрын өлесің»,– деді. Бәрі де дұрыс, күткен жауабым да сол. Бірақ алдында «Дулығаны» жариялаудан бас тартқаны көңіліме тікен боп қадалып жүргендіктен де, секем алып, Әбіш ағаның үйіне хабарластым: «Ақылым шеше алмайтын намысты мәселе. Мағауин: таланға түсесің, – деді. Сіз айтқан уәжге көнемін», – дедім. Оңаша және ешкім мазаламайтын бос күнді таңдап, уақытын белгіледі.

Сәске әлетінде бардым. Өзінің кең жазу бөлмесі. Алдында ескі, қалың-қалың сирек кітаптар мен жазбалардың көшірмесі жатыр. Ішінде мен сүйенген сирек деректер де бар. Асықпадым. Байыппен арыдан бастадым. «Дұрыс», – деп қойып, басын изеп қойып тыңдады. Шамдандырмас үшін рулық жүйелеуді өзімнің аталық жігімнен бастадым. Бәрін біліп отыр, басын изеп қояды.

Бір кезде жеңіл күрсінгендей болып ілгерілеп барып, орындықтың арқалығына шалқайыңқырап барып, терезеге қарап отырды. Әуелі ортаңғы буынға, одан шығыс оңтүстікті жайлаған бас буынға, содан соң барып батыстағы кіші буынның мүшелді буынына тоқталдым да, оны ажырататын бір кілтипанды жеріне келгенде… буыным қалтырап, ауызым құрғап кетті де, жалт бердім. Өйткені ол дерек, менің ойымша, Әбекеңе сөзсіз ұнамайтын. Білмеуі де мүмкін: «Айт! Жасқанба! Сол үшін келіп отырған жоқсың ба?» – деді қатқылдау. Тәуекел! Сөзімді бұрынғыдан да қысқа және нақтылап айттым. Айтып болдым да, бетіне қарадым. Мол пішілген бет-бейнесі бұрынғыдан да кесектеніп, мұңлы жанары кеңіп, қиығына жасу пайда бола бастады. Шайқалып қойып: «Білемін. Дұрыс. Шын сөз. Әрі қарай. Айт!» – деді. Сөз – өз елінің орта буынына келіп үзіліп еді. Айттым. Жанарындағы әлгі жасу қарашығын сызаттана дымдай бастады:

«Мұны мен де білемін. Бірақ жазбаймын. Жаза аламын. Бірақ жазбаймын. Жазсам, өзге емес, өз бауырларым менің бір тал қылшығымды қалдырмай өртеп жібереді. Сен жаз. Тартпаңда жатсын. Бірақ шығара алмайсың. Шығарсаң – сенің де бір тал қылшығың қалмайды. Мағауин де, мен де қорғай алмаймыз. Солай. Бұл –тылсым тақырып! Тылсым!» – дегенде жайымен ғана көзі жасаурап шыға келді! Мөлтілдеген жас емес, сызаттанған сора!

Сөйтсем, менің ашқан жаңалығымды – Мағауин де, Кекілбаев та білетін болып шықты.

Үйге келісімен, бөлмедегі, жазу үсте­ліндегі, терезе алдындағы, тартпадағы бар­лық жәдігерлерді ұмарлап-жұмарлап жидым да, шашып жібердім. Сол жұмар­ланған күйі қайтып жиылмады. Қайсысы қайда кеткені белгісіз. Сөйтіп, бір кітап өлді!

Қырық буынды, усойқы кітап, Әбіш ағамның жанарына жасу ұялатқан кітап өлді.

Ол кітап, өлсе – өлгендей еді. Өйткені өлген кітап – Әбіш ағамның көз жасына татымайтын. Бірақ бұл жасаураған жанарда ұлтының тарихы мен тағдырына деген ұлы аңсар мен күйініш-сүйініш жасуы бар еді.

Ал көздің жасуы, тамшы емес, жасуы – ең асыл сезімнің тұнбасы.

3

Үшінші көз тамшысы, көз тамшысы емес, көзінің жиегін сызаттаған сорасы – зығырданы қайнаған бейдауа ызаның құрғақ тамшысының сорасы еді. 2001 жылдың қарашасының қарсаңындағы күндердің бірі. Мемлекеттік шара ретінде қарастырылған, вице-перемьер Иманғали Тасмағамбетов ұйымдастырған «Отырар кітапханасының» ашылу рәсімі белгіленген уақыттан кешігіп басталды. Себебі, орталықтың тұсауын кеседі деп хаттамаға түскен Президент аяқ астынан шұғыл және құпия себеппен келмейтін болды. Жоғары лауазымдыдан тек Әбіш Кекілбаев қатысты. Көрмені таныстырып жатырмын. Сирек кітаптар мен қолжазбалардың ондай көрмесі бұрынды-соңды болған емес. «Отырар кітапханасы» сериясымен 100 кітап шыққан. Үлкенді-кішілі жазушылар да мәз.

Бірақ салтанатты мәжіліс кезінде Әбіш аға шашын саусақтарымен дамылсыз тарақтап, бетін сипалап, екі жағына теңселе түсіп, мазасызданып отырды. Еріп келген мемлекет қайраткерлерінің бәрінің де қабағы қатулы. Тізгінді Иманғали өз қолына алып, сергек жүргізді. Рәсмият салтанатпен сәтті өтті. Абыр-дабыр да саябырсыды. Сол арада Ғалымжан Жақияновтың жанқияры Талғат Кеңесбаев бауырым бір адамды жіберіп, жатақханадағы бөлмемнің кілтін сұратып әкетті. Сөйтсек, біз салтанаттатып жатқанда Ғалымжан тұтқынға алынып жатыпты. Жалғыз ол емес, бір топ жас мемлекет қайраткерлері де бар. Талғаттың өзі жасырынуға келіпті…

Әрине, суыт та суық, жат хабар. Мемлекетімізде төтенше жағдай орын алуы мүмкін. Мемлекеттің буынды жерін ұстап отырған Әбіш Кекілбаевтің дастархан үстінде де өңі қабарып, қабағы түйіліп отырды. Шайтанқұлақтың шыққан кезі. Болып жатқан оқиғадан Әбіш аға хабардар болып отырғаны анық. Шыдамым да, тағатым да таусылып, алдында еркін жүретінімді пайдаланып, орындығының артынан қырындай бардым да: «Бұл не сойқан? Бетін қайтарудың жолы жоқ па? Сұрқы жаман мына хабардың. Сіз оны біліп отырсыз ғой. Сіз мемлекетті басқарып отырғанда осындай жағдай қалай орын алады? Тоқтау салмайсыз ба?» – дедім екпіндете құлағына сыбырлап. Қабарып отырған түрі одан бетер қабарып, тұтқындалғандар мен қоршалғандар туралы мағлұматтарды естігенде түтігіп кетті: «Кеш қалдық. Кешіктік. Енді ол бет қаратпайды, сөз өтпейді. Тастүйін бекініп алды. Шарасызбын», – деді де иығына салған қолымның сыртынан сипады.

Қырынан ала көрінген жүзіне қарасам… Аялы жанарын ызалы сора жиектей сызаттап, іштегі ызаның ыстығымен көз жасы кеуіп кеткендей боп, көзінің қиығы ақсортаңдана қалыпты. Көз шарасында қайратты ұшқын бар.

Мен арқасынан баяу сипадым да, сүлесоқ күйде бұрылып кеттім. Жылдар салып барып Парламент мінбесінен ащы пікірін айтқанда, сол кештегі сорасы жиектей кепкен көз шарасы есіме түсті.

Ұлтының үш талмалы тұсында тамған үш тамшы жас. Ұлты үкілеген Әбекеңнің, Әбіштің, Әбіш Кекілбаевтың көзінен тамған жас. Киелі көз жасы. Ал ол болса, өмір бойы ұлтының көзіндегі жасты жібек көңілімен үрлеп сүртсем деген аңсармен өзі де өмірден өтті.

«Өлген кітаптың» құны Әбекеңнің – Әбіштің бір күрсінісінің садағасы, ал ана екі тамшының жұбанышы қалай қайтады және немен өтелер екен?!

Тұрсын Жұртбай,

"Қазақ әдебиеті" газеті

Т. Раушанұлы