Туиттердің ақындары

Туиттердің ақындары

Туиттердегі қазақ тілді туитшілер соңғы кездері күрт өсті. Министр де, әнші де осында. Туиттер деген кереметтің бар екенін естіген ақындар да ойға оралған орамды ойларын шумақтап туиттерге төгетін болып жүр. "Клип деген - бейнебаян, Туит деген - өсек-аяң" деген Балғынбек Имашев та, "Көргенім клип болды, Ермегім туит болды!" деген Қалқаман Сарин де бар мұнда.

Туиттердегі Қалқаман Сариннің парақшасы

Ақын келді дегенше, өлең келді десейші. Әр сөзін болмаса да, ара-тұра қиюы келген ойды жырмен түйетін туитші-ақындар шабыты келгенде бір-бірін жырмен қағытып та қойып жүр:

Балғынбек:  

Ән кешіне шақырдың билет алып,

Жатырмын тұмау тиіп, үйде талып.

Ел сүйетін МузАрттың әр кешінде,

Шаншитын жер қалмайды ине апарып.

Қалқаман: @Balgynbek 

Әрине, бұл ән кеші болмас нашар...

Астана аспанымен ән достасар.

Инені мұнда әкеліп не қыласың,

Ем болсын укол қылып жамбасқа сал. 

Туиттердегі Балғынбек Имашевтің парақшасы

Онлайн-айтыстар айтыссүйер жамағат үшін жаңалық емес. Халық алдында кең көсіліп суырып салатын айтыскерлер кең таралған әлеуметтік желілер арқылы айтысуды сәнге айналдырғалы қашан?! Расымен ордалы ойдың ортасы болған туиттерге өлең төгіп, бір сәттік сезімін жырмен жеткізген ақындардың толғаныстарын оқу да бір ғанибет. Айтпақшы, шұрайлы өлең іздеген оқырманның туиттерге қосылып, ақындардың табан астында шығарған жырларын бірінші болып оқуларына болады. Ал қалам мен пернетақтаны қатар ұстаған туитші-ақындарға шабыт тілейміз! 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: fstechnology.blogspot.com

Р. Роза