- Негізгі бет
- Көкжиек
- Төлен Әбдік шығармаларының...
Төлен Әбдік шығармаларының жанрлық және тақырыптық болмысы
Кез келген ұлттың, халықтың тағдыры, басынан өткерген тарихи кезеңдері ең алдымен сол халықтың әдебиетінде із тастайтыны ақиқат. Қазіргі таңда қазақ әдебиетінің әрқилы кезеңдерінде рухани дамуымызға, мәдени өркениетке, әсіресе ұлттық жан дүниемізге өз шығармаларымен айтулы үлес қосқан қаламгерлеріміздің бірі – Төлен Әбдік.
Жазушының шығармалары адам мінезінің құпия сырларына үңілуімен, өмірдің мән-мағынасына философиялық тұрғыда қарауымен, өмірдің қайшылықты құбылыстарының күрделі шындығын ашумен ерекшеленеді. Төлен Әбдік шығармашылығының негізгі өзегі – пенде мұңы. Жеңіл-желпі желұшық мұң емес, артында қара тастай қасірет жатқан көштей күңіренте-сыңсытып өз жүрегінен өткізген жалқының мұңы.
Төлен Әбдік 1942 жылдың 4 қыркүйегінде бұрынғы Торғай (қазіргі Қостанай) облысы, Ә. Жангелдин атындағы ауданның Еңбек кеңшарында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетін бітірген. 1964 жылы жас жазушылардың жинағында "Райхан" атты алғашқы әңгімесі жарық көрді. 1967 жылы Ғ. Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер драма театрында "Біз үшеу едік" атты пьесасы сахналанды. 1969 жылы "Көкжиек" деген атпен тұңғыш жеке кітабы оқырман қолына тиеді. 1965-1970 жылдары "Қазақстан пионері" (қазіргі "Ұлан") газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметін атқарса, 1977-1979 жылдары "Қазақ фильм" киностудиясында бас редактор, 1979-1990 жылдары Қазақстан КП ОК-нде жауапты қызметте болған. Біраз жыл "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы болып қызмет атқарды. 1993 жылдан ҚР Президенті әкімшілігінде жауапты қызметте болады [1, 40 б.].
Төлен Әбдіктің шығармалары 1964 жылдан жариялана бастаған. Оның "Көкжиек" (Алматы. Жазушы, 1969), "Күзгі жапырақтар" (Алматы: Жазушы, 1971), "Ақиқат" (Алматы: Жалын, 1974), "Айтылмаған ақиқат" (Алматы: Жалын, 1979), "Өліара" (Алматы: Жалын, 1985), "Таңдамалы" (Алматы, 1991), "Оң қол" (Алматы: Ата мұра, 2002), "Әке" (Алматы: Қайнар, 2005) атты жинақтарының қазақ әдебиетінің тарихына қосқан өзіндік үлесі бар.
Т. Әбдік Халықаралық Кафка және Қазақстандағы ПЕН клуб сыйлықтарының 2003 жылы лауреаты аталған. "Парасат майданы" повесі жайында белгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов: "Төлен Әбдіктің бұл шығармасы – бүгінгі болмыстың ащы да өзекті шындығынан туындаған жан айқайы. Менің досым Анатолий Ким де хикаяттың әлі пісіп-жетілмеген аудармасын оқығаннан-ақ: "Мына қазақтың Кафкасы ғой!",-деп өзінің таңғалғанын жасыра алмаған еді" [2, 4 б.], – деп ой толғайды.
Кезінде Софокл: "Әлемде неше алуан ғажайыптар бар, бірақ Адам – олардың барлығынан да ғажайып",-деген екен. Сол айтқандай, қаламгерлік қабілеті тек өзімізде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде лайықты бағасын алған Төлен Әбдіктің шығармашылық жолы туралы жазу мойынымызға үлкен жауапкершілік жүгін жүктейтіні ақиқат.
Төлен Әбдіктің әдебиеттегі қолтаңбасы ерекше екендігін өзіндік жазу мәнері, сөз қолданысы, кейіпкерлерінің іс-әрекетін, мінез-құлқын сомдауы, оқшау образдар жасауы, тосын тұлғалар табуы тайға таңба басқандай дәлелдеп-ақ тұр.
Жазушы шығармаларының бірден-бір ерекшелігі жеке адамның санасындағы, ойлау жүйесіндегі сан алуан сезімдік, психологиялық, философиялық құбылыстарды, сана қозғалысының пластикасын беру мен жан диалектикасын монологқа, ой ағымына, түс көруді талдауға және де психологиялық сыртқы детальдарға (ым мен ишараттарға, іс-әрекеттегі, дауыс ырғағындағы, портреттегі физиологиялық, физиономиялық, сезімдік құбылыстарға) да көңіл бөлген. Мысалы "Оң қол" әңгімесінде кейіпкер – Алманың түсі арқылы автор адам санасында үздіксіз жүріп жатқан үдерісті, үрей мен қорқынышты, өмір мен өлім арасындағы арпалысты, жан толғанысын көркемдікпен кестелей білген. Саябақтағы гүлді жұлдырып, дәрігер жігіттің сезімін сынайтын сұлу да, тәкаппар, адал да, ерке Алма ұйқыға ене бастаса-ақ алқымына ұмтылатын оң қолдың опасыздық әрекеті тұқым қуалаған қауіпті сырқат, оны медицинада дененің екіге жарылуы дейді, ал әдебиеттануда адам ішіндегі адам деген тәсілді жазушы тігісін жатқыза пайдалана білген. Шығарма сюжетін берудегі суреткер шеберлігі сондай, әңгімені оқи отырып, көз алдыңда өтіп жатқан кинолента куәгеріндей кейіпкерімен бірге қуанасың, бірге қайғырасың, бірге қорқасың. Бұл сарын қазақ әдебиетіне Т. Әбдік енгізген жаңалық емес, алайда, жазушы оны өз қырынан дамыта, өрбіте білді.
Төлен Әбдіктің шығармашылығында дәстүр жалғастығы да сезіледі. Бұл жайында әдебиет сыншысы Мырзан Кенжебайдың баспасөз бетінде жарық көрген мақалаларының бірінде кешегі Х. Есенжанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, А. Нұрманов, М. Иманжанов, Т. Жармағанбетов шығармаларынан бастап бүгінгі Т. Әбдік, Б. Нұржекеев, Т. Нұрмағанбетов, Қ. Мұханбетқалиев, С. Мұратбеков, Д. Исабеков, С. Балғабаев туындыларының арасындағы дәстүр жалғастығының барлығын, әдебиет игілігі үшін қызмет еткен осынау бірнеше буын қазақ қаламгерлерінің шығармашылық жолын салыстыра, сабақтастыра сөз етеді.
Расында да, Төлен Әбдіктің прозалық шығармаларынан өзінің жаңашылдығымен қоса дәстүр жалғастығын да байқай аламыз. Мысалы, жазушы шығармашылығындағы "Өліара" романын алсақ, мұнда жазушы тың тақырып емес, бәріне таныс, барша жазушылардың шығармашылығында кездесетін өз халқының тағдырын бейнелейді. Алайда, Төлен Әбдіктің бұл шығармасы жазушының жан-жақты білетін, жан-жақты ойлайтын, мәселенің бетін емес, түбін көретін, өз халқының тағдырын өз өміріндей жан-тәнімен сезінетін жанқияры екенін дәлелдейді.
Ғалым Серік Қирабаев бұл жайында былай пайымдайды: "...Аға ұрпақтың монументтік өмір суреттерін бейнелеген тәжірибесін қоса, кейінгі жастар реализмді халықтың тұрмыс-тіршілігінің жұпыны суреттерін, адам характерінің қайшылықты диалектикасын ашу арқылы байытуға тырысты. Бұл – тарих сабағына сын көзімен қарауға, адам өмірін психологиялық талдау арқылы барлауға жол ашты. Бұл тұрғыда С. Мұратбековтің, Д. Исабековтің, Т. Әбдіктің, Т. Нұрмағамбетовтың әңгіме-повестерін еске алу артық емес" [3, 165 б.]. Яғни, Төлен Әбдіктің шығармалары дәстүрлік жалғастықты сақтай отырып, өзінің жаңашылдығымен ерекшеленген.
Орыстың классик ақыны А.С. Пушкиннің: "Точность и краткость – вот первые достоинства прозы. Она требует мыслей и мыслей – без них блестящие выражения ни к чему не служат" [4, 45 б.], – деген сөзі талантты жазушы Төлен Әбдіктің қаламгерлік қасиеті туралы айтқандай, себебі қаламгердің шығармалары шағын, әрі қысқа және сол дәуірде екінің бірі батылы бара бермейтін өткір әлеуметтік мәселелерді қозғайтындығын және нені жазса да биік парасаттылықпен терең зерттеп, жеріне жеткізе жазатындығын жете сезіне біліуіміз керек. Қиялы ұшқыр суреткердің өзіндік қолтаңбасы аз жазса да, оқырманға терең ой тастайтындығымен, мәнді жазатындығымен, сөйлемдері қысқа әрі нұсқа болып келетіндігімен ерекшеленеді. Бұл жайында құрдасы Дулат Исабеков: "Жалпы Төлен бұрқыратып жазған жігіт емес. Әлі күнге шейін сол ырғағын сақтап келеді",– деп өте орынды айтқан [5, 14 б.]. Ол қай мәселені қозғаса да, қай уақыттың шындығын жазса да өмірлік, адами проблемаларды алға тартқандығымен көзге түседі.
"Барлық трагедия атаулының түп-төркіні немқұрайдылықтан басталады" деген сөзді Нобель сыйлығының лауреаты, ұлы гуманист жазушы Т. Манн бірде өзіне қойылған "Еуропада фашизм қалай туды?" деген сұраққа жауап ретінде айтыпты. Яғни, жазушы адамзат баласының қамын жеген, жан қияр да, жанашыр перзенті болуы тиіс.
Жазушы еш уақытта өзі үшін ғана жазбайды. Оның сыры да, жыры да қашан да халықтық мұрат-мақсатымен, әлеуметтік арман-мүддесімен сабақтасып, тарихи-рухани қажеттілікпен, замана аңсар-ағымымен ұштасып жатуға тиіс.
Жазушы бір сұхбатында: "...Ел мүддесіне қиянат жасайтындар, сатқындар мен жағымпаздар, алаяқтар, өтірікшілер, мансапқорлар, қылмыскерлер, бәрі менің дұшпандарым. Бірақ, олармен тікелей күресуге менің шамам да, уақытым да жетпейді. Менің күрес құралым – қаламым. Егер өз шығармаларымда жоғары да айтылғандарды көркемдік тәсілмен әшкерелей алсам, ізгілікті жоғары қоя білсем, оқырманды соған сендіре алсам, мінеки, менің күресім де, жеңісім де – осы",–деп өзінің негізгі шығармашылық нысанын білдірген болатын.
Сонымен қатар Төлен Әбдік қазіргі заманның өзекті шиеленістерінің бірі – қазақ тілі, қазіргі жастардың ата салтын, дәстүрін, төл әдебиеті мен мәдениетіне немқұрайды қарап, қастерлемеуі жайында да өз ойын ортаға салуда. "Мемлекеттік тіл Тәуелсіздік деген ұғыммен тікелей байланысты. Тілде жоқ тәуелсіздік – елде де жоқ" [6, 3 б.], – деген қаламгердің сөзінде үлкен мән бар.
Бүгінгі қазақ прозасының басты мақсаты, бағыты – адамзат мойнына артылған мәңгілік күрестің бар екенін анықтау ғана емес, осы екі арадағы адам жанының күресін, арпалысын бейнелеу. Адам баласының өмір мен өлім арасындағы қысқа ғұмыры осы мәңгі тайталаста қалай өтіп жатқанын анықтау, зерттеу, зерделеу. Осы төңіректе әлі де болса көптеген шығармалардың туары анық және олар бүгінгі сананың өркендеуіне байланысты жаңа формамен, жаңа мазмұнмен, жаңа пішінмен дүниеге келеріне күмән жоқ. Жазушының құрылыс материалы – өмір шындығы. Ол өмір шындығындағы мол материалдан құрастырып күмбез жасап шығарады. Ол күмбездің сәулетті, сәнді болып шығуы сол күмбезді құрастырушы зергердің шеберлігіне байланысты. Күмбезді құрастырудағы жазушының құралы – сөз. Жазушы сөз арқылы шикі дүниені ширатып, тыңнан тұлғалар жасайды. Оларды да қуантып, қайғыртып бірімен-бірін тартысқа түсіріп, күреске араластырады. Сөйтіп, өмір шындығында болып жатқан күнделікті құбылысты көркем образдар арқылы оқырманның көз алдына елестететіні аян.
Әдебиет – өмір шындығының сәулесі. Өмір шындығы дегеніміз де бірімен-бірі тұтасып жатқан ұшы-қиыры жоқ мол дүние. Қаламгер сол мол дүниеден қанша алып, қалай пайдаланамын десе де өз еркі. Жазушы бұл жағынан алып қарағанда, жалпақ дүниені қалай алып, қалай пайдаланбасын өзі суреттеп отырған өмір шындығын молынан қамти отырып, дәуір талабына сай көркемдікпен шешіп бере білуге тиісті. Жазушы өзі өмір сүріп тұрған дәуір тынысына тәуелді. Міне, қаламгер Т. Әбдік өз шығармаларында осы заманның өмір тынысын шебер бейнелей білген.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Қазақстан жазушылары ХХ ғасыр. Анықтамалық. – Алматы: "Ана тілі", 2004.
2. Нұрпейісов Ә. Айқас алаңы – адамның жан дүниесі // Егемен Қазақстан. – 2004, – 31 желтоқсан. – 4 б
3. Қирабаев С. Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет. – Алматы: Ғылым, 2001. – 448 б.
4. А.С. Пушкин о литературе. Избранное. – Москва: 88. – 45 стр
5. Исабеков Д. Адами парасат, әлеуметтік тереңдік //Заман Қазақстан. – 2002. – 6 қыркүйек. – 14 б.
6. Әбдікұлы Т. Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы //Егемен Қазақстан. – 2005. – 29 қазан. – 3 б.