Ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын, жер бетінде аз жүріп, шексіз ғұмырға айналған әшекей жыр иесі, қазақ өлеңіне өзіндік жаңа ырғағымен, тегеурінді екпінімен келген ақын Төлеген Айбергеновтің өлеңдері қай қазақтың болмасын көңілін серпілтіп, жүрегін тербейтіні анық. Аз ғұмыр жасаса да, артына із тастап кеткен талант иесінің әйгілі "Бір тойым бар" өлеңі қалай жазылды? Жұрт жатқа соғатын жырдың жазылу тарихына үңіліп көрейік.
"КазГУ-де оқып жүргенде Төлеген ағамның үйіне жиі барып тұрдым. Марқұм Үрниса жеңешем өте емен-жарқын адам еді. Шай үстінде әңгімеміз бітпейтін. Менің барлық сұрақтарыма ерінбей жауап беретін. Бірде «Бір тойым бардың» жазылу тарихын сұрадым.
— Біздің ауылда (Ташкент жақта, — Б.Б) үлкен той өтті, — деді жеңешем, — бәйге, көкпар, бәрі болды. Төлеген Бөрібектің (Жеңешемнің інісі, — Б.Б) атын мініп, көкпарға да араласып көрді. Аттан құласа да, мәз болып келді. Сол той оған ерекше әсер етті.
Алматыға оралдық. Егіз қызға аяғым ауыр кез. Ағаң үйге келген жігіттермен әңгіме айтып отыр. Сол той туралы көп айтты. Шай үстінде жігіттердің бірі:
— Үрниса ұл туатын сияқты, — деді қалжыңдап. Сонда Төкең:
— Әй, білмеймін. Әкем жалғыз екен, мен де солаймын. Дәуренім бар ғой. Бірақ кейде жалғыздығым жеті атаға дейін созыла ма деп қорқамын, — деп мұңайып қалды. Бір кезде күрт серпіліп:
— Егер, айтқаның келіп, Үрниса ұл тапса, мына тұрған лашығымды, бар дүние-мүлкімді сатып, той жасаймын. Уәде, — деді. Жігіттер біраз дуылдады. Қонақтар кеткесін де жер-көкке сыймай, қанаттанып жүрді. Сосын осы «Бір тойым барды» жазды..."
Бауыржан Бабажанұлы