Президент Нұрсұлтан Назарбаев жазушылармен кездесуінде қазақ әдебиетіндегі бірегей шығармаларды БҰҰ-ның қолданысындағы негізгі тілдерге аударудың қолға алынатындығын айтты. Ол осыдан кейін Үкімет басы Сағынтаевты қабылдап, оған да аударма мәселесін жоспарлы түрде іске асыруды тапсырды. Бұл тек әдебиетшілер үшін ғана емес, жалпы ұлттық рухният үшін де маңызды жоба болар еді, егер науқаншылдықпен емес, жүйелі, жоспары әрекет етсек. Өзекті бір сұрақ бар: оны қалай жүзеге асырамыз?
Кеш қалған жоқпыз ба?
Шындыққа тура қарауымыз керек, осыған дейін қазақ әдебиеті әлем түгіл, көршілес елдерге де жүйелі таныстырылған емес. Түркі тілдес халықтар Абайды біледі, одан кейін Мағжан, Әуезов, Шаханов секілді қаламгерлердің шығармаларымен танысты. Олар біздің әдебиетке түркілік мәдениет пен ортақ тарихтың ажырамас бөлігі ретінде қарағандықтан және Кеңес одағы кезінде мәдениетаралық қарым-қатынас жоспарлы жүргендіктен аударма, қарым-қатынас едәуір дамыды. Әуезов кезіндегі түркітілдес халықтардан шыққан алыптар шоғыры бір-бірімен етене араласты. Бұл үрдіс Тәуелсіздік жылдары мүлдем тоқырады десек болады. Бірен-саран аудармалар жеке шығармашылық байланыстар арқылы жүзеге асқанымен, оның көбі заманның талабымен қабысып, оқылымды дүние болғандықтан аударылды деуге әлі ерте. Мұндай байланыстар жеке автордың іскерлігіне және қалтасына орай іске асты. Тәуелсіздік жылдарында шетел тіліне кімдердің аударылғанын санап көріңіз... Көп емес. Ал ТМД аумағындағы аударма тіптен тоқтап қалды деуге болады. Мәскеуден орыс тілінде басылған қазақ қаламгерлерінің ішінара шығармалары қайтадан қазақстандық оқырманға таралатындай көрінеді. Ресейде жүргендердің көбі кітап дүкендерінен бірде-бір қазақ қаламгерлерінің кітабын көрмегендерін айтып жүр. Демек, біздің «әлем таныған авторларымызды» өзімізден басқа ешкім оқыған жоқ. Ащы болса да, осы шындықты мойындауға мәжбүрміз. Түркі дүниесі мен ТМД аумағының өзі бұлай болғанда, біз өзге үйектер туралы армандамай-ақ қоялық. Картадан Қазақстанның қай жерде екенін жиі шатастыратын шетелдіктерге қазақ әдебиетін білесіз бе деп сұрау салудың өзі ұят. Біз ширек ғасыр бойы базар жағалаумен болдық. Мемлекеттік барлық құрылым базаршыл «саудагерге» айналды. Бізде сатылмаған ештеңе қалған жоқ. Өтетіннің бәрін саттық. Тек рухани мәдениет... өтпейді ғой. Ол үшін шытжаңа менеджмент керек-тұғын. Оны тауарға айналдыру үшін қыруар қаржы қажет еді және «саудалауға» тұрарлық «мәдени тауар» болуға тиіс. Онысымен қоймай, бұл саладан қыруар пайда табам деу бос әурешілік. Алдағы уақытта да бұл жобаның қаржылай қайтымы болмасы бесенеден белгілі. Соңында не болды? Рухани дегрессияның кесірінен барымыз жаңармады, ескіміз тозды... Біздің мәдениеттің жаңа буын өкілдері «индустриалды дамудың» шаңында, ең жұпыны кейіпте, десе де өзінің бүгініне разы қалыпта өмір сүріп жатыр. Аракідік үн шығарғанымен, оларға «көпті көрген» және барлық алқау мен марапатты әр жылдық мереке сайын дәстүрлі түрде естуге, сыйын алуға құмар «аға буын» кешегі кеңестік инерцияның соңғы күшін пайдаланып, «тәйт» деп келеді. Аға буын үшін біздегі әдебиеттің өздері өмір сүрген заманмен қарайлас, тіпті одан да төмен деңгейде болғаны қолайлы. Олар қазақ әдебиеті тарихында және оқулықтарында өздерінің әдемі суреттері мен ұзаққа созылған өмірбаяны және шығармалары тұрғанын, өздері өмірден өтеріне сенсе де, өз шығармаларының осы мінберден түспейтіндігіне көздері жеткенін жан-тәнімен қалайды. Сондай-ақ, бүгінгі жастардан елді аузына қаратар хас суреткердің шықпайтынын іштей болжап, өздерінің ертеңім не болар деген күдіктерін сейілтуге тырсады. Суреткер шығу үшін де, «алдыңғы арбаның» жолы оңды болуы тиіс. Біздің жол – көне сүрдек. Сол сүрдектің өзін қазір шөп басты. Тыңнан салар сүрлеуді күткелі қашан? Біз осы рухани жаңғыру кезеңін ерте бастауға тиіс ек. Бәлкім, біз кешігіп қалған болармыз? Барлық салада модернизация жүрсе де, руханият, әсіресе, әдебиет майданында модернизация болған жоқ. Қазақ әдебиетінің қазіргі «әлаулайы» – өткен ғасырдың «жылымығынан» шыққан үннің шашыраңқы дауысы. «Тәуелсіз әдебиет» деген аты дардай дақпырттың ішіне енсеңіз – көбік сөз бен көлгір мақтаудан өзге ештеңе таппайсыз!.. Жастар әдебиетіндегі «жаңашылдық» формалық құбылту ғана, мазмұндық тұрғыдан «ескі шекпеннің» жаңасын қайта киюден ары аса алмай жүрміз. Ал осы кейпімізде «бәсекеге қабілетті» жарысқа қатыса аламыз ба?
Абай – біз үшін Абай
Нақтылы жағдайға тура қаралықшы, «Әлем таныған Абай», «Әлем таныған Әуезов» секілді пафосқа толы сөздерді айтқаннан ештеңе ұтқан жоқпыз. Абай – біз үшін Абай. «Абайды әлемге жақындатудан ештеңе таппауымыз мүмкін: Абайды аудару тұтас ұлттың шынайы болмысын аудару ғой. О заманда бұ заман бір ұлттың болмысын өзге ұлттың тіліне аудару мүмкін емес». Біз кейде өзімізді осылай жұбатқанды жақсы көреміз. Бұл да ақталудың орайлы сөзі. Бүгінгі тәсілмен Абайды барлық тілге аударсаңыз да, ұтпайсыз. Методика дұрыс емес. Неге дейсіз ғой? Біз Абайды есеп үшін, дұрысы, есеп беру үшін аударып жүрміз. «Қазақтың Абайын пәленше елдің түгенше аудармашысы тәржімалады» деген жалаң ақпар, болымсыз атақ үшін. Бәлкім, миллиондаған «қаржыны игеру» үшін. Әйтпесе, мейлі, ешкім оқымаса да, шетелдің белді кітапханаларында әр ұлттың тілінде Абай тұрса, оның артықтығы жоқ еді. Әрине, сапалы, түпкі мазмұнға барынша жақын аударма болса. Біздің министрлік өкілдері мен елшіліктер «Абай өлеңдері аударылды» деп қазақстандық қоғам қайраткерлері мен бірнеше жазушыны шақырып, тұсаукесер өткізеді. Болды! Өзіміз толық түсіндіріп бере алмаған Абайды өзгелер қалай дерлік түсініп, толық аудара алсын. Шалажансар, қарабайыр аударма шығады. Ол аударманы оқыған жан қазақ дейтін әлдебір көшпенді ұлтқа налыған, ақылгөйсіген дала шонжарының қолжазбасын бір шолып шыққандай күй кешеді. Одан гөрі әлемдік ірі «әдеби агенттіктер» арқылы Абайтанудағы ең толымды еңбектер мен абайтанушылар тұжырымын жинақтап, сараптамалық анықтамалық енгізе отырып, өлеңдері мен қарасөздерінің ішіндегі философиялық туындыларын жеріне жеткізе, түсінікті тілде аудара алсақ, бүгінгі Абай біздің ғана емес, әлемнің Абайы болар еді. Болмағанның өзінде, қазақ десе Абай есіне түсетін күнге жетер ек. Жоқ, біз өйткен жоқпыз. Біз Абайға көше алып бердік, ескерткіш тұрғыздық, саябақтардың атын бергіздік. Содан кейін Абай арқылы әлем қазақты танып жатыр деп мәре-сәре болыстық. Өзімізге жақсы. Мақтануға... Енді ойлай беріңіз, бір Абайды аударуды «25 жылдық үдемелі дамуымызда» оңдыра алмаған билік тұтас әдебиетіміздің жауһарларын сүзіп, іріктеп, оны өз деңгейінде аудара ала ма? Аударсын делік. Оны қалай, қайтіп дәріптемек? Елшіліктер арқылы жасалатын тұсаукесер... Керек те шығар, бірақ ақылға қонымсыз. Ол кітаптар елшілікке бас сұққан құрметті қонақтардың кәдесыйы болмау үшін таралым мәселесін ең алдымен ойластырған жөн-ақ. Мүмкін әлемдегі ең танымал авторларға арнайы жіберген жөн, әлде соларға қаламақы төлесек те, жеке авторларға алғысөз жаздырармыз... Бәрі ниетпен істелсе, амалын табуға болады.
Қалай болғанда да аударма керек
Сонымен, біз кімді, қалай және қайтіп аударамыз? «Мәдени мұра» деген аты дардай бағдарлама болғанын менен жақсы білесіздер. Сол бағдарлама арқылы біраз дүниенің басы қайырылды-дүр. Әлем әдебиетінен 100 томдық (сол 100 томдық толық шықпаған секілді, талай кітапханадан толық нұсқасын таба алмадым), философияның 20 томдығы, психологияның 10 томдығы, тағысын тағы... аударылды. Сонымен, бағдарлама өз нәтижесін беріп, аса бір салтанатты түрде жабылды. Айналдырған 10 жылдың ішінде бәрін бітірдік. Содан бері жоғары билікке «Мәдени мұрада» атқарылған шаруа туралы алқау мен мадақ айтылып келеді. Мәдениет бір күннің, бір жылдың емес, үнемі ұмыт қалдыруға тиіс емес сала екенін неге ұмыта береміз?.. 100 томдық демекші, соның дені ескі аудармалар, классикалық шығармалар және ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы авторлар. Бүгінгілер қайда? Қыруар ақша бөлінгені шын болса, неге осы күнгі авторларды аудармайды? Арысын айтпалық, жаңа ғасырда Нобель сыйлығын алған 16 автордан кімдерді аудардық? Биыл 2006 жылы Нобель сыйлығын исі түркі дүниесінен тұңғыш алған Орхан Памукты қазақша сөйлеткендей болдық (Аударма сапасы туралы сөз басқа). Ал Джон Кутзее, Эльфрида Элинек, Гарольд Пинтер, Варгас Льоса, Мо Ян, Патрик Модиано секілді жаңазамандық әлем әдебиетінде көш бастаған тұлғаларды неге аудармадық? Жылына Нобель сыйлығын алған бір авторды жекелеген баспалар аударып тұрса да болар еді. Бұл салада Қытайдағы ұйғырлар бізден көш ілгері. Олардың шетел әдебиетіне арналған бірнеше сайттары бар. Нобель сыйлығын алған қаламгерлердің шығармалары дерліктей өз тілдеріне қотарылған. Кітапханаларында Джойстың «Улиссінен» тартып, Пинтердің «Үйге оралуына» дейін сықап тұр. Кімге өкпелейміз?.. Мемлекеттен қыруар тендер алып отырған әдеби кітаптарды басатын баспалардың денін елімізге танымал (күні кеше Президентпен кезіккен Б. Нұржекеұлы ағамыз «Жалын» баспасының директоры) жазушылар басқарады. Сол кісілердің-ақ қолынан келер шаруа. Оларды аудармай, қазақ әдебиетінің көсегесі көгермесін қашан түсінеміз? Ниет жоқ. Міндетті түрде мемлекеттік бағдарлама болуы және қыруар ақша бөлінуі тиіс. Мұны айтудағы себебіміз, біздегі бағдарламалардың бәрі тапсырма орындау үшін жасалады. Соңында сиырқұймышақталып, жоқ болады. Президент айтқан тапсырманы ойдағыдай іске асыру үшін жақсылап ойланған дұрыс әрі шынайы жанашырлық керек.
Кімді аударған дұрыс?
Ең таласты дүние осы жерден басталады. Әуезов, Майлин, Аймауытов, Жұмабаев... Талассыз. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкейді қосармыз. Ең алдымен Асқар Сүлейменовты аударған дұрыс болар. Төлен Әбдік пен Дулат Исабековты, Бексұлтан Нұржекеұлы мен Смағұл Елубайды қалдырмаспыз. Тағы кімдер? Көп қой аударамыз десек. Ақындар. Оларды іріктеудің өзі қиямет... Көптігінде емес, сапалығында, ертең ұялмайтындай деңгейде аударылуында. Бұлардың бәрін емес, іріктеп 10 автор аударсақ қайтеді? 10 автордың 10 шығармасын... Келісе алмаймыз. Авторлардың биографиясы мен географиясына мән беру маңызды екенін осы шараны атқарушылар міндетті түрде ескереді. Жүйе солай. Одан бөлек, іздеушісі, сұраушысы барлар аударылады. Тобық Жармағамбетов, Ақан Нұрманов, Таласбек Әсемқұловтар бұл тізімге кірмеуі мүмкін. Кірмейді!.. Осы авторлар қазақ әдебиетін әлемге таныта ма? Өткенін, даму барысын, тақырыптық тұрғыдағы ізденісін, Орталық Азия көшпенділерінің болмысын, өмір сүру дағдысын тануына септесер-ақ, әйткенмен постмодернистік қоғамда өмір сүріп жатқан, көркем ойлау жүйесі мен әдебиеті өткен ғасырдың басында модернистік бағытқа ойысып, сол ғасыр ширегінен бастап постмодернистік ағымға дендей ауысқан, бүгіндері постмодернистік ағымның төртінші буынын шығарып үлгірген Батыс үшін таңсық болуы неғайбыл. Олар үшін емес, өзімізге есеп беру үшін аударсақ, онда сөз басқа... Қайткен күнде де осы жобаны ойдағыдай аяқтау үшін арнайы комиссия жұмыс істейді. Олардың жүгі ауыр. Қоғамдық талқылаусыз кешіп-пішіп, министрлік тарапынан шешіліп қойған болса ше? Оны да уақыт көрсетер. Әйтеуір, елді таңырқатпасақ та, елден ұялмайтындай дүние ұсынсақ жарады.
Жас әдебиетшілерді «эмиграцияға» жіберу керек
Күні ертең сауалнама жүргізер болсаңыз, міндетті түрде менің замандастарымның да осы батпанқұйрықтан дәмелі екенін білесіз. Олар өздерін тәуелсіз әдебиеттің өкілі ретінде көрсеткісі келеді. Демек, аударылуға құқы бар. Тағы да кімді? Мәдина, Есболат, Бауыржан, Қанат, Дархан, Ақберен, Ерлан, Ырысбек, Мақсат, Аягүл, Нұрлан, Ұларбек, Өміржан, Ықылас, Серік, Лира... санап тауысу қиын. Көппіз. Әуелі Маралтай Райымбек, Дидар Амантай, Жарас Сәрсек бастаған алдыңғы «алтынкөпірліктерден» аттап өте алмайсыз. Мүмкіндік болса, мемлекет қаржы бөлсе, кімді болса да аударғанның артықтығы жоқ шығар?.. Қалай ойлайсыз?.. (Меніңше, бұл буынға және менің замандастарыма әл-әзір армандауды қоя тұрып, өздері еңбектенгені абзалырақ... Мұның екі себебі бар. Олар жақсы түсінеді). Қазақ әдебиетін шынымен әлемдік деңгейде дәріптегіміз келсе, бүгінгі жас буынды, әлі университет бітірмеген немесе бітіргендеріне бірер жыл болған толқынды «эмиграцияға» жіберген дұрыс. Уланбаған. Уланса да, айығуға құмар жастарды. Олар өзгерісті қалайды. Өзгерткісі келеді. Біздегі «әдеби ортаның» лас ойындарына әлі араласпаған (әдеби орта бізде бар ма еді өзі?) жастарды шетел асыру керек. Олар – Еділбек, Ықылас, Әділет, Шалқар, Бауыржан, Аслан, Алмаз, Айбол, Санжар бастаған жас буын өкілдері. Кіл ақындар демеңіз. Осы жастардың ішінен күні ертең мықты жазушылар шығарына сенуге тиіспіз. Олардың «қуғындалатын жері» –ТМД аумағынан алыс, Америка, Еуропа, Қытай, Корея, Жапония секілді елдер болса деп армандаймын. Тіпті, сол жаққа сіңіп кетсін. Қажет болса, келмей-ақ қойса да болады. Шарт біреу – әлемдік әдебиет майданына ену! Әлемдік әдебиетте эмиграцияға ұшыраған жазушылардың үлес-салмағы едәуір. Нобель сыйлығын алғандардың үштен бірі өз туған жерінен, отанынан қоныс аударғандар. Мұның өзі жайдан-жай емес... Мысалы, жылына 5 жасты жіберелік, «Болашақпен» яки басқалай жолмен. Үзбей жіберіп отыралық. Олардың білім алуына, көркем шығарма тудыруына орайлы жағдай жасалсын. Кішкентай елдің үлкен жоспары болуы тиіс. Өздігінен суырылып шығатын миллиард емеспіз. Батыс қоғамы секілді мүмкіндік те жоқ. Сол үшін жастарға инвестиция құю керек. Бәрі емес, олардың арасынан біреуі алдағы 20-30 жылдың ішінде міндетті түрде әлемдік аренаға көтеріледі. Соның өзі жеткілікті. Бәсекеге іліге алмағандар кері оралсын. Әгарәки қазақтан бір қаламгер болашақта Нобель сыйлығын алар болса, онда кеткен қаржының өтеліп, мақсаттың орындалғаны. Тіпті, сол сыйлықты аламаса да, ұлттық потенциал артады. Шетелге өз мақсатымен кеткен қазақтардан қорықпауымыз керек. Өсер ұлт өз елінде емес, шетелде де ықпалын арттыруға ұмтылады. Ақыры, қазақ әдебиетіне жанымыз ашыса, онда осы бастан ертеңгі жоспарды құруға мүдделі болайық. Менің замандастарым секілді квартира мен айлықтың бір-біріне кері пропроционал қалпын оншақты жыл бойы көрмей, жас буын шетелге кетсе екен деймін. Олар әлемді танимыз деп емес, әлемге таныламыз деп серт берер еді... Руханият саласынан бүгінгінің бейбарыстары шығар күнді қазақ асыға күткелі қашан.
Дереккөзі: adebiportal.kz