"Тереңнен тартқан тектілік"

Қазақ ел басына қиын-қыстау күн туғанда етікпен су кешкен, халқының болашағы үшін басын қатерге тігіп, қасиетті кең байтақ даламызды қас дұшпаннан ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сақтап қалған батыр бабаларын, аузы дуалы билерін әрқашан қастерлеп, ардақтаған халық.

Кеше Қазақстан Жазушылар Одағының Әдебиетшілер үйінде ел ағаларының ақ батасымен тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартқан «Тереңнен тартқан тектілік» атты тың туынды да тарихтың терең қойнауынан мағыналы сыр тартып, қазақтай ұлы халықтың ерен ерлігі мен құрыштай берік бірлігін баяндайды. Кітаптың авторы – жазушы, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Доқтырхан Тұрлыбек.

 

Тарихи-танымдық дүниелерге қалам тербеп жүрген автор кезекті туындысын Абылай ханның дәуірінде айбынымен танылып, өз заманының қара қылды қақ жарған шешені, қазақ пен жоңғар арасындағы қанды қырғында ерлікпен елін жаудан қорғаған қазақтың Құдайберді биінің (1710-1791) туғанына 300 жыл толу құрметіне арнап отыр.

Он екі жылдық ізденіс пен ерен еңбектің нәтижесінде дүниеге келген кітапта жалпақ жұртымыздың ұлын құлға, қызын күңге айналдыру мақсатымен анталап келген мейірімсіз дұшпанның далақтаған екпінін басып, сағын сындырған, қандарын судай ішіп, тоз-тозын шығарған Есқожа, Қарасай, Таңатар, Наурызбай, Құдайберді, Саурық, Сұраншы, Сарыбай, Медетбек тәрізді билер мен батырлар туралы табылған тың деректер беріліп, даңқты бабаларымыздың кемеңгерлігі мен парасаттылығы, қаһармандығы мен қайсарлығы жан-жақты айтылады.

Қазақтың жақсылары жиналған кеште «Түркі әлемі» студиясы түсірген «Құдайберді би» деректі фильмінің тұсауы кесілді. Құнды деректер көзін ашып берген фильмді көпшілік жылы ықыласпен қабылдады.

Тұсаукесер кешін Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ғалым Жайлыбай өзінің жылы лебізімен ашты. Көпшіліктің қошеметінен кейін сахнаға Оңтүстік Қазақстан облысының ыстық сәлемін арқалап келген белгілі ғалым, зерттеуші Әсет Кембаев көтерілді. ҚР Мәдениет-ақпарат министрлігінің арнайы құттықтауын мәдениет қайраткері Ғабиден Есембет жеткізсе, қарағандылық ақын Қуаныш Мақсұтов Құдайберді баба мен күллі қазақ жұртына жүрекжарды жыр шумақтарын арнады.

Кеш соңында сахнаға көтерілген автор өзіне қолдау білдірген аға-бауырлары мен «Медетбек батыр»  қоғамдық қорына алғысын білдіріп, ерекше тебіреністе тұрғандығын жасырып қалмады. Доқтырхан Тұрлыбек  бір сөзінде: «Менің кітапты жазудағы мақсатым – қазақ жұртының бірлігін көрсету, ынтымақ пен татулықты өскелең ұрпаққа дарыту еді. Тарихымыздың ашылмай жатқан беттерінің зерттеп-зерделенуіне тамшыдай үлесімді қоссам, арманым жоқ», - деді.

Елім деп еңіреп өткен ерлердің бірі, әрі би, әрі батыр Құдайберді бабамыз: «Қазақтың басты басты байлығы – бірлігі» деген екен. Ендеше, бірлігіміз бітпесін, татулығымыз таусылмасын, ағайын!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева