Тапқыр жауап, тосын ой

Тапқыр жауап, тосын ой

Назарларыңызға әйгілі өнер майталмандарының тапқыр жауаптары мен тосын ойларын ұсынамыз:

***

Бірде Паганинге ағылшын королінен: «Мол төлеймін, менің сарайыма келіп өнер көрсетсін» деген шақыру қағазы келгенде:

- Мұншама шығынданып қайтеді? Король мырза онан да аз ғана тиын-тебенімен театрға келіп, менің концертімді көре салмай ма? – деген екен.

         ***

Югославияның атақты сықақшысы Ноутичтен біреу телеграфтың не екенін сұрапты, сонда ол:

- Бір алып мысықты көз алдыңызға елестетіңіз, оның құйрығы Загребте, ал басы Белградта жатыр екен деп ойлаңыз. Загребте жатқан құйрығынан тартқанда, Белградта жатқан басы мияулайды, телеграф дегеніміз осы, - депті.

***

Америкада «Чарли Чаплинге еліктеушілер» конкурсы жиі-жиі ұйымдастырылып тұрыпты. Бірде Голливудта өтетін конкурсқа аты-жөнін жасырып Чаплиннің өзі қатысыпты. Сөйтіп, бұған комиссия Чарли Чаплинге еліктегені үшін үшінші сыйлықты беріпті.

***

Белгілі киноактриса Грета Гарбо өзіне келген топ хаттың ішіндегі «Менің күйеуім ішкі жан дүниемді, рухымды түсінбей-ақ қойды. Сұрарым: Рухымды өзгертем бе, қалай?» деген сұраққа Грета Гарбо хаттың ішіне: «Рухты өзгертуге еш болмайды, ал күйеуді өзгерте салыңыз» деп жауап жазыпты.

***

Атақты қолбасшы Александр Суворов төңірегіндегілерге қитұрқы сұрақ қойып, оған естіген жаубынан ләззат алып отырады екен. Бірде қақаған аяз астында тұрған күзетшіден: «Аспанда қанша жұлдыз бар?» деп сұрағанда күзетші: «Қазір санап жіберейін» деп аспанға төңкеріле қарап: «Бір, екі, үш...» деп мыңдық санды айтып, одан әрі санауын жалғастыра бергенде, Суворов жаурағаннан шыдай алмай, оны тоқтатып, аты-жөнін жазып алып кетіп қалыпты да, ертесіне әлгі күзетшіні «Қулығы менікінен де асып кетті» деп кіші офицерлікке тағайындапты.

***

Бірде бір жас драматург Вольтерге келіп, өзінің пьесасын оқып беріп, пікір күткенде, ұлы драматург былай деген екен:

- Еее, иә... мұндай дүниені қартайып, атақ-дәрежелі болғанда жазсаң да жөн, ал қазір мықты дүние жазғаның мақұл.

***

Бернерд Шоу бірде бір шамадан тыс семірген, семіргені сонша – бұқа мойнын әзер бұрып, кілгіп отырған дәумен тілдесіп қалады. Үзіп алар артық еті жоқ Шоуды қағытпақ болып анау:

- Сізге қарап бүкіл Англия ашаршылық жариялаған екен-ау деп ойлауға әбден болады, - дегенде, Бернард:

- Сізге қарап сол кесапаттың бірден-бір иесі сіз деп айтуға әбден болады екен, - депті.

***

Композитор Мейербердің жиені нағашысының қазасына арнап шығарған туындысын ойнап беру үшін Россиниге келеді.

- Тамаша екен, - депті, - әйткенмен, сіз өліп, қаралы маршты нағашыңыз жазғанда тіпті қатып кетер еді...

***

Трагик Девриен король III Ричардтың рөлін ойнайды. Соғыс аяқталғаннан кейінгі көріністе сахнаға шығып: «Атты әкеліңдер! Атты әкеліңдер!» деп үзіп-жарып әмір беріп тұрғанда сахнаға жақын балконнан:

- Есек жарай ма? – дейді біреу. Тапқыр Девриэн әлгіге қарап жымиып:

- Әрине, келіңіз мұнда, мырза, - депті.

***

Тристан Бернард мейрамханада тамақтанып отырып онда ойнап тұрған даңғаза оркестрдің ойынына жыны келіп даяшыға:

- Сіздің оркестрлеріңіз менің бір өтінішімді ойнай ала ма екен? – дейді.

- Әлбетте! Нені ойнасын?

- Мен тамақтанып болғанша бүкіл оркестр мүшелері карта ойынын ойнай тұрсыншы, - деген екен Бернард.

 Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: afisha.vb.kg

Ш. Талап